Accessibility links

Азат Еуропа/Азаттық радиосы журналистердің "шетел агенті" тізіміне енгізілуін айыптайды


Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті Джейми Флай РФ әділет министрлігінің "шетел агенті" тізіміне Орыс қызметінің журналисі Елизавета Маетнаяны енгізуін айыптады.

"Біздің қызметкерлер - Ресейдің нағыз патриоттары, кәсіби біліктерін аудиторияға шынайы, тексерілген ақпарат ұсынуға жұмсайды. Кремль тарапынан тәуелсіз журналистерге күшейген шабуыл ресейліктерді тарихи маңызды сәттерде ақпарат алу мүмкіндігінен шектейді" деп мәлімдеді Флай.

15 шілдеде Маетнаядан басқа "шетел агенті" тізіміне тағы жеті журналист енгізілген: "Открытая медиа" басылымынан Юлия Яро мен Максим Глики, "Проект" редакциясының қызметкерлері Роман Баданин, Петр Маняхин, Ольга Чуракова, Мария Железнова мен Юлия Лукьянова.

"Проект" (Project Media, Inc. АҚШ-та тіркелген үкіметтік емес ұйым) жобасын да елдің бас прокуратурасы "шетел агенті" тізіміне енгізген. Онда бұл жоба елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп атап көрсетілген.

Ресейде "шетел агенті" тізіміне 28 жеке тұлға мен 10-ға жуық медиажоба енгізілген. Олардың ішінде Азаттықтың орыс қызметі мен журналистері бар.

Биыл жыл басында Роскомнадзор Азаттықтың орыс қызметін "шетел агенті" заңын бұзды деп сотқа берген. Сот шешіміне сәйкес, медиакорпорацияға 150 млн рубль айыппұл салынған.

Азаттық радиосы "шетел агенті" туралы заңды репрессиялық деп таниды және сот шешіміне қарсы Еуропа сотына шағымданатынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG