Accessibility links

Ереван армян-әзербайжан шекарасында атыс болып жатқанын хабарлады


Армения қорғаныс министрлігі шекара аумағында әзербайжан солдаттарының армян әскери нысандарына шабуыл жасағанын хабарлады. Шабуыл Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы бестер шамасында басталып, таңертеңгі 8-ге дейін жалғасқан. Бұл туралы Азаттықтың Армян қызметі хабарлады.

Ереванның айтуынша, әзербайжан әскері екі ел арасындағы шекарадан өтіп кеткен, бірақ атыс кезінде кері шегінуге мәжбүр болған. Армян тарабы атыс әлі жалғасып жатқанын айтады.

Ал Әзербайжан тарабының түсіндіруінше, түнгі сағат екілер шамасында армян күштері Әзербайжанның Келбаджар ауданындағы нысандарын атқылаған. Атыс кезінде граномет те қолданылған. Бұл туралы Спутник агенттігі жазды. Баку арандатуды тоқтату мақсатында жауап қайтаруға мәжбүр болғанын айтты.

Армян тарабының хабарлауынша, атыс кезінде үш адам қаза болған, екі адам жараланған. Әзербайжан жағы әзірге ақпарат таратпады.

Былтыр күзде Таулы Қарабақта алты аптаға созылған соғыс аяқталғаннан кейін Ереван Бакуды республиканың аумағын басып алуға тырысты деп бірнеше рет айыптаған. Мамыр айында Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ресей басшысы Владимир Путиннен "әзербайжан армиясының Сюник және Гегаркун облысына басып кіруіне байланысты" көмек сұраған.

Шілде айында Армения мен Таулы Қарабақтың Нахичевань анклавы арасындағы аумақта жағдай ушыққан. Тараптар бір-бірін атысты бірінші бастады деп кінәлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG