Accessibility links

Германияда шешендер Қазақстан елшілігінде пикет өткізіп, қамаудағы жақындарын "азаптамауды" талап етті


Германияда шешендер Қазақстан елшілігінде пикет өткізіп тұр. Берлин, 6 шілде 2021 жыл.
Германияда шешендер Қазақстан елшілігінде пикет өткізіп тұр. Берлин, 6 шілде 2021 жыл.

6 шілдеде Берлинде Қазақстан елшілігі алдында бір топ адам пикет өткізіп, Қазақстанда қамауда отырған ұлты шешен Расул Жамалдиев пен тағы бірнеше ингушетиялықты босатуды талап етті. Бұл туралы Азаттықтың Кавказ.Реалии жобасының тілшісі хабарлады.

Пикетке қатысқандар арасында Қазақстан азаматы 51 жастағы Расул Жамалдиевтің туыстары да болды. Бұған дейін ұлты шешен Жамалдиевтің әйелі және Қазақстанның арнайы қызметіндегі дереккөздер Кавказ.Реалии сайтына "Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамалиевті изоляторда азаптағанын" айтқан.

Елшілік алдына жиналғанда қолдарына Жамалдиев және Қазақстанда ұсталған басқа да адамдардың аты-жөндері жазылған плакат пен фотоларын ұстап тұрды. Олар Қазақстан билігінен Шешенстан мен Ингушетия тумаларын қинамауды талап етті.

"Оларға адам төзгісіз азаптау жасап жатқанына, адам құқығын бұзғанына назар аудару үшін акцияға шықтық" деді пикет ұйымдастырушы және "Неміс-кавказ қауымдастығының" жетекшісі Экехард Маас.

Маас Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, Жамалдиев пен басқа да ұсталғандардың жағдайын бақылауға алуын сұраған.

"Адам қандай қылмыс жасаса да, оларды азаптау ортағасырлық варварлық әрекетпен тең. Бұл елдің арнайы қызметінің беделіне кір келтіреді" деп жазылған хатта.

Пикетке қатысушылар хатты Берлиндегі Қазақстан елшілігіне тапсырмақ болған, бірақ елшіліктен ешкім шықпады.

  • Бұған дейін Кавказ.Реалии ҰҚК Алматы департаментінің қызметкерлері Шешенстанның алты тумасы мен Ингушетияның екі тумасын ұстағанын хабарлаған. Қамаудағылардың туыстарының сөзінше, оларды қинап, жасамаған қылмысты мойындарына ілмек. Жамалдиевтің әйелі Наталья Вытнова күйеуімен кездескенде денесінде азаптау іздерін көргенін мәлімдеген. Жамалдиевтің ұсталғанын Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның заңгері Анна Смирнова да айтқан.
  • Кавказ.Реалии тілшілері ҰҚК баспасөз қызметімен хабарласқанда ондағылар ресми хат жіберуді сұраған еді. Редакция ҰҚК-ға 1 шілдеде ресми сауал жолдағанымен, әзірге жауап келген жоқ.
  • Бір-бірінен тәуелсіз екі дереккөз Кавказ.Реалии тілшілеріне Жамалдиевті азаптау шағымынан соң Қазақстанда "Азаптау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтқан.
  • Кавказ.Реалии ҰҚК қызметкерлерінің Шешенстан мен Ингушетия тумаларын азаптағаны жайлы ақпарат жариялаған соң бұл сайт Қазақстанда дұрыс ашылмай қалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG