Accessibility links

Карантиннің күшеюіне наразы рестораторлар шығынға бататынын айтады


Қоғамдық тамақтану қауымдастығы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, ведомствоаралық комиссияның коронавирус өршіген "қызыл аймақтарда" карантинді күшейту туралы шешіміне наразылық білдірді. Қауымдастық өкілдері комиссияның қандай қисынға сүйене отырып, шешім қабылдағаны түсініксіз дейді. Жаңа шешім бойынша, олар жұмыс уақытын қысқартуы тиіс. Ал оның салдарынан түсім 70-80 пайызға азайып, кәсіпорындардың шамамен 30 пайызы жабылуы мүмкін дейді.

Жаңа ережеге сәйкес, жай күндері Ashyq жобасына қатысатын қоғамдық тамақтану орындары, фуд-корттардың жұмысы шектеледі, олар сағат 20.00-ге дейін ғана жұмыс істей алады. Ал жобаға қатыспайтын нысандар сағат 18.00-де жабылуы тиіс.

"Орташа айналымы 7 млн теңге болатын ықшамдалған салық жүйесін қолданатын 24 мың қоғамдық тамақтану орны жабылса, бюджет айына шамамен 500 млн теңгеден айырылады. Кәсіпорындар міндетті төлемдерін өтей алмайды. Қалған 56 мың кәсіпорын тауар айналымын кемінде 70 пайызға азайтады, сәйкесінше әрбір субъектіден түсетін салық 70 пайызға қысқарады. Бұл дегеніңіз шамамен 820 млн теңге" делінген хатта.

Қауымдастық өкілдері хатта "егер бизнес қатаң шектеулерге оралса, онда Ashyq жобасын енгізудің не қажеті болды?", "рестораторлар неліктен қызметкерлеріне вакцина салып жатыр?" (хатта қоғамдық тамақтану орындарында істейтін жұмысшылардың 60 пайызының вакцина салдырғаны жазылған), "вакциналауға не үшін кәсіпкерлер жауап береді?" деген сияқты мәселелерді қозғаған.

Олардың айтуынша, шенеуніктер вакцинаға байланысты кәсіпорындарды тексеріп, талаптарды орындамағандарды Әкімшілік кодекстің 462-бабы бойынша ("Мемлекеттік инспекциялар мен мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының талаптарын орындамау") жауапқа тарта алады. Бұл бап бойынша жеке тұлғаларға – 14 мың теңгеден бастап, заңды тұлғаларға 1,5 млн теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Қауымдастық өкілдері вакциналау науқанын қолдайтынын, "ұжымдық иммунитеттің маңызын түсінетінін" айта келе, бірақ мемлекет кәсіпкерлерге "жүзеге асыруға болатын алгоритмдерді" ұсынуы қажеттігін алға тартады. Кәсіпкерлерді жан-жақтан қысып, бірақ талаптарды орындау үшін бірде-бір құрал бермегенін атап өтеді.

Олардың сөзіне қарағанда қоғамдық тамақтану саласында еңбекке жарамды азаматтардың шамамен 23 пайызы еңбек етеді. Жұмысшылардың 85 пайызы әлеуметтік жағынан қорғалмаған топқа кіреді. Індетке дейін Қазақстанда шамамен 95 мың қоғамдық тамақтану нысаны жұмыс істесе, қазір олардың саны 80 мыңға дейін қысқарған.

12 шілдеде індеттің өршуіне байланысты ведомствоаралық комиссия "қызыл аймақтарда" карантинді күшейту туралы шешім шығарған еді. Қазір Қазақстанда үш ірі қала мен тоғыз облыс "қызыл аймақта" тұр: Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалалары және Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары.

Рестораторлар бұған дейін де шығынға батқанына шағымданып, мемлекеттік органдардың карантинге байланысты шешімдеріне наразылық білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG