Accessibility links

Орал тұрғыны ауыз судың берілмеуіне байланысты наразылық білдірді


Орал тұрғыны Әділбек Таңжарықов.
Орал тұрғыны Әділбек Таңжарықов.

Оралдағы ықшам аудандардың бірінде тұратын Әділбек Таңжарықов ауыз су мәселесін шешуді талап етіп, су шаруашылығы мекемесінің алдына барды. Айтуынша, өзі тұратын ауданда техникалық ақауға байланысты үнемі су тоқтап қалады.

20 шілдеде сағат кешкі бес шамасында Әділбек Таңжарықов "Батыс су арнасы" мекемесінің кеңсесіне барып, су мәселесін шешуді талап етті. Жексенбі күні бүкіл қалада су біресе тоқтап, біресе беріліп жатты. Биліктің түсіндіруінше, насос станциясынан келетін су мөлшері шектелген. Су тапшылығы судан туындаған.

— Су жоқ! Су жоқ! Су бермейінше, үйге су келмейінше осында тұра беремін, — деді Әділбек Таңжарықов.

Оның сөзіне қарағанда, ол қала және облыс билігіне наразылыққа шығатынын ескерткен. Ал әкімдік өкілдері кешкі сағат алтыларда үйлерге су берілетінін хабарлады.

— Суды жіберді, арыны жақсы, алтыға таман су берілді – маған су келгенін бірден хабарлады, — деді кейін Таңжарықов Азаттыққа.

Оралдағы кейбір ықшам ауданның тұрғындары бес жылдан бері құбыр жүйесіндегі ақауларға байланысты сусыз қалып жүр. Соңғы рет маусым айында үш ірі ықшам аудан тұрғындары насос станциясындағы апатқа байланысты бір апта сусыз қалды. Тұрғындарға арнайы су таситын көліктермен су жеткізілді. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, мұндай мәселе соңғы жеті жылда жиі қайталанып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG