Accessibility links

Семейде оппозиция митингі өтеді деген күні бірнеше белсенді ұсталды


Семейлік белсенді Фарит Ишмұхаметов.
Семейлік белсенді Фарит Ишмұхаметов.

6 шілдеде Қазақстанда оппозициялық күштердің митингі өтеді деген күні Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында бірнеше белсенді ұсталды.

Семейлік белсенді Фарит Ишмұхаметовтің айтуынша, 6 шілдеде ол "Хэллоуинді тойлау үшін" алаңға бара жатқан кезде полиция ұстаған.

— Олар мені көлікке күштеп отырғызды: қолымнан тартып, сүйреді. Жала жабу бабы бойынша істе куәгер екенімді айтты. Олардан қылмыстық істің нөмірін сұрап едім, айта алмады. Бұл ойдан құрастырылған жағдай, жалған нәрсе. Телефонымды тартып алуға тырысты, бермей қойдым. Жағамнан ұстап сүйреді, ал өздерінде "өзім келді" деп жазып қойған. Учаскеде оларға кедейлікте өмір сүріп жатқанымызды айтып, нотация оқи бастап едім – олар "бізге сондай бұйрық түсті" деді. Сағат 4-тен бастап 8-ге дейін ұстады, — деді Фарит Ишмұхаметов.

Ишмұхаметов бірінші рет ұсталып отырған жоқ. Оның айтуынша, 6 шілдеде өзінен бөлек, қаланың түрлі бөлігінде кемінде екі белсенді ұсталған. Осы күні белсенділер Айгүл Есенова мен Раугүл Садырбаеваның ұсталғаны хабарланған еді.

Семей полициясы әзірге түсініктеме бермеді.

Митинг болатын күні белсенділерді алдын ала ұстау Қазақстанда жиі қолданылатын практика. Әдетте митингіге шығып жүргендер түрлі сылтаумен полиция бөлімшесіне жеткізіледі, бірнеше сағаттан соң босатылады. Билік митингіге бірнеше күн қалғанда белсенділерді ұстап та қамайды. Қазақстандық құқық қорғаушылардың мәліметінше, маусым айының соңынан бері Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал, Шымкентте ондаған адам әкімшілік қамауға алынған, кемінде бір адамға айыппұл салынған.

Шетелде тұратын оппозиционер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов 6 шілде – Астана күні әрі елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні жұртты митингіге шығуға шақырған.

6 шілдеде Орал қаласында митинг өткен. Мұнда алаңға шамамен жүз шақты адам жиналды. Қалған қалаларда қауіпсіздік шаралары күшейіп, наразылық өтпеген. Алматы мен Ақтөбеде ұстаулар болған.

Қазақстан соты Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" дейді.

Әблязов ҚДТ-ны "экстремистік" деп таныған сот шешімінің "саяси астары бар" деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG