Accessibility links

Бішкекте жоғалған Орхан Инанды Түркияға жеткізілген. Анкара оны ұрлап әкеткенін мойындады


Қырғызстандағы "Сапат" халықаралық білім беру орталығының президенті Орхан Инанды.
Қырғызстандағы "Сапат" халықаралық білім беру орталығының президенті Орхан Инанды.

Қырғызстандағы "Сапат" халықаралық білім беру орталығының президенті, ұлты түрік Орхан Инанды Түркияға жеткізілген. Бұл туралы 5 шілдеде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған телеарнадан мәлімдеді. Қырғызстан азаматы Инанды бір ай бұрын Бішкекте із-түссіз жоғалып кеткен. Түркия билігі Инандыны қазір АҚШ-та тұратын діни қайраткер Фетхулла Гүленмен қатысы бар деп айыптайды.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркияның арнайы қызметі Орхан Инандыны елге әкеліп, жауапқа тартқанын айтты. Ол Инандыны Фетхулла Гүленнің "Хизмет" ұйымының Орталық Азиядағы басқарушысы болған деп санайды.

Ресми Анкара Гүлен мен оның жақтастарын 2016 жылы жазда Түркияда әскери төңкеріс жасамақшы болды деп айыптайды. Түркия билігі Гүленнің "Хизмет" ұйымын "террористік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған.

"Ол "Хизметтің" жоғарғы басшыларының қатарына еніп, лас қаржыны Орталық Азиядағы ұйымдарға беріп отырған. Біз "Хизметпен" және басқа да террорлық ұйымдармен күресімізді жалғастыра береміз" деді Ердоған.

Түркия телеарнасы 53 жастағы Орхан Инандының қолына кісен салынған суретін көрсетті. Инандыға қандай жаза берілгені айтылмады.

Ердоғанның телеарнадан жасаған мәлімдемесі. Сол жақтағы кадрда Орхан Инандының суреті берілген.
Ердоғанның телеарнадан жасаған мәлімдемесі. Сол жақтағы кадрда Орхан Инандының суреті берілген.

Орхан Инанды 1 маусым түнде Бішкекте жоғалған. Қырғызстан полициясы "Адам ұрлау" бабы бойынша іс қозғаған еді. Кейін оған Интерпол арқылы халықаралық іздеу жарияланды. Орхан Инандының мәселесі Қырғызстан парламентінде де көтеріліп, депутаттар оның жоғалуын "саяси операция" деп атады.

Түркияда туған Орхан Инанды 1995 жылы Қырғызстанға келген. 2012 жылы осы елдің азаматтығын алған. "Сапат" құрамына 16 лицей (көбі – қырғыз-түрік лицейлері), "Ала Тоо" университеті, UWIS халықаралық мектебі және төрт мектеп кіреді. Бұл оқу орындарында 10 мыңдай оқушы мен студент бар.

2019 жылы Қырғызстан Инандыны Түркияға экстрадициялаудан бас тартқан.

Бішкек полициясы Орхан Инанды ресми түрде Қырғызстан шекарасын кесіп өткен жоқ деп мәлімдеген еді. Ал Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Орхан Инандыға қауіп төніп тұрғанын ескерттік деген.

Орхан Инандының әйелі Рейхан Инанды бұған дейін желі арқылы күйеуін "Түркияның Қырғызстандағы елшілігінде күштеп ұстап отырғаны" жайлы хабар алғанын айтқан.

Орхан Инанды жоғалған соң Бішкектегі Түркия елшілігі алдында бірнеше наразылық акциясы өткен. Ал "Сапат" орталығы оның қайда екенін айтқан адамға ақшалай сыйақы тағайындаған. 5 шілдеде Орхан Инандының әйелі Рейхан Инанды Бішкекте жалғыз адамдық пикетке де шыққан.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Анкараға сапармен барғанда Ердоғаннан Орхан Инанды туралы сұрағаны да айтылған.

"Ердоған оның қайда екенін білмейтінін, қолында ешқандай ақпарат жоғын, Гүлен жақтаушылары жайлы ештеңе білгісі келмейтінін айтты" деген еді Жапаровтың баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев.

2016 ЖЫЛҒЫ ТӨҢКЕРІС ПЕН ОДАН КЕЙІНГІ ЖАҒДАЙ

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 2016 жылы шілдедегі мемлекеттік төңкеріс жасау талпынысына шетелде тұратын діни қайраткер Фетхулла Гүленді айыптайды.

Мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болғандар сәтсіздікке ұшырағаннан кейін елде 80 мыңнан астам адам тұтқындалып, 150 мың мемлекеттік қызметкер мен әскери жұмысынан айрылған. Ердоғанды сынаушылар билік іске аспай қалған бүлікті өзге пікірдегі адамдарды басып-жаншуға сылтау қылып пайдаланды дейді.

1999 жылдан бері АҚШ-та тұратын Фетхулла Гүлен 2013 жылға дейін Режеп Ердоғанмен жақын байланыста болған, кейін екеуі араздасып қалған. Түркия билігі АҚШ-тан оны беруді бірнеше рет талап еткенімен, Вашингтон Гүленді экстрадициялаудан бас тартты.

Фетхулла Гүлен бүлікке еш қатысы жоғын айтып, Анкараның таққан айыптарын жоққа шығарады. Түркия билігі Гүленнің "Хизмет" қозғалысына қатысы бар деген күдікпен қамауға алған мыңдаған адамның арасында саясаткерлер, судьялар, әскерилер мен қоғам қайраткерлері бар.

Ердоған кейін Орталық Азия елдеріндегі түрік мектептеріне де қысым жасай бастаған. 2016 жылы шілдедегі оқиғадан соң Түркия Қазақстаннан елдегі қазақ-түрік лицейлерін жабуды сұраған. Ресми Анкара қазақ-түрік лицейлерін "гүленшіл оқу орны" деп атаған еді.

2016 жылы 6 тамызда Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Анкарада Ердоғанмен ресми кездесуде "Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлерінің түрік діни жетекшісі Фетхулла Гүленмен байланысы бар-жоғы тексерілетінін" айтқан.

Кейін, 2017 жылы қазанда қазақ-түрік лицейлерінің атауы "Білім инновациялық лицей" болып өзгерді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG