Accessibility links

Істемейтін терминал мен кептеліс. Ақылы жолдың әлегі


Алматы - Қорғас ақылы жолына қойылған бекет алдындағы көліктер. Алматы облысы, 14 мамыр 2019 жыл.

2019 жылдың басынан бері Қазақстанда үш автокөлік жолы ақылы болды. Олардың ең ұзыны – Алматы - Қорғас жолындағы терминалдың алдын ала төлеу жүйесі әлі істемей тұр. Жүргіншілер "50 пайыз жеңілдікке жете алмай жүргендерін" айтып шағынады.

Отбасының жалғыз асыраушысы 40 жастағы Еркін Әзберген Алматы мен "Қорғас" кеден бекеті арасында жеке көлігімен жолаушы тасып күнелтеді. Әйелі төрт баласы мен қарт әке-шешесіне қарап үйде отыр. Күн сайын Алматыдағы Сайран автобекетінен Қорғасқа жолаушы апарып, алып қайтатын ол әр сапары сайын ақылы жолға 1200 теңге төлейтінін айтады.

- Жаңа жолдың жақсы жағы – тегіс, кедергі жоқ. Межелеген жерге уақытында барасың. Егер терминалға алдын ала төлем салсаң, 50 пайыз жеңілдігі бар. Бірақ мына терминал алдын ала төлемді есептемейді, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Алматы - Қорғас ақылы жолына қойылған бекет. Алматы облысы, 14 мамыр 2019 жыл.
Алматы - Қорғас ақылы жолына қойылған бекет. Алматы облысы, 14 мамыр 2019 жыл.

2019 жылғы қаңтардың 25-інен бастап Қазақстан бойынша Нұр-Сұлтан – Теміртау (134 шақырым), Алматы – Қапшағай (42 шақырым) және Алматы – Қорғас (295 шақырым) жолдары ақылы жүйеге көшкен болатын.

Алматы – Қапшағай жолында көлемі жеңіл көлік 200 теңге, автобус пен жүк көліктері көлемі мен салмағына байланысты 200-1000 теңге аралығында ақы төлейді. Ал Алматы – Қорғас жолымен жүру үшін жеңіл көлікке 600 теңге, ал жүк көліктері мен автобусқа 1500-7350 теңге аралығында төлемақы белгіленген. Терминал орнатылған аумақта орналасқан елді мекендерде тіркелген көліктер мен алдын ала төлегендер үшін 50 пайыз жеңілдік бар.

2019 жылы іске қосылған ақылы жол жүйесінде ең ұзақ қашықтық – осы 290 шақырымдық Алматы – Қорғас жолы. Нұр-Сұлтан – Теміртау мен Алматы – Қапшағай ақылы жолдарында алдын ала төлем жүйесі іске қосылған. Ал Алматы – Қорғас бағытындағы жолда ол жүйе әлі істемейді.

КЕПТЕЛІС

Ақылы терминалдың алдын ала төлеу жүйесінің дұрыс есептемейтінін Азаттық тілшісі де бірнеше рет байқады. Мәселен, ақылы терминалға ең жақын орналасқан Байсерке ауылына дейін төрт шақырым. Терминалға алдын ала 1000 теңге салғанымен жүргізушінің әр жүрген сайын 40 теңгені қолма-қол төлеуіне тура келді. Іркілген көліктер көбейген сайын кептеліс те ұзарады. Кейбір жүргізушілер көліктен де түспей, ақысын да төлемей, шлагбаумның ашылуын күтіп отырады. Олардың бірі Азаттық тілшісіне:

- Алдын ала төлеген жағдайда көлігіңізден түспей бес минут күтіп отырсаңыз, терминалға жақын орналасқан үйде отырған қызметкерлер шлагбаумды ашады. Кейін алдын ала салған ақшаңыз бойынша 50 пайыз жеңілдік аласыз, - деп түсіндірді.

Алматы - Қорғас ақылы жолына қойылған бекет. Алматы облысы, 14 мамыр 2019 жыл.
Алматы - Қорғас ақылы жолына қойылған бекет. Алматы облысы, 14 мамыр 2019 жыл.

Бірақ бұл көлік кептелісінің көбеюіне себеп болып жатты. Осындай көлік кептелісі көбейген кезде көмекке келіп, өткел аузындағы шлагбаумды ашып-жауып тұрған оператор жігіт:

- Бұл жердегі терминалға ресейлік бағдарлама орнатылған. Ал Қапшағай – Алматы жолындағы терминал қазақстандық бағдарламамен істеп тұр. Қазақстандық бағдарлама қосылған күннен бастап дұрыс жұмыс істеп келеді. Ал ресейлік бағдарламадан қателік шығып тұр. Сол себепті алдын ала салған ақшаларыңызды есептемейді. Тек қолма-қол төлеу керек, - деп түсіндірді.

АРТЫҚ ТӨЛЕМДІ ҚАЙТАРУ ЖОЛЫ

Ақылы терминалдардың заңды иесі болып саналатын "ҚазАвтоЖол" компаниясының өзін Нұрсұлтан деп қана таныстырған өкілі:

- Иә, ол (алдын ала төлеу жүйесі – ред.) істейді. Мамырдың 15-інде қосылады деп жоспарланған болатын, бірақ қосылмады, - деп жауап берді.

Нұр-Сұлтан - Бурабай ақылы жолында. (Көрнекі сурет.)
Нұр-Сұлтан - Бурабай ақылы жолында. (Көрнекі сурет.)

Ол "Ресейлік бағдарламаның қойылғаны рас па?", "Дұрыс есептей алмайтын жүйені жұмысқа пайдалануға кім рұқсат берді?" деген сауалдарға жауап бере алмады. Азаттық тілшісі бұл сауалдарды "ҚазАвтоЖол" компаниясы баспасөз қызметіне де жолдаған еді. Компания: "Қазір Алматы – Қорғас автокөлік жолының ақылы учаскесінде жеңіл автомобильдер үшін алдын ала төлем жұмыс істемейді, терминалдар штаттық режимде жұмыс істейді. Осы функцияны қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал қазіргі алдын ала төлем арқылы төленген сома автокөлігіңіздің мемлекеттік нөмірінің шотында сақталады" деп қысқаша ғана жазбаша жауап берді.

Азаттық "ҚазАвтоЖолдың" баспасөз қызметіне: "Не себепті дұрыс жұмыс істемейтін терминал қойылды? Заңдылығы қандай? Қорғасқа дейінгі аралықтағы алдын ала төлем 300 теңге, бірақ қазіргі терминал 600 теңгемен есептейді. Арадағы артық шығынды жүргізушілер қалай қайтарып алады?" деп қайта сауал жіберді.

Компания баспасөз қызметі: "Алматы – Қорғас уческесі бойынша артық төленген жолақы сомасы тұтынушының шотына қайтарылады. Бұл үшін сол жолдан өткен күнін көрсетіп, Алматы қаласының маңындағы төлем қабылдау пунктінде өтініш жазу керек немесе өтінішті Dpad@kazautozhol.kz электрондық поштасына жолдау қажет" деп жауап қайтарды.

Бірақ терминалдың алдын ала төлеу жүйе әлі жұмыс істемейді. "ҚазАвтоЖол" өкілдерінің Азаттыққа түсіндіруінше, "терминалды орнатқан компания төлем жүйесіндегі қателікті әлі түзей алмай жатыр".

Қазақстанда ақылы жолдар жүйесі 2014 жылдан бастап іске қосылған.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2021 жылы Қазақстанда 13 автомобиль жолы ақылы болады деп хабарлады. Ақылы жол ретінде бекітілген учаскелер: Ресей шекарасы – Ақтөбе – Қызылорда (1125 шақырым), Тараз – Қайнар (237 шақырым), Қызылорда – Шымкент – Тараз (649 шақырым). Осындай жол учаскелерінің жалпы ұзындығы бес жарым мың шақырым, бұған Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізі кіреді.

АШЫЛҒАН АҚЫЛЫ ЖОЛДАР:

Қапшағай – Талдықорған (184 шақырым);

Астана – Қостанай – Ресей (Троицк бағыты) шекарасы (741 шақырым);

Щучинск – Көкшетау – Петропавл – Ресей (Қорған бағыты) шекарасы (301 шақырым);

Павлодар – Ресей (Омбы бағыты) шекарасы (217 шақырым);

Орал – Ресей (Саратов бағыты) шекарасы (100 шақырым);

Астана – Павлодар (409 шақырым);

Ақтөбе – Орал – Ресей (Самара бағыты) шекарасы (518 шақырым);

Атырау – Доссор – Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы (502 шақырым);

Ақтау – Бейнеу (470 шақырым);

Орынбор – Ақтөбе – Қызылорда (1125 шақырым);

Қызылорда – Шымкент – Тараз (649 шақырым);

Тараз – Қайнар – Благовещенка кенті (237 шақырым);

Шымкент – Өзбекстан шекарасы (101 шақырым).


  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG