Accessibility links

Сребреница қырғынына 26 жыл. Босния қаза болғандарды еске алды


Сребреница қырғыны кезінде қаза тапқан 19 адамның мәйіті оқиға құрбандарына арналған зиратқа жерленді. 11 шілде 2021 жыл.

Жексенбі, 11 шілде күні Боснияда мыңдаған адам 1995 жылғы Сребреница қырғынын еске алып, жаңа анықталған 19 құрбанның мәйітін жерледі. Қанды қырғын геноцид деп танылған және Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін осы мәртебені алған жалғыз оқиға саналады.

Сегіз мыңнан астам босниялық мұсылманның (негізінен ерлер мен ұлдар) өлтірілуін Босния түрлі рәсіммен атап өтіп жатыр. Соның бірі бауырлар моласынан табылған құрбандардың мәйітін қайта жерлеу. Олардың аты-жөні ДНҚ сараптамасы арқылы анықталған.

Қырғынға 26 жыл толғанда 16 еркек, 2 жасөспірім және бір әйелдің мәйіті оқиға құрбандарына арналған зиратқа жерленбек. Бұл зиратта осы қырғында қаза тапқан 6,6 мың адам жерленген.

Жаңа анықталған құрбандар жыл сайын 11 шілде күні салтанатпен жерленеді. Геноцид оқиғасы 1995 жылы осы күні болған.

"Ұйқымнан тұрып, кофемді ішкен соң, күйеуім мен оның бауырының зиратына барып, дұға оқимын" дейді қырғын кезінде 20 туысынан (бәрі ер адам) айырылған, көбінің қайда қалғанын білмейтін Кадефа Ризванович.

"Әкемнің де, шешемнің де бауыры осы жерде жатыр. Солардың, Сребреница қырғыны құрбандарының барлығының рухына дұға бағыштадым" деді ол.

1995 жылы 11 шілдеде мұсылмандар тұратын Сребреница анклавы босниялық сербтердің қолына өтіп, босниялық серб әскері елден қашпақ болған мұсылмандарды қырып салған. Құрбандардың мәйіті алдымен бауырластар моласына жерленген. Бірақ кейін оларды бульдозермен қазып алып, түрлі зираттарға үлестірген. Мұны қылмыс айғағын жою үшін істеген.

1990-жылдардың басында Югославия ыдырап, сербтер, хорваттар және босниялықтар арасында ұзаққа созылған жанжал пайда болды. Сребренице геноциді осы бір соғыстың шарықтау шегіндей болды. Бұл соғыста 1995 жылғы бітімге дейін барлығы 100 мыңнан астам адам опат болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG