Accessibility links

Қырғыз-тәжік шекарасында тағы атыс болды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қырғыз-тәжік шекарасындағы Кум-Мазар елді мекенінде тағы атыс болды. Ақпаратқа қарағанда, кикілжің шекарасы әлі анықталмаған даулы аумақта болған.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметінің хабарлауынша, 24 шілдеде шекара маңында тұратын тәжік ауылының тұрғындары қырғыз жағының келісімінсіз "аумақты құмнан тазарту жұмыстарын" жүргізе бастаған. Оқиға орнына қырғыз шекарашылары, жергілікті билік өкілдері мен тұрғындар жиналған. Қырғыз жағы жұмысты тоқтатуды талап еткен кезде тәжік жағы орындамаған.

"Онымен қоймай, Тәжікстан азаматтары Қырғызстан азаматын ұрып-соғуға тырысты. Бұдан соң екі елдің тұрғындары төбелесіп, бір-біріне тас атқан" деп хабарлады Қырғызстан шекара қызметі.

Қырғыз тарабының айтуынша, төбелес кезінде тәжік шекарашылары қырғыз жағына қарай оқ атқан. Бұған жауап ретінде қырғыз шекарашылары да оқ атқан. Шекара қызметінің хабарлауынша, қырғыздар жағынан жараланғандар жоқ.

Ал тәжіктің Чоркух ауылының тұрғындары қырғыз шекарашылары бірінші оқ атты деп қырғыз тарабын кінәлады. Олар Азаттықтың Тәжік қызметіне оқиға демалыс орнын тазалау кезінде болғанын хабарлаған. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, атыс шамамен он минутқа созылған. Жергілікті билік ақпаратты растап, оқиға орнына қала әкімдігінің өкілдері барғанын айтты.

Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, оқиға кезінде 19 жастағы тәжік шекарашысы Шухрат Курбонов жараланған. Ол Исфара қаласының орталық ауруханасына жеткізілген.

Ақпаратқа қарағанда, қазір екі жақтың билік өкілдері мәселені талқылап жатыр. Оқиға орнында жағдай тұрақты деп айтылады.

Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы – 970 шақырым. Қазірге дейін 504 километріне делимитация және демаркация жүргізілген.

Ал шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Даудың соңы жанжалға ұласып, тараптар бір-біріне тас атады, кейде қарудан оқ атады.

28-30 сәуірде қырғыз-тәжік шекарасында болған жанжалдан 50-ден астам адам қаза болған, жүздеген адам зардап шеккен. (Қырғыз жағы 36 қырғыз азаматы, тәжік тарабы 19 адамның опат болғанын хабарлады). Екі жақ бір-бірін жағдайды ушықтырды деп айыптап, қылмыстық істер қозғаған.

8 шілдеде шекарада тағы атыс болып, соның салдарынан бір қырғыз шекарашасы мерт болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG