Accessibility links

Сүрілген "Бесоба" тұрғын үй кешенінің үлескерлері әкімдікті сотта жеңді. Енді не болмақ?


Қарағандыдағы "Бесоба" тұрғын үй кешені "жартылай үлескерлерінің" бастамашыл тобы әкімдіктің алдында тұр. 2019 жылдың маусымы.
Қарағандыдағы "Бесоба" тұрғын үй кешені "жартылай үлескерлерінің" бастамашыл тобы әкімдіктің алдында тұр. 2019 жылдың маусымы.

Биліктің шешімімен сүрілген "Бесоба" тұрғын үй кешенінің орнына үлескерлерге баспана берілуі керегін дәлелдеуге күш салып келе жатқанына бірнеше жыл болған қарағандылық бір топ азамат сотта жартылай жеңіске жетті. Сот шенеуніктерді "Бесоба" тұрғын үй кешеніне ақша құйған адамдардың құқығын бұзбауға міндеттеді. Үлескерлер аңсаған пәтерге қол жеткізе ме?

"ЖАРТЫЛАЙ ҮЛЕСКЕРЛЕР"

Зейнеткер Райхан Арынова бірнеше жылдан бері баспана үшін күресіп жүріп, инфаркт алған. Қарағандыда жаңадан салынып жатқан "Бесоба" тұрғын үй кешені құрылысына әпкесімен бірге ақша салған кезде Райхан әлі жұмыс істеп, қарттық шағын Хрущев дәуірінен қалған ескі тар пәтерде емес, жаңа үйде қамсыз өткіземін деп үміттенген. Бірақ арманы күл-талқан болды: құрылыс ұзаққа созылып, кейін тұрғындарға пайдалануға берілген үйлердің бірі құлап, билік үлескерлердің пікірін сұрамай, бүкіл "Бесоба" тұрғын үй кешенін сүріп тастаған. Арынова мен тағы 26 адам биліктің шешімімен "жартылай үлескерлер" тізіміне енген. Бұл тізімде пәтердің толық ақысын төлеп үлгермеген, таңдаған үйі пайдалануға берілмеген үлескерлер бар. Арынова үйі сүрілген уақытқа дейін пәтер құнының шамамен 80 пайызын төлеп үлгерген.

- Тыныш өмірдің орнына мазақ қылу басталды. Мұндайға шыдау қиын. Басында үкімет зардап шеккен үлескерлердің бәріне ақша бөлген. Неге кейін бізді бөліп тастады? Біз де басқалар сияқты Қазақстан азаматымыз ғой, - дейді зейнеткер Райхан Арынова.

Қарағандыдағы "Бесоба" тұрғын үй кешенін бұзып жатқан сәт. Архивтегі фото.
Қарағандыдағы "Бесоба" тұрғын үй кешенін бұзып жатқан сәт. Архивтегі фото.

Қарағандыда сүрілген "Бесоба" тұрғын үй кешенінің орнына бюджет қаржысына жаңадан "Шапағат" кешенін салған. Бірақ жаңа үйден құрылыс ақысын толық төлеген азаматтар ғана пәтер алған. "Жартылай үлескерлердің" "пәтердің қалған ақшасын төлейік" деген өтінішін ешкім ескермеген. Сөйтіп олар не пәтерсіз, не ақшасыз қалған.

- Биыл күресіп жүргенімізге 13 жыл толады. Мұнда бас мердігер ғана кінәлі емес, бізді әкімдік те алдап соқты. Әкімдер ауысты, "Бесобадағы" "жартылай үлескерлердің" мәселесін шешуге уәде берді, бірақ еш хабар болмады. Бізге бөлінген ақша жеткен жоқ, қайда кеткенін білмейміз. Жағдайдың жай-жапсарын бәрі біледі, бірақ мәселе сол күйі шешілмеді. Үйіміз құлаған жоқ, орнында тұрды, тек коммуникация желісі жүргізілмеген еді. Бірақ билік үйімізді бізбен ақылдаспай, сүріп тастады. Кейін орнына басқа адамдарға арнап, басқа үйлер салды. Бұл не деген сұмдық? "Билік өкілдері бізге сүрілген баспанамыздың орнына пәтер беру үшін "Шапағат" тұрғын үй кешеніндегі үйдің құрылысын аяқтайтын мердігер табамыз" деді. Қазір тыныш өмір сүру үшін көлемі шағын пәтер алсам да риза болар едім, - дейді Балқаш қаласының тұрғыны, отбасымен облыс орталығына көшу үшін кезінде "Бесоба" тұрғын үй кешеніндегі екі бөлмелі пәтерге қаржы құйған "жартылай үлескер" Ержан Оразбаев.

ҮЛЕСКЕР ПАЙДАСЫНА ШЕШІЛГЕН ІС

Өңір билігі мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып, әділдік іздеп астанаға барған "жартылай үлескерлерге" сотқа арыз жазуға кеңес берген. Жылдар өтіп, үлескерлер сотқа жүгінген. Бұдан еш нәтиже шықпаған.

"Бесоба" тұрғын үй кешеніне жарнаны толық төлеп үлгермеген 27 "жартылай үлескердің" мүддесін қорғайтын бастамашыл топ өкілдері әкімдік шенеуніктерінің қабылдауында отыр. Қарағанды, 13 маусым 2019 жыл.
"Бесоба" тұрғын үй кешеніне жарнаны толық төлеп үлгермеген 27 "жартылай үлескердің" мүддесін қорғайтын бастамашыл топ өкілдері әкімдік шенеуніктерінің қабылдауында отыр. Қарағанды, 13 маусым 2019 жыл.

Бірақ жақында Қарағанды соты бір топ үлескердің талабын жартылай қанағаттандырып, шенеуніктердің әрекетін "заңсыз" деп тапты. Сот қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің үлескерлермен талап ету құқығын беру (цессия) туралы келісімшарт жасаудан бас тартуын "заңсыз" деп атады. Шенеуніктерді заңбұзушылықты жоюға, яғни, үлескерлер арызын қайта қарап, келісімшарт жасауға міндеттеді. Сот бұрын Қарағанды облыстық әкімдігіне республикалық бюджеттен "Бесоба" кешенінің апатты үйлерінің тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету үшін көпқабатты үй құрылысының нөлдік цикліне қаржы бөлгеніне назар аударды.

Сотқа азаматтық істер бойынша айыпталушы ретінде қатысқан тұрғын үй қатынастары бөлімі мен Қарағанды әкімдігінің өкілдері үлескерлердің талабына келіскен жоқ. Билік өкілдері үлескерлердің пәтер ақысын толық төлемегенін, үйдің пайдалануға берілмегенін алға тартып, соттан өздеріне қарсы берілген шағымды қанағаттандырмауды сұрады.

Бұл позицияға келіспеген прокуратура шенеуніктердің 2020 жылдың 6 наурызындағы шешімі (бұл күні билік өкілдері "жартылай үлескерлерге" сүрілген үйдің орнына баспана берілмейтінін айтқан - ред.) негізсіз екенін айтты.

БАСПАНА БЕРІЛЕ МЕ?

Әкімдік қазір қолында пәтер ақысын 100 пайыз төлемеген 27 үлескер туралы ақпарат барын, оның ішінде 17 адамның арызы бойынша сот шешімі күшіне енгенін хабарлады. Тағы бір үлескердің арызы Қарағандының аудандық сотында қаралып жатыр. Үш үлескердің азаматтық ісі апелляция кезеңінде тұр. Әкімдік дерегінше, алты үлескер сотқа арыз бермеген.

Биліктің шешімімен сүрілген "Бесоба" тұрғын үй кешенінің орнына "Шапағат" ықшамауданы салынып жатыр.
Биліктің шешімімен сүрілген "Бесоба" тұрғын үй кешенінің орнына "Шапағат" ықшамауданы салынып жатыр.

"Қазірге дейін шыққан барлық сот шешімі бірдей, яғни, "Қарағанды қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі" мемлекеттік құрылымының талап ету құқығын беру туралы келісім жасаудан бас тартуы (цессия) заңсыз деп танылған. Мемлекеттік орган талап ету құқығын беру жөнінде келісімшарт жасау туралы туралы өтініштерді қайта қарап, құқықбұзушылықты жоюға міндеттелді. Сот шешімін негізге алып, жұмыс бастадық", - деді Қарағанды әкімдігінің өкілі.

"Соттан кейін қандай шаралар қолға алынады?" деген сұраққа Қарағанды қаласы әкімдігінің өкілдері "Үлескерлердің өтініші қайта қаралып, келісімшарт жобасы дайындалады" деп жауап берді.

"Шапағат" тұрғын үй кешеніндегі №3-4 блок-секцияларының құрылысы аяқталғаннан кейін 100 пайыз жарна төлемеген азаматтарға құрылысқа үлескер ретінде қатысу туралы келісімшартқа сәйкес, жобаға салған ақшасына тең көлемдегі пәтерлер беріледі. Пәтер алу үшін үлескерлер тарапынан қосымша ештеңе керек емес", - деді әкімдік өкілі.

Үлескерлерге "пәтер аласыздар" деген уәде берілді. Олар үміттеніп жүргенін айтады. Бірақ әзірге бұл үміт сағымға көбірек ұқсайды. Құрылыстың қай уақытта аяқталып, пәтердің қашан берілетіні белгісіз. Үлескерлер үйін әлі қанша күтеді? Пәтер шынымен беріле ме? Бұл сұрақтарға ешкім нақты жауап бере алмай отыр.

"Бесоба" кешеніндегі үйлердің бірі 2012 жылы сәуірде құлаған.

Ресми дерек бойынша, көпқабатты үйдің құлауына топырақтың жұмсарып, іргетастың шайқалуы себеп болған. Кешенге кіретін барлық нысан (ішінде құрылысы аяқталмаған үйлер де бар) сүрілген. Бұл жерден үй сатып алған азаматтар зардап шеккендердің қатарына жатқызылғанымен, олардың бәріне бірдей пәтер берілмеген. "Бесобадағы" үйді қабылдап алған бұрынғы төрт шенеунік жұмысына салғырт қарағаны үшін айыпталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған, бірақ кейін амнистиямен босап шыққан. "Бесобаның" орнына салынған жаңа "Шапағат" тұрғын үй кешенінің құрылысы әлі жалғасып жатыр, кей үй тұрғындарға пайдалануға берілген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG