Accessibility links

Алматы полициясы ақылы жолға наразы жүргізушілер белсендісін ұстап, кейін босатты


Ақылы жолдарға наразылық білдірген жүргізушілер және полиция қызметкерлері. Шымкент, мамыр айы 2021 жыл.
Ақылы жолдарға наразылық білдірген жүргізушілер және полиция қызметкерлері. Шымкент, мамыр айы 2021 жыл.

Алматы полициясы ақылы жолға наразылық білдірген жүргізушілердің лидері Әбдірахым Бейсенді сенбі күні қаладағы автөкөлік жабдықтарын сататын дүкендердің бірінің маңынан күштеп ұстап алып кеткен. Кешке қарай оны босатты. Полиция жүргізушіні ұстау себебін түсіндірмеді.

10 шілде күні оны полицейлердің күш көрсетіп, ұстап жатқаны туралы видеоны тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" мүшесі Абзал Достияров әлеуметтік желіде жариялады. Видеода полицейдің Әбдірахым Бейсеннің қолына кісен салып жатқаны көрінеді.

Абзал Достияровтың Азаттыққа айтуынша, Әбдірахым Бейсенге полиция 4 шілде күні шақырту қағазын апарып берген.

– Оның сапардан оралғанына көп болмаған. 6 шілдеде ғана үйінің маңын торуылдаушылар бар екенін айтқан еді. 10 шілде күні оны Алматы қалалық ішкі істер департаментіне апарып, кешке қарай босатқан. Себебін білмейміз, өзінің телефоны өшіп тұр, - дейді Абзал Достияров.

Азаттық тілшісі Әбдірахым Бейсеннің байланыс телефоны сөндірулі болғандықтан хабарласа алмады. Ал Алматы ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Евгений Лысенко жүргізушілер белсендісінің ұсталуына қатысты ақпаратты анықтауға уәде бергенімен, кейін ақпарат жоқтығын айтты.

Мамырдың соңында Қазақстанның бірнеше аймағында жолдардың ақылы болуына байланысты алыс жолға жүк көліктерін айдайтын жүргізушілер наразылыққа шыққан еді. Олар жол сапасының нашарлығын, жанармайдың қымбаттағанын, тасымал бағасының төмендігін алға тартқан. Наразылық кезінде 44 жастағы Әбдірахым Бейсен өзінің Түркияда сапарда жүргенін айтып, әріптестерін жолдың ақылы болуына көнбеуді, бірігуге, наразылық білдіруге шақырған болатын.

2 маусымда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов "ақылы жол әлемдік тәжірибеде бар нәрсе, кім жолды пайдаланса, сол жағдайына да жауапты" деп мәлімдеген. Оның айтуынша, ақылы жүйе ой-шұңқыры жоқ, тегіс бірінші категориялы жолдарға ғана енгізіледі. Ал 9 маусымда "ҚазАвтожол" бастапқы жоспарынан бас тартып, биыл 18 емес, 5 аумақта ғана жолдың ақылы болатынын хабарлады. Бұлар: "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" (Қайнар-Тараз, Тараз-Шымкент, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Ташкент), Щучинск-Көкшетау, Қапшағай-Талдықорған, Нұр-Сұлтан-Павлодар және Ақтау-Жетібай-Жаңаөзен.

Әбдірахим Бейсеннің әріптесі, ақылы жолға наразы жүргізушілердің бірі Нұрділдә Көлшікбаев мәселенің әлі шешілмегенін айтады.

– Әзірге ақылы жолға Щучинск-Көкшетау, Қапшағай-Талдықорған бағыты ғана кіріп тұр. Қалған жолдардың ақылы ету әзірге тоқтап тұр. Қашан нақтыланатыны белгісіз. Содан соң біз жұмысымызға шығып кеткенбіз, - дейді ол.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2025 жылға дейін - 11 мың шақырым автомобиль жолы, оның ішінде биыл 5,8 мың шақырым жол ақылы болатынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG