Accessibility links

Тәліптер Ауғанстан солтүстігін қорғауды Душанбе тыйым салған тәжік тобына тапсырды


Ауғанстанның солтүстігіндегі Бадахшан қаласының түбінде тұрған ауған күштері. 4 шілде.
Ауғанстанның солтүстігіндегі Бадахшан қаласының түбінде тұрған ауған күштері. 4 шілде.

"Талибан" қозғалысы Ауғанстанға көрші елдердің тыныштығын бұзатын ойы жоғын айтқан. Бірақ тәліптер ауған-тәжік шекарасындағы бірнеше ауданды басып алып, сол жерді қорғауды Тәжікстанда тыйым салынған "Ансорулла жамағаты" тобына тапсырған.

Маусым айында "Талибан" қозғалысы Ауғанстанның Тәжікстанмен шекарасындағы стратегиялық маңызы бар бақылау бекетін басып алып, сол жерге тәліптердің туын тігуді тәжік содырларына тапсырған. Тәжікстаннан шыққан содырлар тобын бұл аймақта Махди Арсалон деген лақап аты бар адам басқарады дейді Азаттық радиосына бірнеше дереккөз.

Қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін атамауды сұраған адамдардың айтуынша, "Талибан" Тәжікстанмен шекарадағы бес ауданда – Бадахшан елдімекенінің Куфоб, Хохон, Маймай, Нусай және Шикай аудандарында Арсалон мен оның тобын күзетке қойған.

Ауғанстанда Махди Арсалон мен өзге де тәжік содырларын "тәжік тәліптері" деп атайды. Бірақ шын мәнінде олар Тәжікстанда тыйым салынып, террористік топ деп танылған "Ансорулла жамағатының" мүшелері.

"Ансорулла жамағаты" тобын он жыл бұрын тәжік оппозиция командирі билікті құлату мақсатында құрған.

Тәжікстандағы бірнеше дереккөзге сәйкес, Махди Арсалонның шын аты –Мұхаммед Шарифов. 25 жастағы жігіт Тәжікстанның Рашт ауданындағы Шербегиен ауылында туған.

Тәжік шекарашыларының бірі Азаттыққа Ауғанстанда "Талибан" жағында Шарифов басқаратын тәжік содырлары барын екі жыл бұрын білгенін айтып, қазір Махди Арсалон Тәжікстанмен шекарадағы бес ауданды бақылайтынын растады. Баспасөз құралдарына сұхбат беруіне рұқсат болмағандықтан, аты-жөнін атамауды сұраған адам Махди Арсалонның 200-ге жуық тәжік содырын "Талибанға" бергенін айтты. Олар кейінгі айларда Бадахшан уәлаятына шабуылдаған "Талибанмен" бірге болды деген болжам бар.

Қарашада әлеуметтік желілерде содырлардың ауған әскерінің киіміндегілерді аяусыз өлтіріп жатқан видеосы кең тарады. Ауғанстан билігі сол кезде Бадахшандағы тәжік содырларын байқап қалған: бейнероликте содырлардың кейбірі тәжік тілінде сөйлеген. Видео "Талибанның" Маймай ауданын басып алуы кезінде түсірілгені айтылып жүр.

Тәжікстан билігі олардың ішінде кемінде он адамның тәжік азаматы екенін анықтаған. Тәжікстан ішкі істер министрлігінің лауазымды тұлғалары Шарифовтың да сол топта болғанын растады.

Ауғанстандағы Дарваз ауданының басшысы Қадыр Сафа Азаттыққа ауған жеріндегі соғысқа "Ансорулла" тобының "Талибан" қозғалысымен қоян-қолтық қатысып жүргенін мәлімдеді.

"Олардың бірнешеуі біздің аудандағы қақтығыста өлді, олардың кім екенін анықтадық. Жергілікті әйелдерге үйленген адамдар" дейді Сафа.

Қадыр Сафа "Ансорулланың" Тәжікстан әскерін өзіне тартуға тырысып жүргенін мәлімдеді.

"Көктемде Тәжікстанның Рушон мен Шугнон аудандары арқылы Ауғанстанға 10 тәжік азаматы барғаны туралы ақпарат алдық. Олар "Талибанға" қосылған. Қыста және көктемде (қосылған) жаңа содырлардың көбі Тәжікстаннан келген" дейді Сафа.

Мұхаммед Шарифов анасына орманға ағаш кесуге кететінін, байланыстан тыс болатынын айтқан.
Мұхаммед Шарифов анасына орманға ағаш кесуге кететінін, байланыстан тыс болатынын айтқан.

Ол Тәжікстанның Кабулдағы дипломаттары "Ансорулланың" Ауғанстандағы қызметі туралы білетінін айтты.

"Ансорулла" тобын 2010 жылы Амриддин Табаров құрған. Ол 1992-1997 жылдары Тәжікстандағы азамат соғысы кезінде үкіметке қарсы исламистік күштердің командирі болған. Мулла Амриддин атымен де танымал Табаровты 2015 жылы Ауғанстан үкіметінің әскері өлтірген.

Басында "Ансоруллаға" 1997 жылы Душанбе мен исламистік оппозиция жасаған бейбіт келісімге қарсы тәжік оппозициясының бұрынғы әскерлері мүше болған. Кейін оған топтың бұрынғы мүшелері мен жақтастарының балалары мен туыстары кірген.

"Ансорулла" құрылған кезінен бастап Ауғанстан мен Пәкістандағы басқа да топтармен байланыс орнатқан. Оның ішінде Өзбекстан исламистік қозғалысы, Әл-Каида, "Талибан" бар.

2019 жылы Амриддин Табаровтың екі ұлын Ауғанстандағы АҚШ әскері ұстап, Тәжікстанға жіберген.

2019 жылы тамызда олар қылмыстық топты ұйымдастырғаны және үкіметті құлатпақ болғаны үшін, қаруды заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп танылып, ұзақ жылға түрмеге қамалған.

ТАЛИБАН НЕ ДЕЙДІ?

"Талибан" өкілдері тәжік азаматтарының Ауғанстандағы топ қатарына қосылғанын жоққа шығарды.

"Талибан" өкілі Забиулла Мужахид Азаттыққа тәліптердің Тәжікстанмен жақсы қарым-қатынаста екенін, Ауғанстандағы ешбір топқа бұл елге шабуылдауға жол бермейтінін айтты.

Мужахид Тәжікстан жеріне оқ түскенін қаламағандықтан, "Талибан" өз әскеріне кейінгі апталарда көрші елге қашып жатқан ауған әскерінің жауынгерлеріне оқ атуға рұқсат бермегенін айтты.

Дегенмен Тәжікстандағы шекараға жақын маңдағы ауылдарда тұратындар басқаша сөйлейді.

"Панджи поен" (Төменгі Пандж) ауданында тұратын Амиржон Емомализода 24 маусымда Азаттыққа шекараның ар жағынан оқ атылып жататынын айтты.

Кейінгі екі айда Ауғанстан әскерінің жүздеген мүшесі Тәжікстанға қашқан. Тәжікстан жарақат алғандарға көмек көрсетіп, оларды қайтадан Кабулға жеткізген.

"Талибан" өкілі "Тәжікстанмен шекараға жақын маңды қорғауды тәжік азаматтарына тапсырды" деген ақпарат туралы екіұшты жауап берді.

"Мұны тергеу керек. Анықтаймыз. Бұл аудандарды жақында ғана бақылауға алдық. Шетел азаматтарына атымызды жамылуға рұқсат бермейміз. Оларды тапсақ, елімізден қуып жібереміз" дейді Мужахид.

ДУШАНБЕНІҢ КҮДІГІ

Тәжікстан билігі "Талибанның" сөзіне сенбейді.

Президент Эмомали Рахмон Ауғанстанмен шекараға 20 мың әскери қызметкер қоюды бұйырды. Тәжікстанда 230 мың қызметкер әскери оқу-жаттығу өткізді.

Душанбе оңтүстіктегі азаматтарын қорғау үшін одақтасы Ресейден көмек сұрады.

"Расымен "Талибан" Тәжікстанға ешқандай қастық жасамады. "Талибан" Тәжікстанға кесірін тигізбейтінін айтты" дейді аты-жөнін атамауды сұраған тәжік шенеунігі.

"Бірақ тәжірибемізден білетініміз – "Талибанға" қызмет көрсетіп жүрген "Ансорулла" ұстанымы мен мақсатын жиі өзгертеді. Болашақта "Ансорулланың" тәліптерге қайтып бармайтынына, Тәжікстанға шабуылдамайтынына ешкім кепілдік бере алмайды".

Талибан ауған-тәжік шекарасындағы аймақты басып алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:48 0:00

МҰХАММЕД ШАРИФОВ ДЕГЕН КІМ?

Тәжікстандағы дереккөздердің айтуынша, Махди Арсалон немесе Мұхаммед Шарифов "Ансоруллаға" жет жыл бұрын қосылған.

Оның әкесі Мирхожа Шарифов "Ансорулланың" негізін қалаған Амриддин Табаровтың жақтасы болған. Амриддин Табаров та Рашт ауданындағы Нұрабад ауылында туған.

Ресми дерек бойынша, Тәжікстан қауіпсіздік күштері 2011 жылы Раштағы жергілікті содырларға қарсы рейд кезінде Мирхожа мен оның үлкен ұлын өлтірген. Бұл операция кезінде аймақтағы лидері Мулло Абдулло деген атпен танымал Абдулло Рахимов та өлген.

Мұхаммед Шарифов әкесі мен ағасының жолын жалғастырған. Ресми дереккөздердің бірі Шарифовты "қауіпті, қатігез" деп сипаттайды.

"Біздегі ақпаратқа сәйкес, ол бомба жасай алады, қарудың көп түрін меңгерген, операциялар кезінде қарулы топтарды басқарады. "Талибанның" Ауғанстанның Бадахшан уәлаятына шабуылдарына қатысқан" дейді ол Азаттыққа.

Нұрабадтағы Шербиен ауылында тұратындардың көбі Шарифовтың отбасын ұмытпаған.

Сол жердегі мектеп директоры Аминжон (есімін ғана атады – ред.) Азаттыққа Мирхожа алты баласын мектепке жібермей, діни білім бергенін, бірақ ол өлген соң балалары мектепке барғанын айтты.

Аминжонның айтуынша, ешқашан мемлекеттік мектепке бармағанына қарамастан, Шарифов жасына бола жетінші сыныпқа қабылданған.

Ол 2015 жылы мектеп бітіріп, ауылдан кетіп қалған. Содан кейін Нұрабадта оны ешкім көрмеген.

Шарифовтың анасы Зулкада Юнусова Азаттыққа баласының 2015 жылы жұмысшы мигрант ретінде Ресейге кеткенін айтты.

Шарифовтың анасы Зулкада Юнусова.
Шарифовтың анасы Зулкада Юнусова.

Алты айдан кейін Шарифов анасына телефон соғып, орманда жұмыс істейтінін, ол жерде мобильді байланыс жоғын айтқан.

"Біршама уақыт хабарласпаса, алаңдамауымды сұрады. Жеті айдай өтсе де, қорықпадым. Ормандағы жұмысын аяқтаған соң хабарласады деп ойладым" дейді Юнусова.

"Сол кезде (Тәжікстан) шенеуніктері үйіме келіп, ұлымның өтірік айтқанын, оның Ауғанстанға кеткенін айтты" дейді ол Азаттыққа.

Юнусова ұлымен соңғы рет 20 маусымда сөйлескенін, оның Ауғанстанның Тәжікстанмен шекарасына жақын маңда екенін айтқан.

Азаттық Мұхаммед Шарифовтың досымен де тілдесті. Ол Шарифов Ауғанстандағы "жиһадқа" қосылуға үгіттегенін айтты. Тәжік азаматы қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін атамауды сұрады.

Ол Шарифовпен Ресейде жұмыс істеп жүргенде танысып, екі айдай WhatsApp арқылы байланыста болған.

"Басында оны тыңдап жүрдім. Маған Ауғанстанда жиһад жасайтынын, жиһадқа қосылуым керегін айтты" дейді ол. "Оған (тәжік содырлары) қателесетінін, өмірін басқалардың мүддесі үшін қор қылып жатқанын айттым. Ұрсысып қалдық, ол мені WhatsApp-та бұғаттап тастады".

Материал Азаттықтың Тәжік қызметі ақпаратына сүйеніп жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG