Accessibility links

БҰҰ соты "Босния қасапшысы" Ратко Младичтің шағымын қанағаттандырмады

Босния сербтері армиясының бұрынғы қолбасшысы Ратко Младич сот залында. Гаага, 8 маусым 2021 жыл.
Босния сербтері армиясының бұрынғы қолбасшысы Ратко Младич сот залында. Гаага, 8 маусым 2021 жыл.

Бұрынғы Югославия жөніндегі Халықаралық трибуналдың мирасқоры – Гаагадағы БҰҰ соты Босния сербтері армиясының бұрынғы қолбасшысы генерал Ратко Младичтің өзіне шығарылған үкімге берген шағымын қанағаттандырмады. Младич соғыс кезінде жасалған геноцид, адамзатқа қарсы және соғыс қылмыстарына айыпты деп танылып, халықаралық сот үкімімен өмір бойына түрмеге қамалған.

Гаагадағы БҰҰ соты 8 маусымдағы отырысында 79 жастағы Ратко Младичтің шағымы бойынша өткен тыңдаудың ұйғарымын жариялады. Шағым иесі өзін Боснияда 1992-1995 жылдары болған соғыс кезінде жасалған геноцидке, әскери қылмыстарға әрі адамзатқа қарсы қылмыстарға айыпты деп таныған Халықаралық соттың үкіміне қарсылық білдірген болатын. Өзін кінәсізбін деп санайтын Младичтің шағымы бойынша тыңдау 2020 жылғы 25 тамызда басталған еді.

"БОСНИЯ ҚАСАПШЫСЫ"

Ратко Младич мыңдаған босниялық ер азамат пен ұл балаларды жаппай қырып-жоюды ұйымдастырғаны үшін айыпты деп танылып, БҰҰ сотының 2017 жылғы 22 қарашадағы үкімі бойынша өмір бойына түрмеге қамалған.

1995 жылы 11 шілдеде мұсылман қауымы мекендейтін Сребреницадағы мұсылман анклавы босниялық сербтер қолына өткен соң, Младичтің қол астына қарайтын қарулы жасақ 8 мыңға жуық босниялық мұсылманды қырып салды.

"Босния қасапшысы" деген лақап атқа ие болған Ратко Младичті айыптау үкімінде, сонымен қатар, Сараевоны қоршаудың мыңдаған құрбаны туралы, тұтқын лагерьлерінде қамауда болған адамдарды қорлау, босниялық ауылдардағы хорваттар мен мұсылмандарға жасалған террор, БҰҰ-ның бітімгер жауынгерлерін кепілге алу жөнінде де сөз болған.

Босния мен Герцеговинадағы азамат соғысы 1995 жылы аяқталғаннан кейін, Ратко Младич ұзақ уақыт бойы тығылып жүріп, ақыры 2011 жылғы мамырда Сербияда қолға түсіп, кейін Гаагадағы халықаралық сотқа тапсырылған.

Бұрынғы Югославия жөніндегі БҰҰ Халықаралық трибуналы ұзын саны 161 адамға айыптау үкімін шығарған. Трибунал ордері бойынша ең соңғы қамауға алынған адам – Горан Хаджич, ол 2011 жылы 20 шілдеде тұтқындалған. Халықаралық трибунал жауапқа тартқандардың ішіндегі ең жоғары шенді лауазымды тұлғалар – бұрынғы Югославияның экс-президенті Слободан Милошевич пен Босния және Герцеговинадағы Серб республикасының бұрынғы президенті Радован Караджич.

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Халықаралық қауымдастық пен Босния мұсылмандары сот үкімін Халықаралық әділет салтанаты деп бағалап отыр.

"Тарихи маңызға ие бұл шешім сұмдық жауыздықпен қылмыс жасаушылардың жауапқа тартылатынын көрсетеді. Бұл, сонымен қатар, болашақта әлемнің кез келген бөлігінде мұндай тағылыққа жол бермеу жөніндегі біздің ортақ берік шешімталдығымызды нығайта түседі" деді АҚШ президенті Джо Байден.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш сот төрешілері мен сотты жүргізуге атсалысқан өзге де адамдарға табанды еңбегі үшін алғыс айтты.

Еуропа кеңесінің президенті Шарль Мишель де халықаралық сот үкімнің құрбандар үшін әділетті қамтамасыз етуге бағытталған тағы да бір маңызды қадам екенін айтты.

Еуропа одағының сыртқы істер жөніндегі басшысы Жозеп Боррель шешімді Босния және Герцеговина мен аймақ жетекшілері үшін соғыс мұрасын артқа тастап, тұрақты бейбітшілік орнатуға жағдай туғызар өзара ымыраға келуге қолдау көрсетуге арналған игі мүмкіндік деп бағалады.

"Босния мен Герцеговинадағы әрі көршілес елдердегі жергілікті және халықаралық соттар соғыс қылмыстары, адамзатқа қарсы жасалған қылмыстар әрі геноцид құрбандары мен олардың отбасылары үшін әділетті қамтамасыз етуге бағытталған өз қызметін әрмен қарай жалғастыруы тиіс. Істелінген қылмыс жазасыз қалмауы керек" деді Боррель.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөнінен жетекшісі Мишель Башелет те, әрі Босния сыртқы істер министрі Бисера Туркович те үкімге ризашылығын білдірді.

Ал Босния сербтерінің ұлтшыл жетекшісі Милорад Додик аталған үкімді "жергілікті ұлттар арасындағы өзара сенімсіздікті одан әрмен күшейтеді" деп сынаса, "Серб республикасы" (Republika Srpska) деп аталатын бірлестік президенті Желька Цвиянович үкімді шығарған Халықаралық трибуналды "Гаага инквизициясы" деп атаған.

Босния соғысының Дейтон бітімі

6 маусым 1992 жыл. Босния астанасы Сараево қаласын бомбалаған кезде жертөледе жасырынып отырған отбасы. Мұндағы ұрыстар БҰҰ бітімгершілігі нәтижесінде жасалған әуежайды ашу және серб жасақтарын қаладан шығару жөніндегі келісімге қарамастан жалғасып жатты.  
1/15 6 маусым 1992 жыл. Босния астанасы Сараево қаласын бомбалаған кезде жертөледе жасырынып отырған отбасы. Мұндағы ұрыстар БҰҰ бітімгершілігі нәтижесінде жасалған әуежайды ашу және серб жасақтарын қаладан шығару жөніндегі келісімге қарамастан жалғасып жатты.  
8 маусым 1992 жыл. Сараево орталығындағы "Мергендер аллеясындағы" "егіз" ғимараттар жанып жатыр. Серб-босния комедиялық дуэтінің құрметіне Momo мен Uzeir атанып кеткен ғимараттар қатты бүлінгенімен, құлаған жоқ.  
2/15 8 маусым 1992 жыл. Сараево орталығындағы "Мергендер аллеясындағы" "егіз" ғимараттар жанып жатыр. Серб-босния комедиялық дуэтінің құрметіне Momo мен Uzeir атанып кеткен ғимараттар қатты бүлінгенімен, құлаған жоқ.  
"Олимпиялық ауылдағы" мергендер оғына ұшпауға тырысқан әкесі мен баласы көпірде жүгіріп келеді. 4 қаңтар 1993 жыл. 
3/15 "Олимпиялық ауылдағы" мергендер оғына ұшпауға тырысқан әкесі мен баласы көпірде жүгіріп келеді. 4 қаңтар 1993 жыл. 
Босниялық сербтер командирі Ратко Младич пен олардың лидері Радован Караджич 1993 жылы 5 тамызда Паледе өткен кездесуде отыр. 
4/15 Босниялық сербтер командирі Ратко Младич пен олардың лидері Радован Караджич 1993 жылы 5 тамызда Паледе өткен кездесуде отыр. 
Босния сербтері 1993 жылы 31 наурызда қоршап алған Сребреница қаласынан БҰҰ әскерилері  босниялық мұсылмандарды эвакуациялап жатыр. Осы қалада төрт айдан соң сегіз мыңнан астам мұсылман қаза тапты. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі жаппай қыру оқиғасы болды.  
5/15 Босния сербтері 1993 жылы 31 наурызда қоршап алған Сребреница қаласынан БҰҰ әскерилері  босниялық мұсылмандарды эвакуациялап жатыр. Осы қалада төрт айдан соң сегіз мыңнан астам мұсылман қаза тапты. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі жаппай қыру оқиғасы болды.  
Нидерландтың бітімгер жауынгерлері босниялық мұсылмандар жасақтарымен сөйлесіп тұр. 1 наурыз 1994 жыл. 
6/15 Нидерландтың бітімгер жауынгерлері босниялық мұсылмандар жасақтарымен сөйлесіп тұр. 1 наурыз 1994 жыл. 
Босния әскері жанармай тапшылығынан азық-түлікті ат арбамен тасуға мәжбүр болды. 5 қаңтар 1995 жыл. 
7/15 Босния әскері жанармай тапшылығынан азық-түлікті ат арбамен тасуға мәжбүр болды. 5 қаңтар 1995 жыл. 
Сребреницадағы мұсылмандар қырғынынан қашқан босқындарды БҰҰ әскері автобустарға отырғызып, Тузла әуежайына тасыды. Бұл адамдар - 11 шілде күнгі қырғыннан аман құтылған жандар. 14 шілде 1995 жыл. 
8/15 Сребреницадағы мұсылмандар қырғынынан қашқан босқындарды БҰҰ әскері автобустарға отырғызып, Тузла әуежайына тасыды. Бұл адамдар - 11 шілде күнгі қырғыннан аман құтылған жандар. 14 шілде 1995 жыл. 
16 қазан 1995 жыл. Адамдар 15 мәйітті бір жерге жинап жатыр. Серб әскері шегінгеннен кейін Боснияның солтүстік-батыс аумағынан көптеген мәйіттерді бір жерге көміп кеткен белгісіз бейіттер табылды.  
9/15 16 қазан 1995 жыл. Адамдар 15 мәйітті бір жерге жинап жатыр. Серб әскері шегінгеннен кейін Боснияның солтүстік-батыс аумағынан көптеген мәйіттерді бір жерге көміп кеткен белгісіз бейіттер табылды.  
Дейтон қаласындағы бейбіт келіссөздерге қатысқан (солдан оңға қарай) АҚШ-тың арнайы өкілі Ричард Холбрук, Хорватия президенті Франьо Туджман, Босния және Герцеговина президенті Алия Изетбегович, АҚШ мемлекеттік хатшысы Уоррен Кристофер, Сербия президенті Слободан Милошевич. 31 қазан 1995 жыл. 
10/15 Дейтон қаласындағы бейбіт келіссөздерге қатысқан (солдан оңға қарай) АҚШ-тың арнайы өкілі Ричард Холбрук, Хорватия президенті Франьо Туджман, Босния және Герцеговина президенті Алия Изетбегович, АҚШ мемлекеттік хатшысы Уоррен Кристофер, Сербия президенті Слободан Милошевич. 31 қазан 1995 жыл. 
Дэйтон бітіміне қол қою. 21 қараша 1995 жыл. 
11/15 Дэйтон бітіміне қол қою. 21 қараша 1995 жыл. 
Босниялық серб жастары бітімді тойлап жатыр. Банья-Лука, 21 қараша 1995 жыл. 
12/15 Босниялық серб жастары бітімді тойлап жатыр. Банья-Лука, 21 қараша 1995 жыл. 
Боснияның солтүстігіндегі Оджак қаласындағы қаңыраған үйін қимай отырған босниялық серб әйелі. Дейтон бітімі бойынша, бұл қала Босния үкіметінің қарауына өтті. Мұндағы 19 мың серб басқа аймаққа көшуге міндетті болды.  
13/15 Боснияның солтүстігіндегі Оджак қаласындағы қаңыраған үйін қимай отырған босниялық серб әйелі. Дейтон бітімі бойынша, бұл қала Босния үкіметінің қарауына өтті. Мұндағы 19 мың серб басқа аймаққа көшуге міндетті болды.  
АҚШ-тың Бірінші армиясы көліктері Босния мен Хорватия арасында көпір салу үшін Славонски Бродқа қайықтар мен понтондар тасып жатыр. 13 желтоқсан 1995 жыл. 
14/15 АҚШ-тың Бірінші армиясы көліктері Босния мен Хорватия арасында көпір салу үшін Славонски Бродқа қайықтар мен понтондар тасып жатыр. 13 желтоқсан 1995 жыл. 
Босниялық серб әйел Мелица Сарич ұлы Велимирдің бейітінің басында тұр. Велимир соғыстың соңғы жағында Сараевода оққа ұшты. 24 желтоқсан 1995 жыл. 
15/15 Босниялық серб әйел Мелица Сарич ұлы Велимирдің бейітінің басында тұр. Велимир соғыстың соңғы жағында Сараевода оққа ұшты. 24 желтоқсан 1995 жыл. 
Previous slide
Next slide

ҚҰРБАН БОЛҒАНДАРДЫҢ ТУЫСТАРЫ

Сребреницадағы қырғын құрбандарының туыстары сот шешімін мақұлдағанымен, қанағаттануға әлі ерте екенін айтады.

Қырғында күйеуі қаза тапқан Саида Абдурахманович "баласынан айрылған аналардың (құрбандар мәйіттері жатқан) ақ бейіттерді көргендегі жан жарасын ешбір нәрсе емдей алмас" дейді.

– Бізді осы сәтке жеткізген Құдайға мың да бір рақмет. Әділет қалпына келтірілмеді, дегенмен (бізді қолдап) бізбен бірге болған әр жанға мың да бір алғыс, – деді Сребреница қырғынында әкесі мен екі ағасынан айрылған Эмина Пасич Азаттыққа берген сұхбатында.

Босния соғысы кезінде Ратко Младичтің саяси жетекшісі болған – Босния мен Герцеговинадағы "Серб Республикасы" деп аталған құрылымның бұрынғы президенті Радован Караджичті геноцид қылмысын жасағаны үшін халықаралық трибунал өмір бойына бостандығынан айырған. Қазір 75 жастағы Караджич түрмеде жазасын өтеп жатыр.

Айдар
XS
SM
MD
LG