Accessibility links

Токио-2020: Дзюдошы Сметов 1/2 финалға жетсе, жапон Такатомен белдесуі мүмкін


Елдос Сметов (көк формада) Рио олимпиадасында
Елдос Сметов (көк формада) Рио олимпиадасында

22 шілдеде Токио олимпиадасында дзюдодан жеребе тартылды. 60 келіде Рио олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметов екінші айналымда Михрач Аккуш (Түркия)/Намгял Нгаванг (Бутан) жұбының жеңімпазымен кездеседі.

  • Үшінші айналымдағы потенциалды қарсыластары: әлем чемпионатының қола жүлдегері Ким Вон Джин (Корея) немесе Панамерика чемпионы Эрик Такабатаке (Бразилия)
  • Жартылай финалдағы потенциалды қарсыласы: үш дүркін әлем чемпионы, Рио ойындарының қола жүлдегері Наохиса Такато (Жапония) немесе 2019 жылғы әлем чемпионы Лукум Чхвимиани (Грузия).

66 келіде Ержан Серікжанов (2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері) алғашқы айналымда әзербайжандық Орхан Сафаровпен (2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері) кездеседі. Оны жеңсе, 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мануэль Ломбардомен белдеседі. Серікжанов жартылай финалға шықса, жапониялық Абэ Хифумимен (2017, 2018 жылғы әлем чемпионы) кездесуі мүмкін.

73 келіде Жансай Смағұлов алғашқы айналымда Фердинанд Карапетянмен (Армения) белдеседі. 81 келіде Дидар Хамза Моңғолия атынан сынға түсетін Саед Моллаеимен (2018 жылғы әлем чемпионы. Иранда туған, кейін Иран дзюдо федерациясымен келіспей Моңғолияға кеткен) кездеседі.

90 келіде Ислам Бозбаев бірінші айналымда бразилиялық Рафаэль Македомен татамиге шығады.

Әйелдер арасында 48 келіде қазақстандық Галбадрах Отгонцэцэг (2016 жылы Рио олимпиадасында қола алған, Моңғолиядан келген легионер) алғашқы айналымды 2019, 2021 жылғы Азия чемпионы Ли Янанмен (Қытай) кездеседі. Отгонцэцэгтің тобында 2018, 2019 жылғы әлем чемпионы Дарья Вилодад (Украина) бар. Ол топтан шығып, жартылай финалға өтсе жапон Тонаки Фунамен (2017 жылғы әлем чемпионы; 2018-2019 жылдары әлем біріншілігінде күміс алған) кездесуі мүмкін.

Сметов пен Галбадрах финалға шықса, үлкен сенсация болмақ

Азаттық тілшісі Руслан Меделбек Токиодан хабарлайды:

Қазақстандық жанкүйерлер Сметов, Серікжанов және Отгонцэцэгтен жүлде күтеді. Бірақ қазақстандық дзюдошылар үшін жеребе оңай болған жоқ. Мұны ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев те жоққа шығармайды. Сметов үшін Ким Вон Джин де (Оңтүстік Корея), жапониялық Наохиса Такато да қиын қарсылас. Сметов Такатомен бұған дейін бес рет кездескен, бәрін де жеңілген. Грузиялық балуан Чхвимиани былтыр әлем чемпионы атанған. Сметов осы қарсыластарын жеңіп, финалға шығып жатса, үлкен сенсация болмақ. Ал 66 келіде Серікжанов үшін Сафаров та, Ломбардо да қиын қарсыластар. Екеуін жеңіп жатса, жартылай финалда жапониялық екі дүркін әлем чемпионы Абе күтуі мүмкін. Ломбардо мен Абе – 66 келіде олимпиада фавориті.

48 келіде Галбадрах Отгонцэцэгтің де қарсыластары мықты. Екі дүркін әлем чемпионы Дарья Вилодад (Украина) пен Тонаки Фуна (Жапония) 48 келінің фавориттері. Галбадрах финалға шығуы үшін осы екі қарсыласын жеңуі керек. Қазақстандық дзюдошы Вилодадпен төрт рет кездесіп, үш рет жеңілген. Ал Фунамен төрт рет кездесіп, екеуі екі реттен жеңіске жеткен. Галбадрах та финалға шықса, Қазақстан үшін үлкен жетістік болмақ.

Дзюдодан Қазақстан құрамасы олимпиадаға бес ер, бір әйел спортшы алып барды.

Токиодағы олимпиада 23 шілде – 9 тамызда өтеді. Бұл жарысқа Қазақстан 97 жолама алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG