Accessibility links

Қазақстанда 12 жастан асқан балаларға Pfizer екпесін салуы мүмкін


ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмагамбетова.
ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмагамбетова.

Қазақстанда балаларға 12 жастан бастап Pfizer вакцинасын салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. 16 шілде күнгі брифинг кезінде денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.

– Қазіргі кезде Pfizer вакцинасы балаларға 12 жастан бастап салынып жатыр. Сол себепті балаларды вакциналау мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Себебі Қазақстанда 12 мен 18 жас аралығында 2 миллион бала бар. Бұл халықтың едәуір бөлігін құрайды. Өкінішке қарай, қазір балалардың жиі ауырып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан біздің алдымызда ересектерді ғана емес, балаларды да қорғау міндеті тұр. Балаларды вакциналау ата-аналардың немесе ресми түрде қамқоршысы деп танылған адамдардың рұқсатымен жүзеге асырылады, – деді Айжан Есмағамбетова.

Есмағамбетованың айтуынша, биыл қаңтардан бері коронавируспен 31 188 бала тіркелген. Оның 86,5 пайызында ауру белгілері байқалмаған, 14,3 пайызында аурудың ауырлығы орташа болған. Шенеунік маусым айында қаңтарға қарағанда екі есе көп бала ауырды дейді.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі елге коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасы қазан айында жеткізілуі мүмкін деп хабарлаған. Қазақстан аталған компаниямен наурыз айынан бері келіссөз жүргізіп келеді. Есмағамбетованың айтуынша, компания Қазақстанға бірқатар "қатаң" талап қойған. Оларды қарастыру үшін біршама уақыт кеткен. Журналистер талаптардың қандай екенін сұрағанда, шенеунік келіссөз құпиясы туралы шартқа сілтеп, жауап бермеді.

Қазір Қазақстанда коронавирусқа қарсы қолданатын төрт түрлі вакцина бар: Қарағанды қаласында шығарылатын ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, Қытайдың Sinopharm компаниясының HayatVax екпесі (БАӘ елінде дайындалған) және Қытайдың Sinovac Biotech компаниясы жасап шығарған Coronavac вакцинасы. Оның екеуі – Sinopharm мен Sinovac Biotech екпелерін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мақұлдаған. 15 шілдеде Қазақстанның ресейлік екінші вакцина – "Спутник лайтты" уақытша тіркеуден өткізгені хабарланды.

Pfizer/BionTech — ДДСҰ пайдалануға рұқсат еткен вакциналардың бірі. ДДСҰ мақұлдаған препараттар тізімінде Pfizer/BionTech, Sinopharm және Sinovac Biotech екпелерімен бірге Moderna, Johnson & Johnson және AstraZeneca компаниясының Оксфорд университеті мен Оңтүстік Кореямен бірлесіп жасаған екі вакцинасы бар.

Қазақстанда кейінгі уақытта коронавирус жұқтырғандар саны күрт артты. Тәулік рекорды үшінші қатарынан жаңарып отыр. Ең кейінгі нәтижеге қарағанда, бір күнде 5,7 мың науқас тіркелген. Үкімет мұны «дельта» вариантының тарауымен байланыстырады.

Елде індет басталғалы барлығы 536 мың адамнан коронавирус анықталған, оның 8,3 мыңы қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырып қайтыс болған 2367 кісінің өлімі кірмейді. Денсаулық сақтау министрлігі бұл адамдар өзге аурудан қайтыс болды деп санайды.

16 шілдедегі дерек бойынша, елде 4,7 миллион адам вакцинаның кемі бір дозасын алған. Ал толық вакциналанғаны 2,7 миллионға жуықтайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG