Accessibility links

Қазақстан арналарынан Олимпиада ойындарының ашылу рәсімі көрсетілмеуі мүмкін


Қазақстан туын ұстап тұрған жанкүйер. Көрнекі сурет.
Қазақстан туын ұстап тұрған жанкүйер. Көрнекі сурет.

Токиодағы жазғы олимпиада ойындарының ашылу рәсіміне небәрі бірнеше сағат қалды. Дегенмен ашылу рәсімі Қазақстанның телеарналарынан көрсетіле ме, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Бұған дейін Қазақстан билігі "Олимпиада ойындарын тікелей эфирде тарату құқығына ие компаниямен келіссөз жүргізіп жатырмыз, құқық иесі трансляция лицензиясының құнын қымбаттатып жіберген, келіссөз жалғасып жатыр" деп мәлімдеген.

22 шілдеде мәдениет және спорт министрлігіне қарасты спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев жергілікті "Студия 7" бағдарламасы кезінде "трансляция болады деп үміттенеміз" деп айтқан.

– Трансляция болады деп үміттенеміз. Қазіргі кезде ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп келіссөз жүргізіп жатырмыз. Жақын арада хабар береміз. Дегенмен трансляция болады деп үміттенеміз, - деген еді Серік Сәпиев.

Әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар мәселеге алаңдай бастаған. Almagul Isina есімді қолданушы Facebook-та "Бүгінгі ашылу церемониясы Қазақстан Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде бірінші рет көрсетілмейін деп тұр" деп арна басшылары мен билік өкілдерін сынады.

Ашылу рәсімі 23 шілде Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 17.00-де басталады. Салтанатты рәсім Токио ұлттық стадионында өтеді. Шараға әлемнің 205 елінің спортшысы қатысады.

Токиода коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланғандықтан ашылу рәсімінде көрермендер болмайды. 68 мың орындық стадионда небәрі мыңға жуық адам болады. Шараға әлемнің 15 елінің басшысы қатысады.

Олимпиада ойындары 23 шілде – 9 тамызда өтеді. Бұл жарысқа Қазақстан 97 жолдама алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG