Accessibility links

Әкім сайлауы: билік халық белсенді болды дейді, бақылаушылар бұған күмән келтіреді


Қарағанды облысы Мустафин кентіндегі сайлау учаскесі. 25 шілде, 2021 жыл.
Қарағанды облысы Мустафин кентіндегі сайлау учаскесі. 25 шілде, 2021 жыл.

Қарағанды облысындағы ауылдық округтер әкімдерін сайлауға 60 мыңдай сайлаушы қатысты, бұл – тіркелген дауыс берушілердің 74 пайызы деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы 25 шілдеде сағат 21-де өткен онлайн брифингте.

– Меніңше, бақылаушылар да, сенімді өкілдер де, ақпарат құралдары да өте белсенді болды, себебі – бұл ауылдық округ әкімдерінің алғашқы сайлауы. Қазір кей сайлау учаскелерінде әкімдерге кандидаттарға берілген дауыстарды санап, хаттама толтыру әлі жүріп жатыр. Бірақ қазірдің өзінде барлық округте сайлау өтті деуге болады, – деді Қарағанды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов.

Алайда, тұрғындармен сөйлесу барысында дауыс беруге көп жұрттың қатыспағаны белгілі болды. Кейбірі тіпті өз ауылында әкім сайлауы болып жатқанын білмеген.

Биліктің дерегі бойынша, ақпарат құралдарының өкілдері 37 учаскені бақылаған. Қарағанды облысындағы ауыл әкімдеріне дауыс беру барысын кандидаттардың 127 сенімді өкілі, саяси партиялардың 250 бақылаушысы, қоғамдық ұйымдардың 352 өкілі қадағалаған.

Азаттық тілшісі барып көрген бірнеше елді мекенде бақылаушы өте аз болды, кей бақылаушы қай ұйымнан келгенін айтуға қиналды, олар учаскеде болып жатқан жағдайды бақылап отырмағаны байқалды: көбі ғимараттан сыртқа шыға берді, қағаз ұстап, белгі соғып отырғандары аз. Ал "Заң бұзу болды ма?" деген сұраққа жаттап алғандай "Бәрі жақсы өтіп жатыр" деп жауап берді. Учаскеде болып жатқанның барлығын жіті бақылап отыратын нағыз тәуелсіз бақылаушы байқалмады.

Қарағанды облысы Абай ауданы Топар ауылында бақылау жүргізген тәуелсіз бақылаушы Жанат Нұрғалиев мынадай тұжырым жасады:

– Топар ауылының орталығында тұрған №430 учаскесіне адам аз келді. 812 сайлаушының бар-жоғы 24 пайызы дауыс берді. Меніңше бұған [сайлауға] сенімнің жоқтығы және халықтың сайлау болатыны туралы білмеуі себеп болған. Сайлаушылар арасында жүргізген сауалнама бойынша, жұрт "Нұр Отан" партиясының мүшесі саналатын әкім міндетін атқарушы азаматқа қарсы болған. Ал қазір дауыстарды санасақ, ол бұл учаскеде жеңіске жеткен. Сайлауда әкімшілік ресурс әлі де қолданылады. Үйден дауыс беретін адамға барсақ, сайлаушылар тізімінде тұрған апа екі ай бұрын қайтыс болған екен. Яғни тізім жаңартылмаған. Сондай-ақ бір адамның екі рет дауыс бергенін де байқадым. Мен бәрін мұқият бақылап отырдым, мониторинг жүріп жатқанын байқаса, учаскедегі төраға бәрін дұрыс жасауға тырысады, – деді ол Азаттыққа берген сұхбатында.

Ауыл әкімдерін сайлауға мүмкіндік беретін ережелер 2021 жылы мамырда күшіне енген. Президент әкімшілігі мұны президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациядан кейін бастауға уәде берген "саяси реформаларының" маңызды бөлігі деп сипаттайды. Ал сыншылар бұл сайлау авторитар билік жүйесін өзгертпейтінін айтып, оны "демократияның декорациясы" деп сипаттайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG