Accessibility links

Қазақстан "Спутник Лайт" екпесін алдырмақ


Қазақстан санитарлық-эпидемиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова орталық коммуникациялық қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 16 шілде 2021 жыл.
Қазақстан санитарлық-эпидемиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова орталық коммуникациялық қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 16 шілде 2021 жыл.

Қазақстан ресейлік "Спутник Лайт" екпесін алдыру бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы баспасөз мәслихатында санитарлық-эпидемиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова хабарлады.

"Біз "Спутник Лайт" жөнінде өндірушімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Әзірге нақты көлемі мен өндіру орнын айта алмаймын. Келіссөз аяқталған соң, айтамыз" деді Есмағамбетова 16 шілде күнгі брифингте.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұл екпені уақытша тіркегені 15 шілде күні белгілі болған. Шенеуніктің сөзінше, "Спутник Лайт" дегеніміз – "Спутник V" екпесінің бірінші дозасы. Ол екпенің екі дозасын салдырғысы келмейтіндерге арналған.

Бірақ, "Спутник Лайт" екпесінің аурудан қорғау тиімділігі екі дозалы вакцинаныкіндей 91 пайыз емес, 80 пайыз. Сондай-ақ оның қорғауы 6 айға ғана жетеді.

Азаттық радиосы Есмағамбетовадан "Спутник Лайт" екпесі "Спутник V" екпесінің бірінші компонентіне тең болса, онда сол бірінші компонентті салдырғандар екіншісін алмай қоймай ма деп сұрады, шенеунік ондай адамдар болса, оларды екінші компонентті де салдыруға үгіттейміз деді.

Вакциналау науқанын 1 ақпанда бастаған Қазақстанда көбіне ресейлік "Спутник V" екпесі салынады. Бұдан бөлек қазақстандық QazVac пен Қытайдың Hayat-Vax және CoronaVac вакциналары бар. Соңғыларының қоры таусылып жатыр. Ал қазақстандық екпенің көлемі өндіру қуатының әлсіздігіне байланысты төмен болып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, осы күнге дейін 4,8 миллионға жуық адам екпенің бірінші компонентін алған, 2,7 миллионға жуық адам толық вакциналанған. Осыған дейін министрлік елдің 19 миллион халықтың 10 миллионы вакциналауға жатады деген.

Елде "дельта" варианты өршіген тұста, министрлік 2 шілдеден бастап вакцина салдыруды міндеттеуге көшті. 20-дан көп адам жұмыс істейтін қызмет көрсету ұжымдары вакцина салдыруға міндетті немесе қызметкер апта сайын теріс нәтижелі ПТР анықтамасын өткізуі керек. Екпе салдыруды көтере алмайтындар бұл міндеттен босатылған, бірақ денсаулық жағдайы туралы анықтама алуы керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG