Accessibility links

"Демпартия" жақтастары Абзал Достияровқа медициналық көмек көрсетуді талап етті


Алматы полиция департаментінің алдына жиналған адамдар полициядан қамалған белсенділер туралы ақпаратты сұрап тұр. 7 шілде 2021 жыл.
Алматы полиция департаментінің алдына жиналған адамдар полициядан қамалған белсенділер туралы ақпаратты сұрап тұр. 7 шілде 2021 жыл.

16 шілдеде тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" 20-ға жуық мүшесі Алматы қалалық полиция департаменті алдына жиналып, белсенді Абзал Достияровқа дәрігерлерді жіберуді талап етті. Бір күн бұрын белсендінің адвокаты Жанар Балғабаева ұстау кезінде Достияровтың жарақаттанғанын, оған қысым көрсетілгенін хабарлаған. Ол қазір қалалық полиция департаментінің уақытша қамау изоляторында отыр. Белсенді қарсылық ретінде 15 шілдеден бастап аштық жариялаған.

Vlast сайтының жазуынша, жұма күні бір-екі белсенді полиция ғимаратының ішіне кіріп шыққанмен Достияровпен кездесе алмай шыққан. Белсенді Жанболат Мамайға іштегілер Достияровпен кездесу мүмкін еместігін жеткізген.

"Демпартия" белсенділері полиция бастығы орынбасарының аты-жөнін атап, "өтірікші Әбдірахманов, сыртқа шық!" деп айқайлаған. Наразылар Достияровты көрсетпейінше тарамайтынын айтып отыр.

Vlast таратқан суретте арнайы жасақтың полицияға кіреберісті бөгемек болған наразыларды ығыстырғаны көрінеді.

Полицейлер Достияровқа тек адвокаты Жанар Балғабаеваны ғана кіргізетінін айтқан. Көп кешікпей оқиға орнына адвокат та келді.

Ішке кіріп шыққан адвокат Достияровты N4 қалалық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен алып кеткенін хабарлады. Ол Достияровтың түрі "солғын" тартқанын айтып, полицейлердің одан "соққыға жығылғанын жоққа шығаратын өтініш алуға" тырысып жүргенін айтты.

Адвокаттың ақпаратына қарағанда, ұсталған күні Достияровты қалалық ауруханаға жеткізіп, медициналық тексеруден өткізген. Нәтижесінде "миы шайқалғаны" және "тізесін ауыртып алғаны" анықталған. Достияров бұған дейін адвокаты арқылы беріп жіберген хатта өзіне медициналық көмек көрсетілмей отырғанына шағымданған еді.

Полиция әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.

14 шілдеде Абзал Достияров пен тағы бір белсенді Әлімжан Ізбасаров "қоғамдық орындарда былапыт сөйлеп, жеке тұлғаны қорлағаны" үшін әрқайсысы 6 күнге қамалған еді. Оларға тағылған айып 6 шілде күнгі "Демпартия" акциясымен байланысты. Белсенділер тағылған айыптарды мойындамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG