Accessibility links

Тоқаев Pfizer екпесін елге әкелу жоспары неліктен іске аспағанын ашып айтпады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ-тың Pfizer компаниясы Германияның BioNTech биотехнология компаниясымен бірлесіп, коронавирусқа қарсы жасап шығарған вакцинаның екі миллион дозасы Қазақстанға мамыр айында жеткізілуі тиіс еді, бірақ "олай болмады". Бұл туралы 10 шілде күні үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Алайда ол вакцинаның елге жеткізілмеуіне не себеп болғаны я кім кінәлі екенін ашып айтпады.

"Компания Қазақстанға деп бөлген Pfizer вакцинасын жеткізу орындалмады. Келісім бойынша, Pfizer мамыр айында Қазақстанға екі миллион дозаны беруді жоспарлағанын айта аламын. Үкімет бұл жоспардың іске аспай қалуын Pfizer қойған бірқатар талаппен байланыстырады. Бірақ осы вакцинаны сатып алып жатқан барлық елдерге де сол талаптар қойылған. Жақында жаңа ұсыныс түсті, онда барлық іс-қимыл алгоритмі бар. Президент тиісті жарлық қабылдауы керек дейді. Егер қажет болса мен олай істеуге дайынмын. Президент әкімшілігі мен үкіметке мән-жайды анықтап, біздің нарығымызға қажет осы препараттың жеткізілуіне кесір тигізген лауазым иелеріне шара қолдануды тапсырамын" деді сенбі күні үкімет отырысында Тоқаев.

Маусым айында журналистер Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдан елге Pfizer вакцинасы келе ме деп сұраған еді. Министр бірнеше айдан бері келіссөз жүріп жатқанын, бірақ әзірше вакцина бағасы мен нақты уақыты белгісіз екенін айтқан.

Сенбі күні өткен үкімет отырысында Тоқаев шенеуніктер "өз ұсыныстарын диверсификациялағаны жөн" деп айтты. "Кей азаматтар нақ осы вакцинаны [Pfizer] алғысы келеді, сондықтан оларға мүмкіндік беріңіздер. Бұл мәселені тез арада шешіп, Pfizer вакцинасына қазақстандықтардың қолы жететіндей жағдай жасау керек" деді Тоқаев.

Қазір Қазақстанда коронавирусқа қарсы қолданатын төрт түрлі вакцина бар: Қарағанды қаласында шығарылатын ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, Қытайдың Sinopharm компаниясының HayatVax екпесі (БАӘ елінде дайындалған) және Қытайдың Sinovac Biotech компаниясы жасап шығарған Coronavac вакцинасы. Оның екеуі – Sinopharm мен Sinovac Biotech екпелерін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мақұлдаған. Қазақстанда жұрт негізінен "Спутник V" мен QazVac салғызады.

Pfizer/BionTech — ДДСҰ пайдалануға рұқсат еткен вакциналардың бірі. ДДСҰ мақұлдаған препараттар тізімінде Pfizer/BionTech, Sinopharm және Sinovac Biotech екпелерімен бірге Moderna, Johnson & Johnson және AstraZeneca компаниясының Оксфорд университеті мен Оңтүстік Кореямен бірлесіп жасаған екі вакцинасы бар.

Қазақстанда халыққа жаппай вакцина салу биыл ақпанда басталған. Маусымның аяғына қарай билік жұмыс істейтін азаматтарға іс жүзінде вакцина алуды міндеттейтін ереже қабылдады. 10 шілдедегі ресми дерек бойынша, елде 4,2 миллионнан астам адам коронавирусқа қарсы екпенің бір дозасын; 2,38 миллиондай адам екі дозасын да алған. Осы науқан кезінде азаматтарға "вакцина алғаны" жөнінде жалған құжат сатушылар мен биліктің осындай іс-әрекетке қатысы бар деген күдікпен медицина қызметкерлеріне қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғағаны туралы ақпарат тарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG