Accessibility links

Орхан Инанды адвокатына өзін қалай ұрлап әкеткенін айтып берді


Қырғызстандағы "Сапат" білім беру мекемесінің президенті Орхан Инандыны Бішкектен үш адам ұрлап, Түркияға жеткізген. Бұл жайында ол Түркиядағы адвокаты Халил Ибрагим Йылмазға айтып берген.

Адвокат Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұқбатында Инанды алдымен Бішкекте ұсталып, кейін Түркияға жеткізілген дейді.

"Кімнің ұрлағанын білмейді. Бірақ қырғызстандық адамдардың ұрлағанын айтып жатыр. Ол қырғыз милициясы, қауіпсіздік қызметі не басқа топ болуы мүмкін. Әйтеуір оны ұрлау операциясына ұлты қырғыз үш адам қатысқан. Бірақ олардың кім екенін білмейді. Оны ұстаған бойда, көзін байлап тастаған. Көзі таңулы күйде алдымен көлікпен бес-алты сағат жүрген, сосын ұшаққа отырғызған. Ол қай жақтан ұшаққа отырғызғанын білмейді" дейді ол.

Адвокаты Инанды өзіне тағылған айыптарды мойындамайды дейді. Бірақ тергеудің барлық сұрақтарына жауап беріп жатыр. Осыған дейін түрік ақпарат агенттіктері Инанды өзіне тағылған айыптарды мойындады деп хабарлаған.

"Сапат" білім беру мекемесінің президенті, тегі түркиялық Орхан Инанды 1 маусымға қараған түні жоғалып, содан бері хабарсыз кеткен. Оны Түркияның арнайы қызметі өлкеге алып келгенін президент Режеп Тайып Ердоған 5 шілдедегі халыққа жолдауында айтқан.

Осыған байланысты Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Түркияға нота жіберіп, қырғыз азаматын ұрлап кету халықаралық талаптарға сәйкес келмейтінін білдірген.

Ердоған билігі Орхан Инандыны "Гүлен" қозғалысының Орталық Азиядағы жетекшілерінің бірі деп сипаттайды. Инанды жоғалғаннан кейін оның жүздеген жақтастары наразылық акциясына шығып, қайтарылуын талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG