Accessibility links

Ауыл әкімі сайлауына кандидат ретінде тіркеліп, артынша тізімнен шығып қалған тұрғынның хикаясы


Ақмола облысы Оразақ ауылының тумасы Абылайхан Бижанов ауыл әкімдігіне сайлауға кандидатурасын ұсынғанымен, кейін тізімнен шығып қалған.
Ақмола облысы Оразақ ауылының тумасы Абылайхан Бижанов ауыл әкімдігіне сайлауға кандидатурасын ұсынғанымен, кейін тізімнен шығып қалған.

Ақмола облысы Целиноград ауданы Оразақ ауылының тумасы Абылайхан Бижанов ауыл әкімі сайлауына өз-өзін кандидат ретінде ұсынған. Сайлау комиссиясы оның құжаттарын қабылдап, кандидат ретінде тіркейді. Бижанов 25 шілдеге белгіленген сайлауға үгіт-насихатты қызу жүргізіп жатқанда аяқ астынан "салық декларациясын дұрыс тапсырмағаны үшін" кандидаттар тізімінен шығып қалған. Сайлауға санаулы күн қалғанда тізімнен түсіп қалған ауыл тұрғыны бұл жағдайды түсінбей дал. Бұған оразақтықтар да наразы.

"ТӨБЕМНЕН ЖАЙ ТҮСКЕНДЕЙ БОЛДЫ"

Екі мыңдай тұрғыны бар Оразақ ауылында көзге алдымен қираған һәм ескі ғимараттар мен үйлер түседі. Ауылда жөнді жол да жоқ. Сайлауға бес-алты күн қалса да, ауыл жым-жырт, кандидаттардың үгіт науқанын жүргізіп жатқаны байқалмайды. Осында туып-өскен 49 жастағы Абылайхан Бижанов әкім болып, туған жерінің жағдайын жақсартқысы келеді (Қазір жұмысына байланысты Нұр-Сұлтан қаласында уақытша тұратынын, тіркеуі осы ауылда екенін айтады).

Ол сайлауға өз-өзін кандидат ретінде ұсынып, үш үміткермен әкімдікке таласпақ болған. Олардың бірі сайлауға билік партиясы "Нұр Отанның" атынан түсіп жатыр.

Ақмола облысы Оразақ ауылы. 19 шілде 2021 жыл.
Ақмола облысы Оразақ ауылы. 19 шілде 2021 жыл.

Бижанов 7 шілдеде Оразақ ауылының әкімі сайлауына құжаттарын өткізіп, 12 шілдеде өз-өзін ұсынушы кандидат ретінде тіркелген әрі кандидат куәлігін алған. Құжат қолына тие сала, сайлауға қызу дайындықты бастап, үгіт парақшаларын жасатқан, тұрғындармен бірнеше рет кездескен.

Бірақ аяқ асты Целиноград аудандық сайлау комиссиясы өз-өзін ұсынған кандидатты тізімнен алып тастайды.

– 17 шілде күні таңертең ауылға үгіт плакаттарымды ілуге келе жатқанмын, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы "келіп кетіңіз" деп хабарласты, телефонмен айтпады. Барсам "салық комитеті сіздің декларацияңызды кеше ғана тексерді, сізді кандидаттар тізімінен алып тастауға мәжбүрміз" деді. Төбемнен жәй түскендей болды. Бірақ мұнымен келіспеймін, сотқа беремін дедім, – дейді ол.

Сайлау комиссиясы мен салық комитеті "Бижанов маусымның емес шілденің салық декларациясын тапсырған, заң бойынша маусымның декларациясын тапсыруы керек еді, салық декларациясының датасында қате бар" деп кандидат тізімінен алып тастаған (Сайлау заңының 113-5 бабына сай, кандидаттарды ұсыну басталған айдың бірінші күніндегі декларация тапсырылады).

– Декларацияны тапсырған соң он күн өткенде "қате" дейді. Он күн! Маған сол кезде бірден айтса, салық декларациясын дереу қайта жасатар едім ғой, – дейді Бижанов ашуланып.

Сайлау заңының 113-5 бабына сай, салық органдары декларацияны бес күннің ішінде тексеруі тиіс. Ал Целиноград ауданы сайлау комиссиясының хатшысы Төлеген Төлеубаев "сайлау комиссиясы Бижанов ұсынған декларацияны бірден тексеруге міндетті емес, әрі ол салық органының жұмысы" деп шорт кесті.

Ақмола облысы Целиноград ауданы сайлау комиссиясының хатшысы Төлеген Төлеубаев. 19 шілде 2021 жыл.
Ақмола облысы Целиноград ауданы сайлау комиссиясының хатшысы Төлеген Төлеубаев. 19 шілде 2021 жыл.

– Салық органдары қалай тексеруді аяқтады, Бижановқа солай хабарладық, – деді ол.

Төлеубаев сайлауға кандидат тіркеу аяқталғанын айтады.

СОТҚА ШАҒЫМДАНУ ҺӘМ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Бижанов Целиноград ауданы сайлау комиссиясын дереу 17 шілдеде сотқа берген. Аудандық соттың төрағасы әрі судьясы Ажаргүл Шамшынұрова 18 шілдеде сайлау комиссиясының шешімін заңды деп таныған. Ол Бижановтың сотта жеткілікті дәлел ұсынбағанын айтады.

19 шілдеде ауыл тұрғындары сайлау комиссиясы мен судьяның шешімінде саяси астар бар деп аудандық соттың алдына жиналды. Тұрғындар сот шешіміне шағымданбақ болып еді, сот бұл іске тұрғындардың қатысы жоқ деп шағымды қабылдамады. Осыдан соң Оразақ тұрғындары сот алдына шығып тағы наразылық білдірді.

Ақмола облысы Оразақ ауылының тұрғындары Целиноград ауданы сотында арыз жазып жатыр. 19 шілде 2021 жыл.
Ақмола облысы Оразақ ауылының тұрғындары Целиноград ауданы сотында арыз жазып жатыр. 19 шілде 2021 жыл.

Тұрғындарды бастап келген Оразақ ауылындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Асылбек Рамазанұлы "соттың да, аудандық сайлау комиссиясының да шешімі бұл сайлаудың әділетсіз екенін көрсетті" деп санайды.

– Жоғарғы билік тұрғындар ұсынған үміткерді қолдамайды. Сондықтан аяқтан шалу болып тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарлығында халық өз қалаулысын таңдасын деп еді ғой? Билік әлі күнге дейін өз кандидатын тыққысы келіп отыр, – дейді ол.

Жиналғандар сот алдында бірнеше сағат болып, кейін ауылға барып орталық көшеде тағы жиналды. Билік Бижановты кандидат ретінде тіркемесе, сайлауға бармаймыз, ешкімге дауыс бермейміз десті. Кейбірі "сайлауға бойкот жариялаймыз" деді.

Ақмола облысы Оразақ ауылының тұрғындары ауылда Бижановтың кандидатурасын тіркеуді талап етіп тұр. 19 шілде 2021 жыл.
Ақмола облысы Оразақ ауылының тұрғындары ауылда Бижановтың кандидатурасын тіркеуді талап етіп тұр. 19 шілде 2021 жыл.

– Халықтың атынан ұсынып отырған адамды декларациясы дұрыс емес деп алып тастайды, бірақ сот қараған кезде құжаттарды ашпаған да сияқты. Біз шешіммен келіспейміз, – дейді ауыл тұрғыны Бекзат Қапбасов.

Басқа жиналғандар "Бижановты тіркесін" деп ұрандатты. Тұрғындар қалған үш кандидат осы ауылдан екенін, бірақ олардың үгіт-насихатын, жиын өткізгенін көрмегенін айтады.

"САУАТСЫЗДЫҚ"

Бірнеше сайлауда бақылаушы болған құқық қорғаушы, заңгер Маржан Аспандиярова ауыл тұрғынының кандидат тізімінен шығып қалғанын мемлекеттік органдар мен сайлау комиссиясының салғырттығы деп бағалайды.

– Сайлау туралы заңның 113-5 бабында кандидат болып тіркелгенге дейін айдың бірінші күні алынған декларацияны тапсырады деп анық жазылған. Оны мемлекеттік кіріс органдары бес күн ішінде тексереді. Салық органы өз тарапынан мекемелерге сұрау салып, терең тексергісі келсе басқа мемекелер салық органына үш күн ішінде жауап беруі керек. Яғни, қай жағынан алсаңыз да заңсыз. Аудандық сайлау комиссиясы бірінші тіркелдің деп, одан кейін тіркей алмаймыз дегені олардың сауатсыздығын я өздерінің қателескендерін көрсетеді. Сайлауда мемлекеттік органдар жедел жұмыс істеуі керек. Ол туралы сайлау заңында жазылған, орталық сайлау комиссиясының нұсқаулығында да бар. Бұл әрекетті үміткерді шеттету, – дейді заңгер.

Ауыл әкімі сайлауына өзін ұсынған кандидат додадан қалай шеттетілді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:57 0:00

Ал "тозған ауылымды түзесем" деген Бижанов кандидат болып тіркелуден үмітін үзбеген. Ол Целиноград аудандық сотының шешіміне қарсы Ақмола облыстық сотына аппеляциялық шағым түсірген. Сот арызды өндіріске алғанымен, істің қашан қаралары белгісіз. Бижанов қате декларация өткізгенін жоққа шығармайды, бірақ он күн ұстамай бірден ескерткенде түзер едім деп отыр.

– Партиядан түсіп жатқандар, әкімдікте қызмет істейтіндер күніне осындай құжаттармен айналысады. Мүмкін көмекшілері де бар шығар. Біз сияқты халықтан шығып жатқан [кандидаттарға] семинар ретінде құжаттарды қалай дайындау керегін көрсетсе ғой. Саяси науқанға салғырт қарап жатыр деп ойлаймын, – дейді ол.

25 шілдеде Қазақстана алғаш рет ауылдық округ әкімдерін тіке сайлау өтеді (1999 жылы бір ауылда әкім сайлауы сынақ ретінде өткен еді).

Ел бойынша 700-ден астам әкім сайланады. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, сайлау өткізуге Орталық сайлау комиссиясы арқылы 4,8 миллиард теңге бөлінеді. Билік 2025 жылға дейін әкімдерді сайлауға 17,6 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның әкімшілігі алдағы ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімін сайлауды "демократиялану" қадамы деп атап, "саяси реформаның" кезекті сатысы ретінде көрсеткісі келеді. Билік сыншылары Тоқаев бастамасымен өтіп жатқан бұл науқанның үлкен өзгеріс әкелмейтінін айтады. Қолында билігі бар аудан, облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері әлі де тағайындалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG