Accessibility links

Reuters: АҚШ Гаити үкіметінің әскер кіргізу жайлы өтінішін орындаудан бас тартты


Гаити президентін өлтіруге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұсталған екі адамды қарулы полиция көлікке салып, вокзалға әкетіп барады. Порт-о-Пренсе, 8 шілде 2021 жыл.
Гаити президентін өлтіруге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұсталған екі адамды қарулы полиция көлікке салып, вокзалға әкетіп барады. Порт-о-Пренсе, 8 шілде 2021 жыл.

АҚШ Гаити үкіметінің осы елге әскер кіргізу туралы өтінішін орындаудан бас тартты. Бұл туралы АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігіндегі аты-жөні аталмаған жоғары лауазымды шенеуніктің сөзіне сүйеніп Reuters агенттігі хабарлады. 9 шілдеде Гаити үкіметі елде президент және парламент сайлауы алдында тәртіпті қамтамасыз етуге Вашигтоннан көмек сұраған.

7 шілдеде Порт-о-Пренстегі резиденциясында Гаити президенті Жовенель Моизды белгісіз біреулер атып өлтіріп кетті. Қылмыс әлі ашылған жоқ. Полиция 17 күдіктіні қолға түсіріп, тағы үшеуінің көзін жойғанын хабарлады.

Президенттің қазасынан кейін ел астанасында тәртіпсіздік басталды. Үкімет 15 күндік төтенше жағдай енгізілетінін жариялады.

Сайлау ісі жөніндегі министр Матиас Пьер жұма күні АҚШ-тан әскери көмек сұрады. CNN телеарнасына берген сұхбатында шенеунік Гаити АҚШ-тан шамамен 500 сарбаз жіберуін сұрап отырғанын айтқан. Бұған қоса Гаити үкіметі БҰҰ-нан көмекке әскер сұраған. Ұйым өкілі Хосе Луис Диаз Reuters агенттігіне Гаити билігінен өтініш түскенін растаған. Бірақ ондай шешім қабылдауға Қауіпсіздік кеңесінің келісімі керек деген ол.

Биыл 26 қыркүйекте Гаитиде президент және парламент сайлауын өткізу деп жоспарланған деп мәлімдеді Матиас Пьер. Елде билік дағдарысы болып жатқан тұста президент кісі қолынан мерт болды. Жовенель Моиз қаза тапқаннан кейін Гаитиде бұған дейін сайлауда көпшіліктің қолдауына ие болған он саясаткер ғана қалды. Барлығы да сенат мүшесі. Президент Моиз биыл жазда референдум өткізіп, өзге мәселелермен бірге сенатты қысқарту мәселесін де дауысқа салуды жоспарлап жүрген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG