Accessibility links

Ауыл әкімін сайлауда негізінен "Нұр Отан" кандидаттары мен мемлекеттік қызметкерлер жеңген


Қызылорда облысындағы сайлау учаскелерінің бірі. 25 шілде 2021 жыл.
Қызылорда облысындағы сайлау учаскелерінің бірі. 25 шілде 2021 жыл.

Қазақстанда ауыл әкімін тіке сайлауда негізінен "Нұр Отан" кандидаттары мен мемлекеттік қызметкерлер жеңген. Өз-өзін ұсынғандар арасында жеңіске жеткендері аз. Мемлекеттік "Казправда" басылымына шыққан мақаладан осыны аңғаруға болады.

Ондағы ақпаратқа қарағанда, Түркістан мен Қарағанды облысында өз-өзін ұсынғандар арасында жеңгендер салыстырмалы түрде көбірек.

25 шілдеде Қазақстанның 14 облысында 730 ауыл әкімін сайлау өткен. Жыл соңына дейін тағы 45 әкім сайланады. Жалпы елде 2346 әкім бар. Қалғаны келесі жылы сайлануы тиіс.

Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбе облысында 35 әкім сайланған. Сайлау қорытындысы бойынша, "Нұр Отанның" – 28 кандидаты, "Ауылдың" – 2, "Ақ жол", "Адал", "Қазақстанның халық партиясының" әрқайсынан бір кандидаттан жеңген. Мұнда өз-өзін ұсынған екі адам жеңіске жеткен.

Түркістан облысында 60 ауыл әкімі сайланған. "Нұр Отанның" – 41 кандидаты, "Ауылдың" – 1, "Адалдың" бір кандидаты жеңген. Мұнда өз-өзін ұсынған 17 адам жеңіске жеткен. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш болса керек.

Алматы облысында жеңіске жеткен 71 адамның 60-ын саяси партиялар ұсынған, 11-і өз-өзін ұсынған кандидаттар.

Атырау облысында сайланған 18 әкімнің 15-і – "Нұр Отандыкы", біреуі – "Адал" партиясының мүшесі. Екеуі – өз-өзін ұсынған.

Шығыс Қазақстан облысына жеңіске жеткен 77 адамның 60-ы – "Нұр Отан" кандидаты. 11 адамды – "Ауыл" ұсынған, екеуі – "Адал", біреуі – "Ақ жол", біреуі – "Қазақстанның халық партиясының" мүшесі. Екеуі – өз-өзін ұсынған.

Жамбыл облысында "Нұр Отанның" 31 кандидаты, "Ауылдың" – 1, "Ақ жолдың" – 1, "Қазақстанның халық партиясының" бір мүшесі жеңіске жеткен. Мұнда өз-өзін ұсынған үш адам жеңіске жеткен.

Батыс Қазақстан облысында "Нұр Отанның" – 22 кандидаты, "Ауылдың" – 1, "Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының" 1 мүшесі жеңіске жеткен. Өз-өзін ұсынған жеті адам көп дауыс жинаған.

Қарағанды облысында "Нұр Отанның" 56 кандидаты, "Ауылдың" – 3, "Ақ жолдың" – 1, "Адалдың" бір кандидаты жеңіске жеткен. Мұнда жеңгендер арасында өз өзін ұсынған 14 кандидат бар.

Қостанай облысында "Нұр Отанның" – 52 кандидаты, "Ауылдың" – 2, "Ақ жолдың" – 2, "Адалдың" екі кандидаты жеңіске жеткен. Мұнда жеңгендер арасында өз өзін ұсынған 7 кандидат бар.

Ресми ақпарат бойынша, Қызылорда облысында партиялар ұсынған 35 адам жеңген. 30-ы – "Нұр Отандыкы". Мұнда өз-өзін ұсынған 75 адамның бесеуі ауыл әкімі сайлауында көп дауыс алған.

Павлодар облысында "Нұр Отанның" 34 кандидаты жеңген. "Ауылдың" – 2 адамы, "Ақ жолдың" – 1, "Адалдың" бір кандидаты жеңіске жеткен. Өз-өзін ұсынған 6 әкім жеңген.

Аймақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, жеңгендердің арасында мемлекеттік қызмет істейтін немесе бұрын әкім болғандар көп.

25 шілдеде Қазақстанда ауыл әкімін сайлау өткен. Биыл заңнамаға енгізілген өзгертулерге сәйкес, алғаш рет ауыл әкімін халықтың өзі сайлайды. Билік мұны "демократияға бастайтын үлкен өзгеріс" деп атаса, сыншылар "кандидаттарға бірдей жағдай жасалмаған, тәуелсіз кандидаттарға кедергі көп" дегенді алға тартқан.

Жергілікті белсенділер мен бақылаушылардың айтуынша мемлекеттік қызметте кемі бір жыл немесе қоғамдық ұйымды кемінде 2 жыл басқарған адам болуы керек деген талап кандидат болғысы келетін адамдарды азайтқанға ұқсайды. Өйткені шағын ауылдарда ауыл әкімі мен әкімдіктегі бірер қызметтен өзге мемлекеттік қызмет жоқ.

Бұған дейін кейбір аймақта өз-өзін ұсынғандардың кандидат ретінде тіркеле алмағаны хабарланған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG