Accessibility links

"Ақы сұрамас бұрын жолды жөндесін". Жүк көлігі жүргізушілері мен министрдің тәжікесі


Үкіметтің кейбір жолдарды ақылы жүйеге көшіруіне наразылық білдіріп тұрған жүк көлігі жүргізушілері. Ақтөбе облысы, 2 маусым 2021 жыл.
Үкіметтің кейбір жолдарды ақылы жүйеге көшіруіне наразылық білдіріп тұрған жүк көлігі жүргізушілері. Ақтөбе облысы, 2 маусым 2021 жыл.

Қазақстанда жүк таситын көлік жүргізушілері үкімет елдегі 18 жолды ақылы жүйеге көшірмес бұрын жол сапасын шетелдегідей етіп жақсартсын дейді. Жоспарынан бас тартпайтынын айтқан министр жөнделмеген жолға ақы алынбайды деп уәде берді. Жүргізушілер жолға ақы енгізуге әлі ерте деп санайды.

2 маусым күні таңертеңгі сағат 11-ге қарай Шымкенттің шетінде, Ташкентке шығатын күре жолдың бойына жүк көліктері жинала бастады. Біраз уақыттан кейін, куәгерлердің айтуынша, күре жолдың екі қапталына жиналған жүк көліктері бір шақырымдай жерге созылып тұрған. Қазақстанда жүк таситын көлік жүргізушілерінің елдегі кейбір жолды ақылы жасауға қарсылық білдіріп жатқанына осымен төртінші күн. Олар сапасы нашар жолға үкімет тым қымбат ақы сұрайды деп санайды.

– Жол сапасы сын көтермейді, ал үкімет белгілеген ақыны енгізген күннің өзінде оған кеткен шығын жүк бағасына қосылатын болады. Сөйтіп сайып келгенде бұдан тұтынушы ұтылады, – деді Нұркен есімді жүргізуші Азаттыққа.

Ол бір жарым тонна жүк көтеретін "Газель" көлігімен Сарыағаш пен Шымкенттің арасына қатынайды. Нұркен мен өзге жүргізушілер Қазақстан жолдары әлгіндей төлем енгізілген шетелдердегідей сапалы емесін әрі көп жерде ақылы еткелі отырған жалғыз жолға балама жол жоғын алға тартады.

– Ондай ақы енгізуге бізде әлі жол да, халық та дайын емес. Талабымыз – жолға ақы алынбасын. Бізге толымды жауап бермейінше жүк тасымалдауға шықпаймыз, – дейді олар.

Жүк көлігі жүргізушілері ақылы жолға наразы (2 маусым 2021 ж.)

"Мәселе шешілмейінше жолға шықпаймыз". Жүк көлігі жүргізушілері ақылы жолға наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:14 0:00

МИНИСТР: БІЗ ТОҚТАМАЙМЫЗ

Сәрсенбі күні Нұр-Сұлтанда онлайн режимде өткен халыққа есеп беру жиынында Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов үкімет жоспарынан бас тартпайтынын, ақы алу жүйесі "біртіндеп" енгізілетінін айтты.

– Ақылы жол әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Көптеген елде ақылы жол жүйесі әділет принципіне сүйенеді. Кім жолды пайдаланса, оның жағдайына да сол жауапты. Ірі көлемде жүк таситын көліктер көбірек пайда табамыз деп жолды бүлдіреді. Бұға қоса Қазақстан арқылы ондаған мың шетелдік жүк көлігі өтеді, олар жолымызды тоздырады. Біздің жүк тасымалдаушыларымыз шетелдің аумағынан өткенде тиісті алымды төлейді ғой, – деді министр.

Самара-Шымкент тас жолы бойында тұрған жүк көліктері. Ақтөбе облысы, 2 маусым 2021 жыл.
Самара-Шымкент тас жолы бойында тұрған жүк көліктері. Ақтөбе облысы, 2 маусым 2021 жыл.

Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысындағы жүк көлігі жүргізушілерінің шағымына тоқталған министр:

Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов. Нұр-Сұлтан, 2 маусым 2021 жыл.
Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов. Нұр-Сұлтан, 2 маусым 2021 жыл.

– Шын мәнінде Ақтөбе облысындағы жолдар әзірге ақылы болмайды. 2025 жылға дейін ол жақта жөндеу жұмысы жүргізіледі. Содан кейін мемлекеттік стандартқа сәйкес техникалық санаты анықталады. Тек содан кейін ғана ақылы жүйе енгізіледі, – деді.

Атамқұлов Қазақстандағы 25 мың шақырым республикалық маңызы бар жолды күтіп ұстауға жыл сайын республика бюджетінен 40 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалатынын айтты. Жолды ақылы жасау арқылы сол шығын азаяды деп түсіндірді ол. Министрдің сөзінше, 2025 жылға дейін елде 11 мың шақырым автомобиль жолын ақылы қылу жоспарланған. Ал биыл соның алғашқы 5,8 мың шақырымы ақылы болмақ.

– Бірден айта кету керек, мұның жөнделмеген жолға қатысы жоқ. Ең алдымен ой-шұңқыры жоқ, жөнделген бірінші техникалық санаттағы жолдар ақылы болады. Кейінірек екінші санаттағы жолға өтеміз, – деді Атамқұлов.

Үкіметтің кейбір жолдарды ақылы жасауына наразы жү көлігі жүргізушілері Самара-Шымкент тас жолы бойына жиналып тұр. Ақтөбе облысы, 2 маусым 2021 жыл.
Үкіметтің кейбір жолдарды ақылы жасауына наразы жү көлігі жүргізушілері Самара-Шымкент тас жолы бойына жиналып тұр. Ақтөбе облысы, 2 маусым 2021 жыл.

Бейбіт Атамқұлов жүк көлігін жүргізушілердің наразылығын туғызған ақы мөлшері жайлы түсініктемесінде "Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты" бірінші техникалық санаттағы жолмен жүргені үшін ауыр жүк тасымалдайтын көліктен әр шақырымға 37 теңгеден алуды ұсынғанын растады. Бірақ министр 2013 жылы үкімет бекіткен ақы мөлшері әзірге өзгермейді деп сендірді. Оған сәйкес, жүк көлігі бірінші санаттағы жолдың әр километріне 25 теңге, жеңіл көлік 1 теңге төлейді. Ал өзге екі санаттағы жолды пайдаланғаны үшін жүк көлігі бұдан азырақ ақша төлейді, жеңіл көліктен ақы алынбайды.

Министрлік мәліметінше, қазір елде 682 шақырым ақылы жол бар. Атамқұлов Нұр-Сұлтан – Щучинск, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы – Қорғас, Алматы – Қапшағай бағытындағы осы жолдардан былтыр 5,7 миллиард теңге түскенін, оның 5,4 миллиард теңгесі жол күтіміне жұмсалып, қалғаны бюджетке алынғанын айтты.

"АҚЫЛЫ ҚЫЛУҒА ЖОЛ ДАЙЫН ЕМЕС"

Сәрсенбі күні Ақтөбе, Нұр-Сұлтан қалаларында да жүк көлігі жүргізушілері жиналды. Олар жолға ақы енгізбеуді талап етеді. Астананың іргесіне жиналған азаматтар жанармай бағасы күнделікті қымбаттап жатқан тұста сапасы сын көтермейтін жолға ақы енгізгісі келетін үкіметке сын айтты.

– Алматыдан астанаға жүк жеткізуіме 200 мың теңге төлейді, соның 100 мың теңгесін жол шығынына жұмсаймын. Өзім біреудің көлігін жалға алып айдап жүрмін. Ал енді жолға ақы төлесем, сонда өзіме не қалады? – дейді Шархан Көпеев.

Анатолий есімді жүргізуші шенеуніктер жиі айтатын шетелдің жолы мен Қазақстан жолының сапасын салыстыруға келмейді деп есептейді.

– Шетелде жолы да тамаша, ондай жолмен жүрген көлік те сынбайды. Ал мұнда (Қазақстанда) жиі бұзылады, шығын да көп. Ондай жолмен жүру маған мүлде тиімсіз, – дейді ол.

Жүк көлігі жүргізушілері ас дайындап жатыр. Ақтөбе облысы, 2 маусым 2021 жыл.
Жүк көлігі жүргізушілері ас дайындап жатыр. Ақтөбе облысы, 2 маусым 2021 жыл.

Көп жылдан бері жүк тасымалымен айналысып жүрген азаматтар шенеуніктердің "ауыр көлік жолға зиян келтіреді" деген сөзімен келіспейді.

– "Жолды бүлдіреді" дейді, бізде ондай жол да жоқ қой! Қиыршық тас, топырақ, құм ғана төселген, бітпеген жолға ақы сұрайды тіпті, – дейді көлік жүргізушісі Ерғали Тұрғымбаев кекесінмен.

Оның сөзін ақтөбелік жүргізуші Бақытбек Есенғазиев те қостайды:

– Жолдың бүлінуінің себебі сапасына байланысты. Өздері сапасыз жол салады да, кінәні бізге артады – дейді ол.

Кей жүргізуші елдегі көлік жолының сапасыз болуын жемқорлықпен байланыстырады.

– Төрт қабаттың орнына екі қабат қана асфальт төсейді. Ондай жол қайдан сапалы болсын? Бізде кілең "жеуді", солай ақша табуды ғана біледі, соның бәрін істеп жатқан – шенеуніктер, – дейді көлік жүргізуші Болат Сәтеков.

Үкімет маусымнан бастап Қазақстанда барлығы 18 жол бөлігіне ақылы жүйе енгізуді жоспарлаған. Өткен аптаның соңынан бері елдің бірнеше аймағында жүк көлігін жүргізушілер бұған қарсылық таныта бастаған. Олар үкімет жоспарындағы кей жолдардың әлі толық жөнделіп бітпегенін, ұсынылып отырған ақы мөлшері тым қымбат екенін, ақылы жолға балама ретінде төмен санаттағы тегін жол болуы керегін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG