АҚШ пен Германия "Солтүстік ағыс-2" жобасын санкциясыз аяқтау жөнінде келісімге келді. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Виктория Нуланд мәлімдеді.
Оның сөзінше, Вашингтон мен Берлин Ресей газын Украина арқылы тасымалдау жобасын 10 жылға созады. Қазіргі қолданыстағы келісім мерзімі 2024 жылға дейін болған.
Нуланд АҚШ пен Германия Украинаның Ресей газына тәуелділігін барынша азайтуға тырысамыз деп атап өтті. Бұдан бөлек, егер Мәскеу көрші елдерге энергия ресурстары арқылы қысым жасайтын болса, Германия санкция салады.
Украина энергия ресурсын диверсификациялау үшін Берлин мен Вашингтоннан қаржылай көмек алады.
Ресей президенті Владимир Путин мен Германия канцлері Ангела Меркель телефон арқылы сөйлескен кезде, "Солтүстік ағыс-2" жобасы құрылысының аяқталуға жақын екенін, құрылыс жұмысына көңілі толатынын жеткізген. Бұл жөнінде Кремльдің баспасөз қызметі хабарлады.
"Солтүстік ағыс – 2" жобасының құрылысы 2016 жылы басталған. Құрылыс 2019 жылы аяқталуы тиіс болған, бірақ АҚШ санкциясы қаупінен тоқтап қалған.
2021 жылдың басында құрылыс жұмысы қайта жалғасты.
Вашингтон Ресейден Германияға тікелей тасымалданатын газ көлемін екі есе арттыруға арналған "Солтүстік ағыс-2" құбыр жобасы Батыс Еуропаны Ресейдің табиғи энергия ресурстарына тәуелділігін бұрынғыдан да күшейте түседі деп қауіптенеді. АҚШ Еуропа Одағына сұйылтылған газ жеткізуге дайын екенін және одақ елдерінің инфрақұрылымына ақша құятынын айтқан.
ПІКІРЛЕР