Accessibility links

Қазақстанда бір күнде 77 адам коронавирус пен "пневмониядан" қайтыс болды


Жедел жәрдем қызметкерлері. 10 сәуір 2020 жыл.
Жедел жәрдем қызметкерлері. 10 сәуір 2020 жыл.

21 шілдеде Қазақстанда 5708 адамның коронавирус тесті оң көрсетті. Індет басталғалы бері бір күнде осынша көп науқас тіркелмеген. Екі күн бұрын 34 адамға коронавирус пневмониясы жұққан. Денсаулық сақтау министрлігінің бейсенбі күнгі хабарламасында осындай ақпарат жазылған.

Министрлік коронавируспен байланысты адам өлімі көрсеткішіне байланысты екі күн бұрынғы мәліметті жариялайды. 20 шілдеде 77 адам коронавирус пен коронавирус пневмониясынан қайтыс болды.

Кейінгі апталарда бұрын-соңды болмаған коронавирус көрсеткіштері тіркеліп жатыр. Денсаулық сақтау саласының мамандары мұны "дельта штаммен" байланыстырады. Ол вирустың кәдімгі түріне қарағанда әлдеқайда тез жұғады әрі ушығуы да жылдам.

Қазір Нұр-Сұлтанда күн сайын орташа есеппен 1200-1300 адамнан коронавирус анықталып жүр. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Бір тәулікте Алматыда (өткен тәулікте 993) мен Қарағанды облысында (698) жүздеген науқас анықталып жатыр. Қалған облыстар мен қалаларда 90 мен 450 аралығында науқас тіркеліп жүр.

Елде вирус күшейді. Қазір "жасыл аймақта" бірде-бір облыс не қала қалған жоқ. Түркістан мен Шығыс Қазақстан облысы "сары аймақта". Қалған облыстар мен қалалар "қызыл аймақта" тұр.

Індет басталғалы бері 509 мыңнан астам адамның коронавирус тесті оң шыққан. Бұған коронавирус жұқтырып қайтыс болған 2300-ден астам адамның өлімі кірмей қалған. Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, олар "өзге аурудан қайтыс болған". Бірақ ДДСҰ нұсқаулығында оқыс жағдайдан өзгенің бәрін коронавирус өлімі статистикасына қосу қажет деп жазылған.

Бұдан бөлек ПТР тесті теріс нәтиже көрсетіп, бірақ ауру белгілері коронавирустыкіне ұқсайтын пневмония есебі бар. Үкімет бұл есепті былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері пневмонияның бұл түріне 58 мыңнан астам адам шалдыққан.

2020 жылдың наурыз айынан бері коронавирус тесті оң шыққандар арасында 5180 адам қайтыс болған. 3575 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмған.

Қазір 65 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 20 мыңнан астамы стационарда жатыр. 46 мыңнан астамы амбулаториялық жағдайда ем қабылдап жатыр. 168 науқас жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Бұған дейін ауруханаларда орын жетпей жатқаны хабарланды. Кейбір қалаларда қонақ үйлер, спорт кешендері инфекциялық стационарға айналды.

22 шілдедегі дерек бойынша, Қазақстанда 5 миллион адам коронавирус екпесінің кемі бір компонентін салдырған. Екпені толық алғандар 3 миллионға жуықтады.

Елде ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, қытайлық Hayat-Vax және CoronaVac екпелерін салады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG