7 шілдеде Нұр-Сұлтан соты азаматтық белсенді Айнұр Мырзалиеваның бостандығын шектеп, қоғамдық саяси қызметпен айналысуына, әлеуметтік желілердегі белсенділігіне тиым салды.
Үкімді Нұр-Сұлтан қаласы №2 аудандық сотының судья Болат Пазылов оқыды. Сот үкіміне сай, Айнұр Мырзалиеваның бас бостандығы үш жылға шектеліп, бес жылға дейін қоғамдық саяси жұмыстармен айналысуға, желіде белсенділік танытып, пост жазуға тиым салынған. Бұған қоса ол жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылып, зардап шеккендер қорына 55 560 теңге айыппұл төлеуге міндетті. Сонымен қатар ол үш жыл бойына пробациялық бақылауда болады.
– Осыған дейін қылмыстық іс бойынша сотталмағаныңыз үшін сізге үш жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды. Сіз зардап шеккендер қорына 55 560 теңге аударуға тиістісіз. Сіз «мен митингке баруды жалғастыра беремін» дедіңіз сөзіңізде. Сот үкімі заңды күшіне енген соң орындауға міндеттісіз. Мен сізді қорқытып отырғаным жоқ, бірақ түсіндіремін: егер сот үкімін орындаудан бас тартсаңыз, пробациялық бақылау шара қолданатын болады, – деді судья Пазылов.
Айнұр Мырзалиева сотта айыбын мойындамайтынын айтты.
– Мен ешкімге ештеңе де міндетті емеспін. Ештеме ешкімге төлемеймін және сот үкімін мойындамаймын, сол себепті митингке қалай шықтым солай шыға бермін, пікірімді жазамын. Маған экстремист екенімді ешкім дәлелдеген жоқ. Үкіміңізді дәретхана қағазына айналдыра салсаңыз болады, – деді ол сотта.
Белсенді былтыр қылмыстық кодекстің 405-бабы ("Сотпен тыйым салынған экстремистік ұйымның қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу") бойынша қамауға алынған.
Осыған дейін Айнұр Мырзалиеваға белсенділігі үшін бірнеше мәрте айыппұл салынған. Былтыр тамызда оны Қостанай–Алматы бағытындағы жолаушылар пойызынан Алматыға кетіп бара жатқан жерінен балаларымен түсіріп те алған.
21 маусым күні "экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастырды" деп айыпталған азаматтық белсенді Асқар Қайырбекті бір жарым жылға бас бостандығынан айырды. Қазір белсенділер Ербол Есхожин, Әлия Жакупова, Әсел Оңланбекқызы, Серік Жахин, Алтын Лесбаеваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр.
3 маусым күні азаматтық белсенді Айдар Сыздықовқа Мырзалиеванікіне ұқсас үкім кесілген. Ол да "экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастырды, қатысты" деп айыпталған. Сот оның да бостандығын үш жылға шектеп, бес жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға, әлеуметтік желіде пост жазуға тыйым салған.
13 мамыр күні белсенді Айбек Сәбитов те осы бап бойынша айыпты деп танылып, бас бостандығы бір жыл он айға шектелді. Оған да қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салды.
Қазақстан билігі бұл белсенділері негізінен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясы" қозғалыстарының жұмысына қатысты деп айыптайды. Сот бұл екі ұйымды экстремистік деп танып (ҚДТ 2018 жылы, «Көше партиясы» 2020 жылы), қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент өз қарарында оларды бейбіт ұйым деп атаған.
Қазақстандық кейбір құқық қорғаушылар кейінгі жылдары осы екі ұйымға қатысы бар деп саналған 300-ге тарта адамның сотталғанын айтады.
Қазақстанда «экстремистік ұйым жұмысына қатысу» бабымен қудаланғандар туралы халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы да атап өтті.
7 шілде күнгі мәлімдемесінде HRW ұйымы "Қазақстан билігі "тыйым салынған экстремистік ұйымның ісіне араласты" деген айыппен кемінде 135 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартып, қудалады" деп көрсеткен.
ПІКІРЛЕР