Accessibility links

"Мемлекет қажетіне керек". Саяжай тұрғындары билік берген өтемақыға далада қалатынын айтады


Гүлнәр Аманжолова – көп балалы ана. Билік өкілдері жеті адам тұратын көлемі 25 шаршы метр үйін күштеп алғалы жатыр.
Гүлнәр Аманжолова – көп балалы ана. Билік өкілдері жеті адам тұратын көлемі 25 шаршы метр үйін күштеп алғалы жатыр.

Нұр-Сұлтанның іргесіндегі бұрынғы саяжай үйлерінде жүздеген адам тұрады. Қазір ол үйлер көп адамның қысы-жазы тұратын жалғыз баспанасына айналған. Қала әкімдігі осы үйлердің орнына аурухана мен көпқабатты тұрғын үй салмақшы. Тұрғындар жер учаскесі үшін берілген өтемақы көлеміне келіспейді.

"МЫНА БАҚША БҮКІЛ ОТБАСЫМДЫ АСЫРАП ОТЫР"

Гүлнәр Аманжолова – көп балалы ана. Билік өкілдері жеті адам тұратын 25 шаршы метр жерді күштеп алғалы жатыр.

– Басында үй мен жер учаскесін – 5,6 млн теңге (13,3 мың доллар), кейін 6,8 млн теңге (16,2 мың доллар) болады деп бағалады. Мен – көп балалы анамын. Онкологиялық ауруы бар әкеме қарап, ұл мен қыз тәрбиелеп отырмын. Олардың да диагнозы бар. Тұрақты оңалтуға мұқтаж. Билік ұсынған ақшаға жеті адам тұратын баспана сатып алу мүмкін емес, – дейді өтемақы көлеміне наразы Гүлнәр Аманжолова.

Гүлнәр мен оның отбасына үйінің айналасындағы алты сотық жер де қымбат. Ол бұл жерде тауық асырап, жеміс ағаштарын өсіреді.

Гүлнәр Аманжолова ұлымен тұр. Ол саяжайдағы үйінің алты сотық жері бүкіл отбасын асырап отырғанын айтады. Нұр-Сұлтан, 4 қыркүйек 2020 жыл.
Гүлнәр Аманжолова ұлымен тұр. Ол саяжайдағы үйінің алты сотық жері бүкіл отбасын асырап отырғанын айтады. Нұр-Сұлтан, 4 қыркүйек 2020 жыл.

– Мемлекеттен ешқашан тегін ештеңе сұраған емеспін, қазір де сұрап отырған жоқпын. Атаулы әлеуметтік көмек (көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларға тұрғылықты мекенжайы бойынша берілетін әлеуметтік көмек – ред.) алмаймын. Астанада тұрсам да, жұмыртқа сату үшін тауық асыраймын. Әр жазда бақшада жұмыс істеймін. Көкөніс өсіріп, сатамын. Балаларды мектепке осы бақшадан түскен ақшаға киіндіремін. Осының бәрі мына жердің арқасында, – дейді көп балалы ана.

Ол өз жері үшін төленетін өтемақы көлемінің дұрыс есептелгеніне күмән келтіреді. Гүлнәр көмек сұрап, биліктегі "Нұр Отан" партиясына барған. Астана әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауында да болған. Қала әкімі "жағдайды бақылауға алуға" тағы да уәде беріп, шығарып салған.

– Бұл – ананың жанайқайы. Біздің үкімет қарапайым халықты далада қалдыратындай қауқарсыз күйде емес шығар? Президент Тоқаевтан бұған жол бермеуін сұраймын. Мен пентхаусқа ақша сұрап отырған жоқпын. Мемлекетке жерім керек болса, маған далада қалмайтындай етіп өтемақы берсін. Олар үйімнің кішкентай екеніне сілтеп отыр. Баспанам шағын болса да, есесіне біреу көшеге қуып шығады деп уайымдамай, өз үйімде тұрып жатқан адаммын, – дейді Гүлнәр Аманжолова.

Саяжай қауымдастығының тағы бір тұрғыны Ертай Әкімжанов та өтемақы көлеміне келіспейді. Ол әйелі, екі баласы, қарт әкесімен бірге 20 жылдан бері осында тұрып келеді. Билік өкілдері Ертайдың үйіне тоғыз миллион теңге өтемақы ұсынып отыр.

Ертай Әкімжанов.
Ертай Әкімжанов.

– Үйдің бағасын кемі екі есе арзандатып отыр деп ойлаймын. Тоқсан шаршы метрді құрайтын жылы үйім, жеміс ағаштарым бар. Ештеңеден тарықпай өмір сүріп жатырмын. Маған ұсынған өтемақыға қаладан ешқандай үй таба алмаймын. Мына жақта бүкіл жеке секторды аралап шықтым. Бірақ мұндай ақшаға өзімдікіндей үй мен жер таппадым. Билік өтемақы көлемін қайта қарасын, – дейді Ертай Әкімжанов.

Ертай Әкімжанов үйінің нарықтағы бағасы – кемі 17 млн теңге екенін, ал билік оған сегіз миллион теңгеге төмен ақша ұсынып отырғанын айтады.

– Құқықтарымды өрескел бұзып отыр. Шу шығарғым келмейді, өзіме тиесілі дүниеден айырылмай, бейбіт көшсем деймін. Тыныш өмір сүріп жүрген адам едім, мына алты сотық жер балаларыма қалуы керек болатын. Жердің мемлекеттік актісі Совет одағы тұсында жасалған. Болашақта заңсыздыққа тап болмас үшін оны әдейі сатып алғанмын, – дейді Әкімжанов.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі "Строитель СМП 209", "Зеленая роща-1", "КЖБИ 59" деп аталатын үш саяжай қауымдастығындағы 159 жер учаскесін бір жарым жыл бұрын сатып ала бастаған. Биліктің дерегінше, он екі гектар жерге темір жол ауруханасы мен әлеуметтік тұрғын үй салынбақ. Өтемақы көлеміне наразы саяжай тұрғындары былтыр да әкімдікке барған. Шенеуніктер тұрғындарға "ешкім далада қалмайды" деп уәде берген.

Содан бері шенеуніктер көп жер иесімен келісімге келген. Әкімдік өтемақы көлеміне келіспеген 42 тұрғынға тиесілі жер учаскесін сот арқылы сатып алған, ал 34 жер иесіне қайта бағалау кезінде көбірек өтемақы берілген. Нәтижесінде саяжайда тұратын отбасылардың жартысы келісіп, көшіп кеткен. Қалған жартысы әлі де өздері әділ деп тапқан өтемақыға қол жеткіземіз деп үміттеніп келеді.

Әкімдік дерегінше, Нұр-Сұлтан аумағында бау-бақшаға арналған 13 000 жер учаскесі бар. Болашақта бұл жерлер де мемлекет қажетіне алынуы мүмкін.

ӘКІМДІК: "ЕШКІМНІҢ ҚҰҚЫҒЫ БҰЗЫЛҒАН ЖОҚ"

Билік жерді күшпен тартып алуды жер учаскелерін "босату" деп атайды. Жер учаскелерін сатып алумен Нұр-Сұлтан әкімдігінің жанынан құрылған "Городская недвижимость" кәсіпорны айналысады. Кәсіпорын басшысы Александр Строчковтың сөзінше, жер иелеріне жылжымайтын мүлік нарығы үшін "ақылға қонымды" саналатын баға ұсынылған.

– Бұл аудандағы жылжымайтын мүлік бағасын білеміз. Мысалы, алты сотық жерде орналасқан аумағы 130 шаршы метр үйге он миллион теңге сұрайды. Біз жер учаскелерін сатып алып жатқан аудандағы баға – осы. Яғни, бәрі нарыққа сай, бағалау құны бойынша жүріп жатыр. Ешкімнің құқығы бұзылған жоқ. Мәселені соттасып барып шешкіміз келмейді, – дейді Александр Строчков.

Оның айтуынша, үйлерді бағалау жұмыстарын жүргізген компанияларды әкімдік мемлекеттік сатып алу байқауы арқылы таңдаған.

Александр Строчков Нұр-Сұлтан әкімдігі тұрғындардың жерін сатып алу үшін құрған кәсіпорынды басқарады. Нұр-Сұлтан, 7 қыркүйек 2020 жыл.
Александр Строчков Нұр-Сұлтан әкімдігі тұрғындардың жерін сатып алу үшін құрған кәсіпорынды басқарады. Нұр-Сұлтан, 7 қыркүйек 2020 жыл.

– Біреу сарай, гараж салып, қақпа орнатып, қиыршық тас төсеп, жер учаскесіне жасыл-желек отырғызған. Ал екінші біреуде мұндай ештеңе жоқ, үйі үш есе кішкентай, бірақ ол үйін жақсартуға күш пен қаржы жұмсаған адам сияқты өтемақы алғысы келеді. Бұл жерде "бәріне теңдей беріңдер" деуге болмайды. Біреудің жері – алты, екінші біреудің жері – он сотық. Біреудің үйі – 130, екінші біреудікі – 30 шаршы метр. Техникалық сипаттамасы әртүрлі үйлерге бірдей өтемақы беруге бола ма? Бұл да әділетсіздік қой, – дейді кәсіпорын басшысы.

Адамдар өтемақы көлеміне келіспеген жағдайда не болады? Олар сотқа жүгіне алады. Сот сараптама жүргізуді тапсырады. Басқа бағалаушы компания келеді. Нәтижесінде үйді алғаш ұсынылған бағадан жоғары не төмен бағалауы мүмкін. Бірақ қайта жүргізілген сараптама кезінде үйлердің бағасы төмен бағаланатын кездер сирек кездеседі.

Строчков мемлекет Нұр-Сұлтан аумағындағы бау-бақша учаскелерін ерте ме, кеш пе, бәрібір сатып алатынын айтады.

ЖЕР ҚҰҚЫҒЫ БОЙЫНША ЗАҢГЕР: "ЖЕР УЧАСКЕСІНІҢ МЕМЛЕКЕТ ҚАЖЕТІНЕ ЖАРАЙТЫНЫ ДӘЛЕЛДЕНУІ КЕРЕК"

Заңгер, жер құқығы бойынша сарапшы Бақытжан Базарбек астанадағы жер мәселесімен көп жылдан бері айналысып жүр. Ол басында жерді мемлекет қажетіне алу туралы заңның тәртібі басқаша болғанын еске салды. Заңгердің айтуынша, "Мемлекеттік мүлік туралы" заңның 67-бабына сәйкес, бұрын жер учаскесін сатып алу-сату туралы келісімшарты негізінде алған адамға өтемақы да осы шартта көрсетілген баға бойынша төленетін. Бақытжан Базарбек заң шығарушы азаматтар аталған тиімсіз норманы әдейі қабылдаған деп біледі. Яғни, адам жер учаскесін он жыл бұрын сатып алған болса, оған сол кездегі бағаға сәйкес ақша берілетін. Ал 2019 жылдың қаңтарында Нұр-Сұлтан аумағындағы бау-бақша ұжымдарының жерінде орналасқан үйлердің тұрғындары үшін бұл тәртіптің күші жойылды.

Жыл басында заңға өзгеріс енген. Енді мемлекет жекеменшік жерді алған кезде, оның қалай сатып алынғанына қарамай, учаскені нарықтағы бағасы бойынша бағалайды.

Бақытжан Базарбек.
Бақытжан Базарбек.

– Қазір әлдеқайда әділ шарт қалыптасты. Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жермен салыстырғанда саяжай учаскесінің қолданылу мақсаты басқа. Саяжай учаскесіне үш қабатты үй салсаң да, мемлекеттік акті бойынша ол бәрібір саяжай саналады. Сәйкесінше, мұндай жер учаскесі берілген кезде инженерлік желілермен қамтылатын жеке тұрғын үй құрылысына арналған жерге қарағанда төмен бағаланады, – дейді заңгер.

Сарапшының пікірінше, мәселе қатардағы қазақстандықтардың көбінің мемлекеттен жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер алуға не сатып алуға мүмкіндігі болмай, саяжайда тіркелуге мәжбүр болуынан туып отыр. Жер – қымбат, ал халықтың табысы – төмен.

– Біз Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің әрекетін бірнеше рет сынадық. Өйткені жер учаскесін алу үшін аталған аумақтың мемлекетке қажетіне жарайтыны дәлелденуі керек. Яғни, бұл жердің аса қажет екені көрсетілуі тиіс. Жеке меншіктен алынған жерге салынған нысандар қоғам мен елдің мүддесіне жұмыс істеуі керек. Мемлекет қажетіне деп алынған жерге айталық, жекеменшік балабақша салса, бұл жерде заңда көрсетілген принцип жұмыс істейді. Заңда мемлекет қажетіне деп алынған жерді жеке коммерциялық мақсатта пайдалануға болмайтыны көрсетілген, – дейді Бақытжан Базарбек.

Базарбек мемлекет жер учаскесін алғалы жатқан тұрғындардың адвокаттары сәулет өнері басқармасынан нысанның бас жоспарын, жобалық-сметалық құжаты мен толық жоспарын, яғни жердің шынымен мемлекет қажеті үшін алынып жатқанын растайтын құжаттар талап ете алатынын айтады. Жер учаскесінің мемлекет қажетіне жарайтыны құжат жүзінде дәлелденбесе, сотта жер учаскесін алу процесі заңсыз деп танылады.

"Зеленая роща - 1" саяжайының тұрғындары қала әкімдігі аурухана салу үшін алғалы отырған жер теліміне төленетін өтемақыға разы емесін айтады. Нұр-Сұлтан, 4 қыркүйек 2020 жыл.
"Зеленая роща - 1" саяжайының тұрғындары қала әкімдігі аурухана салу үшін алғалы отырған жер теліміне төленетін өтемақыға разы емесін айтады. Нұр-Сұлтан, 4 қыркүйек 2020 жыл.

– Бағалаушы компаниялар жер мен ондағы құрылыс нысанының шынайы бағасын төмендетіп жіберетін фактілер кездеседі. Бағалаушы дұрыс емес бағалау әдісін пайдаланған болуы мүмкін. Адвокаттар бағалау құжатын талап етіп, соттан тауарға арналған сараптама жүргізуді сұрай алады. Осының бәрі өтемақының жалпы сомасына әсер етуі мүмкін. Заңда саяжай учаскесін бағалау тәртібі реттелмеген. Көбіне саяжай учаскелерін алу кезінде кикілжің туып жатады. Заңда жер иесі өз алдына бағалаушы жалдайтын "бастамашыл" бағалау деп аталатын нұсқа да қарастырылмаған. "Мемлекеттік мүлік туралы" және "Жер кодексіне" өзгерістер енгізу үшін үкіметтің алдына осындай мәселелер қойылуы керек, – дейді заңгер.

Билік өкілдері Нұр-Сұлтанның бау-бақша ұжымдарындағы жерлерді тартып алуды қалаға аурухана мен биік үйлер керегімен түсіндіреді. Бір жыл бұрын астананы дамытуға арналған жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев аурухана құрылысын бастауды тапсырған. Астана билігінің дерегінше, медицина мекемесін салуға түрік инвесторлары ықылас білдіріп отыр.

Саяжай үйлерінің тұрғындары Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "жеке коммерциялық мүддені" көздейтінін дәлелдеуге тырыспайтыны белгілі. Бірақ олар өздерін келісімшарттың тең құқылы қатысушысы емес, жәбірленуші тарап ретінде сезінеді. Бұған негіз де жоқ емес. Астана, кейін Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс салу барысында жекеменшік үй иелері алданған жағдайлар кездескен. Алматыда судья жерді тартып алу туралы істе пара алды деген күдікке ілінген.

"Пара алды" деген күдікке ілінген судья төрт жылға түрмеге жабылған.

Өтемақы көлемі мен сот шешіміне келіспеген үй иелері соңына дейін жер учаскесін бермей, полицияға қарсылық көрсетіп, наразылық білдірген жағдайлар да болған. Мейрамовтар отбасының хикаясы бүкіл елдің есінде. Отағасы үйді сүруге қарсы шығып, өзін өртеп жіберемін деп қорқытқан. Бірақ бір айдан кейін ақпарат құралдары билік өкілдерінің Мейрамовтар отбасы тұрған үйді жермен-жексен етіп бұзғанын хабарлаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG