Accessibility links

Ақмола облысында жұрт биліктің тәуелсіз кандидатты тіркемегеніне наразы болды


Тәуелсіз кандидатты тіркеуді талап етіп тұрған топ. Ақмола облысы, 19 шілде 2021 жыл.
Тәуелсіз кандидатты тіркеуді талап етіп тұрған топ. Ақмола облысы, 19 шілде 2021 жыл.

19 шілдеде Ақмола облысы Целиноград аудандық сотына осы ауданға қарасты Оразақ ауылының бір топ тұрғыны жиналып, әкім болуға кандидат ретінде тіркелген адамды ауыл әкімін сайлауға өткізбей отырғанына шағымданды. Кандидат ретінде тіркеле алмаған ауыл белсендісі биліктің өзін тіркемеуінен саяси астар іздейді, ал аудандық сайлау комиссия мұны жоққа шығарады.

Ақпаратқа қарағанда, 7 шілдеде Оразақ ауылының белсендісі Абылайхан Бижанов ауыл әкімі сайлауына құжаттарын өткізіп, 12 шілдеде өз-өзін ұсынушы кандидат ретінде тіркелген. Кандидат куәлігін алған. Алайда бес күннен соң аудандық сайлау комиссиясы "декларациясының күні дұрыс емес екенін" айтып, тіркеудің күшін жойған.

Шешіммен келіспеген белсенді комиссияны сотқа бергенмен 17 шілдеде Целиноград аудандық соты комиссияның шешімін заңды деп таныған.

19 шілдеде күндіз сот алдына жиналған ауылдың 20 шақты тұрғыны сот шешімін түсіндіруді және Бижановты кандидаттар арасына қайта қосуды талап етті. Наразылардың алдына аудандық сот төрайымы Ажаргүл Шамшынұрова шығып, жағдайды түсіндірді. Оның айтуынша, "Бижанов декларацияның заңдылығын көрсететін дәлел құжат ұсынбаған". Дегенмен ауыл тұрғындары сот төрайымының жауабына қанағаттанбады. Олар "егер халық ұсынған кандидатты билік тіркемесе, сайлауға мүлде бойкот жариялаймыз" деп отыр.

Тәуелсіз кандидатты тіркеуді талап етіп, сот алдына жиналған наразылар. Ақмола облысы, 19 шілде 2021 жыл
Тәуелсіз кандидатты тіркеуді талап етіп, сот алдына жиналған наразылар. Ақмола облысы, 19 шілде 2021 жыл

Бижановтың өзі "аудандық сайлау комиссиясы қатені бірден неге айтпады? Неге 10 күннен кейін – тіркеу аяқталған соң бір-ақ айтып отыр?" деп ашуланды.

– Егер қателікті бірден айтса, дұрыстап қайта жіберетін едім. Билік ауыл әкімін сайлауды қанша мақтап жатқанмен барлық кандидатқа бірдей мүмкіндік беріліп жатқан жоқ. Билік өз адамдарын өткізуге талпынып жатыр деп ойлаймын. Халық ұсынып жатқан кандидаттарға құқықтық көмек беріп, құжаттарын қабылдау бойынша жағдай жасауы керек еді, - деді Абылайхан Бижанов.

Ал аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Төлеген Төлеубаев тіркеу процесінің "саясиланғанын" жоққа шығарды.

– 16 шілде кешке бізге салық басқармасынан декларация бойынша тексеру қағаз келді. Оған сәйкес, Бижанов мырза декларацияны 1 мамырда тапсырған. Ал заң бойынша ол 1 маусымда тапсыруы керек. Сол себепті оның тіркеуін жойдық. Мен оның екінші декларациясын көргем жоқ. Біз заң бойынша әрекет еттік. Заңнан аттап өте алмаймыз, – деді аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Төлеген Төлеубаев Азаттық тілшісіне.

Қазақстанда ауыл әкімін тіке сайлау 25 шілдеде өтеді. Республика бойынша 730 әкім сайланады деп айтылады. Жыл соңына дейін тағы 45 әкім сайлануы тиіс. Бұған дейін билік ауыл әкімін тіке сайлау белсенділерге потенциалын жүзеге асыруға толық мүмкіндік береді деп науқанды мақтаған. Бұған скептицизммен қарайтын мамандар да бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG