Accessibility links

Астанада түркістандық бұрынғы шахтер өндірістік жарақаты үшін 47 млн теңге өтемақы талап етті


Бас прокуратура алдында пикет жасап тұрған Кентау тұрғыны Дастан Орынбасаров. Нұр-Сұлтан, 8 шілде 2021 жыл.
Бас прокуратура алдында пикет жасап тұрған Кентау тұрғыны Дастан Орынбасаров. Нұр-Сұлтан, 8 шілде 2021 жыл.

8 шілдеде Нұр-Сұлтанда бас прокуратура алдында Кентау қаласының тұрғыны Дастан Орынбасаров жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол прокуратурадан өзінің 14 жыл бұрын алған өндірістік жарақатына байланысты шыққан сот ұйғарымының орындалуына ықпал етуін талап етті. Сот шешімі орындалса, ол мемлекеттен 47 миллион теңге өндіріп алуы тиіс.

Дастан Орынбасаровтың қолында "Конституция кепілі Қасым-Жомарт Тоқаевтан мүгедек жан көмек сұрайды" деген жазуы бар плакат болды. Ол бүгін, 8 шілдеде төрт баласы және әйелімен бірге Түркістаннан ұшып келгенін айтты.

Ақпаратқа қарағанда, 47 жастағы Дастан Орынбасаров 2007 жылы "Кен-қазба құрылыс және өндіру" компаниясында шахтер болып жұмыс істеп жүрген кезде үстіне ауыр тас құлап, кеуде омыртқасы үзілген. Соның салдарынан арбаға таңылып, мүгедекке айналған. Өзінің айтуынша, бір жыл комада жатып, 2008 жылдан бастап өзіне тиесілі өтемақыны сұрап, соттарға арыздана бастаған.

Бас прокуратура алдында пикет жасап тұрған Кентау тұрғыны Дастан Орынбасаровпен прокуратура өкілі сөйлесіп тұр. Нұр-Сұлтан, 8 шілде 2021 жыл.
Бас прокуратура алдында пикет жасап тұрған Кентау тұрғыны Дастан Орынбасаровпен прокуратура өкілі сөйлесіп тұр. Нұр-Сұлтан, 8 шілде 2021 жыл.

"Кен-қазба құрылыс және өндіру" ЖШС – мырыш өндіретін Жәйрем полиметалл кен орны комбинатының мердігері. Бұл мекеме Қазақстанның екі қаласында - Түркістан облысындағы Кентауда және Павлодар қаласында тіркелген.

2009 жылы шыққан Кентау қалалық сотының қаулысына сәйкес, жұмыс беруші Орынбасаровқа ауырған уақыттан бері жоғалтқан орташа еңбекақысы мен зейнетақысы үшін – 900 мың теңгеден астам, ай сайын 68 мың теңге өтемақы төлеуі тиіс болған. Бұған қоса, моральдық өтемақы ретінде 100 мың теңге төлеуі тиіс. Алайда жұмыс беруші "бұл шешімді орындамады не апелляцияға бермеді" дейді ол.

Орынбасаровтың сөзіне қарағанда, ол компания орналасқан аймақ – Павлодардағы ауданаралық экономикалық сотқа да шағымданған. Сотта "Кен-қазба құрылыс және өндіру" компаниясының банкроттығы анықталып, Орынбасаровқа мемлекеттен 47 миллион теңге өндіріп беру туралы сот қаулысы шыққан. Алайда кейін 2020 жылы Нұр-Сұлтан соты жұмыс берушіні банкрот деп тану туралы Павлодар сотының шешімін кері қайтарып, Орынбасаровтың арызын қанағаттандырмау туралы шешім шығарған.

- Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, мен әділдік іздеймін. Бүгін бас прокуратураға келдім, осы жерде қонамын, үйге кетпеймін. Бүкіл ақшама – 32 мыңға төрт баламмен бірге билет алып келіп отырмын. Біздің мемлекетте Страсбург сотымен келісім жоқ екен, келісімге Ресей отырған екен. Егер де менің мүмкіндігім болса, Страсбургтегі сотқа берсем, 500%-ға жеңіп шығатын едім, - дейді ол.

Бейсенбі күні Дастан Орынбасаровпен прокуратура қызметкерлері кездесті.

Бас прокуратураның 3-қызмет басқармасы бастығы Асыл Бейсенбаевтың айтуынша, Дастан Орынбасаровтың шағымдары бас прокуратураға келіп түскен. Бірақ істі толық алдыртып, қарау үшін кем дегенде бір апта уақыт қажет.

Ал Дастан Орынбасаров талаптары орындалмайынша, бас прокуратура алдынан кетпейтінін айтты. "Талабым орындалмай кетпеймін, қанша күту керек болса сонша күтемін, осында отбасымен бірге қонамын" деді ол.

Қазақстанда кейінгі кездері сот шешімімен келіспейтіндердің наразылығы жиілеген. Олардың кейбірі – Жоғарғы сотта, енді бірі "Нұр Отан" партиясы ғимаратына түнеп, талаптарына назар аудартуға тырысқанымен әзірге нәтижесі көрінбейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG