Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаннан кейін қайтыс болған әйелдің өліміне байланысты сарапшылар комиссиясын құрды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
Денсаулық сақтау вице-министрі Жалалидин Рахматуллаевтың сөзіне қарағанда, әйелге 19 шілдеде таңертеңгі сағат 8 жарымда "Спутник V"вакцинасы салынған.
"22 шілдеде қайтыс болды. Оқиғаға байланысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр, оның нәтижесін хабарлаймыз" деді Рахматуллаев.
Қырғызстанда адамдарға ресейлік "Спутник V" пен қытайлық Sinopharm вакцинасы салынып жатыр. Осы аптада елге швед-британ компаниялары әзірлеген AstraZeneca препараты жеткізілді.
Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігіне қарасты электронды денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, елде 427 мың 672 адамға коронавирусқа қарсы вакцина егілген. 104 мыңы екінші дозасын алған.