Accessibility links

Әсет Әбішевті қарсы алу үшін түрме алдына белсенділер жиналды, полиция оны кейін босататынын айтты


Әсет Әбішевті қарсы алу үшін Заречный түрмесінің алдына жиналған топ. Алматы облысы, 29 шілде 2021 жыл.
Әсет Әбішевті қарсы алу үшін Заречный түрмесінің алдына жиналған топ. Алматы облысы, 29 шілде 2021 жыл.

29 шілдеде таңертең "саяси тұтқын", белсенді Әсет Әбішевті қарсы алу үшін Алматы облысы Заречный елді мекеніндегі ЛА-155/14 мекемесінің алдына бір топ адам жиналды. Алайда жедел бөлімінің бастығы, капитан Нұрлан Бидайбеков жиналғандарға "сот шешімі ертең күшіне енеді, Әбішев ертең босап шығады" деп хабарлады.

Бірақ соған қарамастан жиналған топ "оны босатып қалар" деп тарамай тұрды.

Екі апта бұрын Алматы облысы Қапшағай қаласының соты Әсет Әбішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырған. Сол кезде сот шешімі 15 күннен кейін күшіне енеді деп айтылған еді. Адвокат Шынқуат Байжанов "басқа процесте екенін айтып" түсініктеме бермеді.

Белсенді Әсет Әбішев "қылмыстық ұйымды қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" (нақты жағдайда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы, оны Қазақстан соты экстремистік ұйым деп танығанмен Еуропарламент бейбіт оппозициялық ұйым деп атаған) деген айыппен 2018 жылғы қараша айында төрт жылға бас бостандығынан айырған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар белсендінің саяси себеппен қудаланғанын айтып, оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Билік елде "саяси тұтқын" барын жоққа шығарады.

Бұған дейін құқық қорғаушылар Әсет Әбішевті дереу босатуды талап еткен.

Бір топ америкалық сенатор былтыр маусым айында Қазақстан билігін көзқарасын ашық айтып, қамалған азаматтарды дереу босатуға шақырған. Хатта Әсет Әбішевтің де аты аталды.

Әсет Әбішев 2,5 жылдан астам уақыт қамауда болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG