Accessibility links

«Жұлдыз-3» тұрғындары жолдың зарын айтады


"Жұлдыз-3" шағын ауданы тұрғындары жол салынбағанын айтып тұр. Атырау, 2017 жылдың сәуірі.

Атырау қаласының іргесіндегі «Жұлдыз-3» шағын ауданы тұрғындары жеті жылдан бері жолдың зардабын тартып келе жатқандарына шағымданады. Билік өкілдері "алдағы екі жылдың ішінде жол салынады" деп уәде береді.

Атырау қалалық әкімдігіне қарайтын Қайыршақты селолық округі құрамындағы "Жұлдыз-3" шағын ауданында 24 көше, 500-ге тарта үй бар.

2010 жылдан бері осындағы жер телімдеріне инфрақұрылымы болмаса да жаппай үй сала бастаған тұрғындар жарық, газ және суға бірнеше жыл бойы күресіп жүріп қол жеткізгендерін, оларды коммерциялық негізде өз қаржыларына тартқызып алғандарын айтады.

Табиғи ресурсқа бай Атырау облысы орталығы тұрғындарының сөзінше, "Жұлдыз-3" шағын ауданына жол салу туралы өтінішті жергілікті билік өкілдеріне айтып келе жатқандарына бірнеше жылдың жүзі болған. Олар жолсыздық кесірінен шағын ауданға жолаушы тасымалдайтын автобус жүрмейтінін, тіпті науқас адамға шақыртқан жедел жәрдем көлігі оған жете алмай қалатынын айтып шағынады.

"Жол проблемасын баспасөз құралдарында көтеріп, арыз-шағыммен "Нұр Отан" партиясының Атыраудағы филиалына да бардық, бірақ әзір одан нәтиже жоқ" дейді тұрғындар.

Кейінгі жылдары Атырау қаласының аумағы кеңейіп, тұрғындар санының өсуіне байланысты жаңадан пайда болған "Жұлдыз-1,2,3", "Томарлы-2", "Талқайран-2" шағын аудандары құрамына Томарлы, Бесікті және Талқайран ауылдары кіретін Қайыршақты ауылдық округіне енгізілген.

"ЖОЛСЫЗБЕН ШАЛШЫҚ КЕШІП ЖҮРМІЗ"

Атырау қаласының тумасы Бибігүл Аманғалиева "Жұлдыз-3" шағын ауданында 2007 жылдан бері тұрады. Ол елді мекендегі жол проблемасы әсіресе өзге жақтағы мектептерге қатынап оқуға мәжбүр балаларға қиын тиіп отырғанын айтады.

Қазір дамыған заман емес пе? Балаларымызды шет тілі сабақтарына, үйірмелерге апарғымыз келеді. Бірақ үйірме тұрмақ мектепке әзер қатынаймыз.

- Көктем мен күзде балшықтан жүру қиын. Қазір дамыған заман емес пе? Балаларымызды шет тілі сабақтарына, үйірмелерге апарғымыз келеді. Бірақ үйірме тұрмақ мектепке әзер қатынаймыз, - дейді тұрғын.

"Жұлдыз-3" шағын ауданында әр отбасындағы қариялардың негізгі жұмысы – оқу жылы аяқталғанша балаларды мектеп пен балабақшаға апарып, алып келу" дейді осында тұратын зейнеткер Лида Аққалиева. Оның сөзінше, 2010 жылы басталған жаппай құрылыстан соң тұрғындар өз күштерімен бір жылдан кейін шағын ауданға электр желісін, содан соң газ тартқызып алған, ал су құбырына 2016 жылғы сәуір айында ғана қолдары жеткен. "Оған дейін тұрғындар суды көлікпен таситын" дейді Лида Аққалиева. Зейнеткер немерелерінің соңғы бірнеше жылда үш мектеп ауыстырғанын, өзі сырқаттанып қалған кезде олардың да сабақтан қалатынын айтады.

- Отбасындағы үш немеремді бірінші жылы қаладағы туыстарымның үйінде жатқызып оқыттық. Ал қазір бізбен көрші Геолог елді мекеніндегі мектепке апару үшін қамыстардың арасымен таң бозынан екі шақырым шалшық кешіп, жол жүреміз. Қыстың қараңғы күндері айнала толған қаңғыбас иттер талап кете ме қорқасың. Биылғы оқу жылы осындай қиындықпен аяқталды, - дейді ол.

"Жұлдыз-3" шағын ауданында тұратын Динара Мұқашева (ортада) баласын балабақшаға апарудың қиындығын айтып тұр. Атырау, 2017 жылдың сәуірі.
"Жұлдыз-3" шағын ауданында тұратын Динара Мұқашева (ортада) баласын балабақшаға апарудың қиындығын айтып тұр. Атырау, 2017 жылдың сәуірі.

Тағы бір зейнеткер Жайнағаш Сапашова 2016 жылы Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың қабылдауына екі жарым ай кезекте тұрып кіргенімен, шағын аудандағы жол мәселесіне қатысты тұщымды жауап ала алмағанын айтып реніш білдірді.

Үкімет айтатын үш тілді мынадай жағдайда қалай меңгереміз?

- Ештеңе айтпады, күтесіңдер деді. Балшық, жаңбырлы күндері балаларымыз сабақтан қалады, ондайда үйден өзіміз оқытуға тырысамыз. Ол оқу бола ма? Үкімет айтатын үш тілді мынадай жағдайда қалай меңгереміз? - дейді қария.

Ол облыс басшылығы шағын ауданда қанша оқушы барынан хабарсыз деп сын айтады.

- Әкім тіпті "Неше бала оқиды?" деп менен сұрады. Өз бала-шағаммен әуре боп отырған мен неше бала мектепке баратынын қайдан білейін, - деп ренжиді Жайнағаш Сапашова.

Біз барлық көше емес, ең болмаса бір-екі көшеге жол салып беруді сұрап отырмыз. Балалар мектепке қатынайтын көлік пен жедел жәрдем ел арасына жақындай алатын дәрежеге жетсе деп өтіндік. Айтатындары бос әңгіме.

"Жұлдыз-3" шағын ауданы тұрғыны Жұмахмет Өлкеев облыс, қала билігі жол салу мәселесін жылдар бойы шеше алмай келе жатқанына кейиді.

- Бірнеше жыл жасалып, сараптамасының өзі жылдан асып кеткен жобалау құжаттамасында енді әлдебір қателер пайда болыпты. Біз барлық көше емес, ең болмаса бір-екі көшеге жол салып беруді сұрап отырмыз. Балалар мектепке қатынайтын көлік пен жедел жәрдем ел арасына жақындай алатын дәрежеге жетсе деп өтіндік. Айтатындары - бос әңгіме, - дейді ол.

"ЖОЛҒА 23 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ БӨЛІНГЕН"

Қайыршақты селолық округінің әкімі Шапхат Қалиевтің Азаттыққа айтуынша, "Жұлдыз-3" шағын ауданында 1254 адам тұрады, оның 195-сі - мектеп оқушылары, 81 бала балабақшаға барып жүр.

- Облыста жұмыс істеп жатқан "Теңізшевройл" бірлескен мұнай компаниясының "Игілік" әлеуметтік бағдарламасына бөлген қаржысы есебінен "Жұлдыз-3" шағын ауданында 2016 жылдың қыркүйегінде құрылысы басталған 624 орындық мектеп жоспар бойынша 2018 жылы қыркүйекте пайдалануға беріледі, - дейді әкім.

Оның есебінше, ауылдық округ бойынша 130 шақырым жол жөндеуді қажет етеді.

Жобадағы қателер түзетіліп, 2017 жылдың сәуір айында мемлекеттік сараптамаға қайта берілді. Бәрі ойдағыдай болса, екі жылда 300 көшеге жол салынады.

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі қызметкері Ақесен Ибрагимовтің Азаттыққа хабарлауынша, Атырау қаласы маңындағы жаңа шағын аудандардың ішкі жолдарын жөндеуге облыс бюджетінен ақша қарастырылған.

- Барлық шағын аудандардағы жол құрылысы жұмыстарына жалпы сомасы 23 миллиард теңге бөлінген. Жалғыз "Жұлдыз-3" шағын ауданы ғана емес, қала маңындағы басқа да елді мекендер жобасының техникалық құжаты былтыр желтоқсанда аяқталған. Жобадағы қателер түзетіліп, 2017 жылдың сәуір айында мемлекеттік сараптамаға қайта берілді. Бәрі ойдағыдай болса, екі жылда 300 көшеге жол салынады, - дейді Ақесен Ибрагимов.

"Жұлдыз-3" шағын ауданындағы жол проблемасына қатысты түсініктеме алу үшін Азаттық тілшісі хабарласқан Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Серікбай Қазиевтің хатшысы бастықтың журналист сауалына жауап бермейтінін айтты.

Атырау облысы мен қала әкімдерінің ресми сайттарында жарияланған, олардың атқарған жұмыстары туралы тұрғындар алдында жыл сайын жасайтын дәстүрлі есепті баяндамаларында қала іргесіндегі "Жұлдыз-3" жаңа шағын ауданындағы жол проблемасы жайлы еш мәлімет жоқ.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG