Accessibility links

Алматыда күштеп көшіруге наразы тұрғын "бензинмен қарсылық көрсетті"


Күшпен көшіруге наразылық танытқан тұрғындармен полиция келіссөз жүргізіп жатыр. Алматы, 2 тамыз 2021 жыл.
Күшпен көшіруге наразылық танытқан тұрғындармен полиция келіссөз жүргізіп жатыр. Алматы, 2 тамыз 2021 жыл.

2 тамызда Алматыда Әл-Фарабиге жақын Витебская көшесінің тұрғыны отбасын үйінен мәжбүрлі түрде көшіруге наразы болып, сот орындаушыларына қарсылық білдірді.

Қолына бензин толы бөтелке ұстап алып, сес көрсеткен тұрғын есік алдына балта әкеліп, шөп өртеп, қызметкерлерді маңына жолатқан жоқ.

"Бұлардың әрекеттерін рейдерлік басып алу десе де болады. Олар менің үйімді қарақшы сияқты тартып алайын деп тұр. Ұрылардан қалай қорғансам, олардан да солай қорғанамын" деді тұрғын Жанат Елеусін.

Полиция онымен келіссөз жүргізді.

Ақпаратқа қарағанда, жергілікті әкімдік мұнда экологиялық орталық салуды жоспарлап отыр. Бұған дейін осы аумақта тұрған 19 отбасы көшіп кеткен. Қазір өтемақыға наразы екі отбасы ғана қалған.

Жанат Елеусіннің айтуынша, бес сотық жерде екі үй бар, онда әке-шешесі, өзі және тағы екі бауыры тұрады. Билік оларға өтемақы ретінде 48 млн теңге ұсынған. "Ал мұндай ақшаға өзіме, әке-шешеме, бауырларыма қайдан үй аламын, ештеңеге жетпейді, бәріміз бірге тұрамыз ба не?" дейді наразы тұрғын. Ол "билік осы ауданнан үй сатып алуға жететіндей өтемақы берсін" деп отыр.

Әкімдік ұсынған өтемақыға наразы тағы бір отбасы – Елена Воронаяның жерінде екі отбасы бар. Билік оларға 27 млн теңге ұсынған. Олар мұндай өтемақы нарық бағасына сәйкес келмейді деп отыр.

Қазір оқиға орнында полиция, өрт сөндірушілер, бензин ұстаған тұрғынның туыстары, Алматы әкімдігінің өкілі жүр.

Сәуір айының ортасында жергілікті ақпарат агенттіктері "Қазақфильм" маңындағы тұрғын үй аудандары сүріліп, ол жерге экологиялық орталық салынады деп хабарлаған.

Қазақстанда билік немесе компания ұсынған өтемақыға риза емес тұрғындар наразылығы болып тұрады. Бұған дейін Нұр-Сұлтан іргесіндегі бұрынғы саяжайда тұратын тұрғындар билік берген өтемақының мардымсыздығына шағымданған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG