Accessibility links

8 километрін жарты сағатта әзер өтетін жол


Сайрам ауданы Қарасу ауылын қиын өтетін облыстық маңызы бар жол. Оңтүстік Қазақстан облысы, 21 ақпан 2017 жыл.
Сайрам ауданы Қарасу ауылын қиын өтетін облыстық маңызы бар жол. Оңтүстік Қазақстан облысы, 21 ақпан 2017 жыл.

Тұрғындар Шымкент қаласын маңындағы ауылдармен жалғап тұрған Жібек жолы көшесінің тозығы жеткенін айтады. Жергілікті билік «жоба мақұлданса, бұл жолды үш жылда жөндеуге болады» дейді.

Шымкент қаласынан Жібек жолы көшесі болып шығып, шығысқа қарай облыстық маңызы бар трассаға айналып кететін жолмен күнде жүретін адамның бірі – Сайрам ауданы Жібек жолы ауылының 37 жастағы тұрғыны Дархан Жиенбай. Ол осы жолмен Шымкентке қатынап жұмыс істейді.

– Сайрам ауданынан қалаға қатынап жұмыс істейтіндер көп. Көлік те көп. Жол жарамсыз. Шұңқырға түсіп балоны жарылған, бірін-бірі соққан көліктерді күнде көреміз. Жұрт әуреге түсіп қиналады. Күнде ит тіршілік. Ауылдан Ақсукентке дейін жол жақсы. Қарасу, Қызылсу, Мәртөбе ауылын қиып өтетін жол шұрқ тесік, – дейді Дархан Жиенбай.

ВИДЕО: Тозығы жеткен жол

Тозығы жеткен Сайрам жолы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:26 0:00

«КЕЙ МАҢДАҒЫ ЖЫЛДАМДЫҒЫМЫЗ – САҒАТЫНА 10 КМ»

Бұл жолдың ахуалын көруге барған Азаттық тілшісі мінген жеңіл көлік сегіз километржерді жарты сағатта әзер басып өтті. Тозығы жеткен жолдың сау жері қалмаған. Қос жолақты жолдың әр жерінде жауын суы жиналған. Қоғамдық көліктер тоқтайтын орындардың көбінде аялдамалар көрінбейді, бар аялдамалардың өзі ескі. Жолдың ойылып қалған тұсынан қашып, қарама-қарсы бағытқа шыққан жүргізушілер көп.

Бұл жолдың сапасына Шымкент пен Түлкібас ауданы арасында адам таситын таксист Асылхан Құдайбергенов те наразы.

– Шымкенттен шыққанда әсіресе Мәртөбе мен Қарасу ауылынан өтіп Ақсукентке жету қиын. Жолдың бәрі ойдым-ойдым, нашар, тар, жөндеу көрмеген. Көлігімізге зақым келеді, – дейді ол.

Асылхан Құдайбергеновтің әріптестерінің бірі Ардақ есімді таксист Мәртөбе мен Қарасу ауылының арасындағы сағатына 40 километр жылдамдықпен жүру керек аумақтан 10 километрлік жылдамдықпен өтетінін айтады.

– Өйткені жолдың тозығы жеткен. Ойыққа түскен көлік көп. Ойықтан қашып қарсы бағытқа шықсаң, жол полициясы ұстайды, – дейді таксист.

Жібек жолы бойындағы Қарасу ауылының тұрғыны Ильдар бұл маңдағы көлік апатын күнде көреді.

– Жол ескірген, жиегінде арық жоқ. Қар еріп, жауын жауғанда су жиналады, – дейді ол.

Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округіндегі жол. Оңтүстік Қазақстан облысы, 21 ақпан 2017 жыл.
Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округіндегі жол. Оңтүстік Қазақстан облысы, 21 ақпан 2017 жыл.

«30 ЖЫЛ ЖӨНДЕУ КӨРМЕГЕН ТҰСТАРЫ БАР»

Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округінің әкімі Ербол Бекбердиевтің айтуынша, облыстық маңызы бар бұл жолдың Қарасу ауылын қиып өтетін төрт километр бөлігінің жөндеу көрмегеніне 30 жылдан асқан.

– Жылда осы жағдай. Біздің ауылдың басынан соңына дейін тесік көп. Күн жылынып, қар еріп, жауын жауғанда тесік одан да көбейеді. Жамайды. Ол көпке жетпейді. Қатты ойық болған соң жақында қиыршық таспен жапты. Жаңбыр жауған еді, тас сумен ағып кетті, – дейді ауыл әкімі.

Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округінің әкімі Ербол Бекбердиев. Оңтүстік Қазақстан облысы, 21 ақпан 2017 жыл.
Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округінің әкімі Ербол Бекбердиев. Оңтүстік Қазақстан облысы, 21 ақпан 2017 жыл.

Бұл жолға жауапты мекеме – Оңтүстік Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Қоқанбаевтың айтуынша, Жібек жолының қайта құрудан өтпеген сегіз километр жері бар. Ол мекеме осындай жұмыс жүргізу үшін жоба жасап, мемлекеттік сараптамаға тапсырған.

– Ағымдағы жөндеу бұл жолға жылда жасалады. Көлік қатынасының өсуінен және асфальттің сапасының төмендеп кетуінен бұл жолға қайта құру жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Яғни жолдың көрсеткіштерін өзгертіп, екі жолақты жолды төрт жолақ етіп өзгертеміз, – дейді ол.

Мұхтар Қоқанбаевтың сөзінше, бұл жолдың кей бөлігінің астында коммуникация желілері (газ бен жылу құбыры, телефон желісі) бар.

– Оған қоса темір жолмен қиылысатын жері де бар. Темір жолдың астын кеңейту де – өте күрделі мәселе. Егер мемлекеттік сараптамадан жоба мақұлданса, бұл жолды салып бітуге үш жыл уақыт кетеді, – дейді Оңтүстік Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі.

Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округіндегі жол. Оңтүстік Қазақстан облысы, 21 ақпан 2017 жыл.
Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округіндегі жол. Оңтүстік Қазақстан облысы, 21 ақпан 2017 жыл.

Мұхтар Қоқанбаевтың дерегінше, 2017 жылы облыстағы 600 километр жолды жөндеу бойынша жоба мемлекеттік сараптамадан өткен, аймақтағы жолдың басым бөлігі орташа және күрделі жөндеуді талап етеді.

Оңтүстік Қазақстан облысында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 20 мың 987 километр. Оның ішінде бетон не асфальт төселгені – 11 мың 451 километр, қиыршық тас салынғаны – 6 мың 447 километр, топырақ жол – 3 мың 88 километр. Жолдың 60 пайызға жуығы жақсы және қанағатты жағдайда деп танылған.

XS
SM
MD
LG