Accessibility links

"Үй де, ақша да көзден бұл-бұл ұшты". "Бесоба" үлескерлерінің мұңы


Үлескерлердің бастама тобының өкілдері Қарағанды облысы әкімінің қабылдауында отыр. Қарағанды, 3 наурыз 2020 жыл.
Үлескерлердің бастама тобының өкілдері Қарағанды облысы әкімінің қабылдауында отыр. Қарағанды, 3 наурыз 2020 жыл.

Қарағандыдағы "Бесоба" тұрғын үй кешені құрылысына ақша құйған ондаған адам көп жылдан бері биліктен өздерін алаңдатқан мәселені шешуді талап етіп келеді. Жаңадан салынған көп қабатты үйлердің бірі құлаған соң кешен түгелдей сүрілген, ал кезінде пәтер құнын толық төлеп үлгермеген тұрғындар "жартылай үлескер" мәртебесінде қалды. Билік мәселені шешу үшін заңды өзгерту керек дейді.

ИНСУЛЬТ ЖӘНЕ ОТБАСЫНДАҒЫ ҚАЙҒЫ

Бірінші топтағы мүгедек, жұмысқа жарамсыз деп танылған қарағандылық Амангелді Торбаевтың отбасыммен кең пәтерге көшемін деген арманы орындалмады. Ол 2007 жылы "Бесоба" тұрғын үй кешеніне үлескер ретінде ақша саларда баспана да, ақша да көзден бұл-бұл ұшатынын білмеген. 2012 жылы сәуірде "Бесоба" тұрғын үй кешенінен пайдалануға берілген үйлердің бірі құлағаннан кейін, басқа үйлер де қауіпті деп танылып, кешен түгелдей сүрілген. Құрылысы аяқталмай жатып сүрілген үйде Торбаев кіремін деп армандаған пәтер де болған.

"Бесоба" тұрғын үй кешеніндегі бес қабатты үй құлаған сәт. 6 сәуір 2012 жыл.

53 жастағы азамат бірнеше жылдан кейін билік үлескерлерге сүрілген үйдің орнына уәде етілген пәтерді бермейтінін білген кезде қатты уайымға салынып, инсульт алған. Торбаев болашақ пәтеріне салуы тиіс болған қаржының 65 пайызын немесе 4 миллион 600 мың теңгесін төлеп үлгерген. Пәтер құнын толық өтеу үшін тағы екі миллион теңге берешегі қалған. Бірақ Торбаев қалған ақшаны қайда төлерін білмеген: тұрғын үй кешенін салған компания иесі қашып кетіп, есепшоттар бұғатталған. Торбаев осылай "жартылай үлескер" мәртебесінде қалған.

- Үй құлаған кезде, облыс билігі бәрімізге "қираған және сүрілген үйлердің орнына басқа пәтер береміз, ал ақшасын толық төлеп үлгермегендер де қарызын жапқан соң, пәтер алады" деді. Ақыр соңында былай болды: пәтер бөле бастаған кезде біз сияқты жартылай үлескерлерге "пәтер ақысын толық төлемегендерге пәтер берілмейді, сендерге ақша бөлінген жоқ" деді. Бұл туралы екі жыл бұрын білдік. Осылай шеттеп қалдық. Қазір әкімдікке "пәтердің қалған ақшасын төлейік, мемлекет міндеттемені мойнына алып, кінәлілерден ақша өндіріп алды ғой, енді бізге пәтер беріңдер" деген ұсыныс айтып жүрміз. Толық салынып бітпеген үйге ақша құйып, бітіріп алайық деп отырмыз. Жақында президент әкімшілігіне бардық, бірақ нәтижесіне көңіліміз толған жоқ, - дейді үлескер Амангелді Торбаев.

Осындай қиын жағдайда қалған жалғыз Торбаев емес. Не пәтерін, не ақшасын қайтара алмаған үлескер Дина Құсайынова билік өкілдерімен соттасып, еш нәтиже шығара алмаған. Бірінші арызда Дина соттан Қарағанды қаласы әкімдігін сүрілген үйдің орнына басқа пәтер немесе балама вариант ұсынуға, ал екінші арызында өзі сияқты "жартылай үлескерлерге" борышкерлер тізімінен шығу үшін пәтердің қалған ақшасын өтеуге мүмкіндік беруге міндеттеуді сұраған. Ол сот пен адвокатқа көп шығынданғанын айтады. Осы уақыт ішінде Динаның отбасына қайғы қабаттаса келді: күйеуі мен әкесі о дүниелік болды.

- Екі сотта да жеңілдім. Бұл соттарға біраз ақшам кетті, бірақ арызымды қанағаттандырмады. Бәрі үлескерлер әлі күнге бірде-бір рет көрмеген әкімдік қаулысына сілтеме жасайды. Маған "Жоғарғы сотқа шағым беріңіз" деді.Барлық инстанциядан "жоқ" деген жауап ести берсең, бұлай жасаудың не мәні бар? Бұл қанша ақша, уақыт пен жүйкені құртады, - дейді бастама тобының мүшесі, үлескер Дина Құсайынова.

27 үлескерден тұратын топ үлескерлік туралы келісімшартқа 13 жыл бұрын отырған. 2011 жылы "Бесоба" тұрғын үй кешенін салған "КарПромИнвест" компаниясына қарсы қылмыстық іс қозғалған кезде "жартылай үлескерлер" пәтер ақысын толық өтеген өзге тұрғындармен бірге жәбірленуші деп танылған. Бірақ кейінірек үлескерлердің бір бөлігін сүрілген "Бесоба" кешенінің орнында салынып жатқан "Шапағат" тұрғын үй кешенінен пәтер алатын үміткерлер қатарынан шығарып тастаған.

Сүрілген "Бесоба" тұрғын үй кешенінің орнында жаңадан "Шапағат" ықшам ауданы салынып жатқанына жеті жылдан асты. Қарағанды, 17 наурыз 2019 жыл.
Сүрілген "Бесоба" тұрғын үй кешенінің орнында жаңадан "Шапағат" ықшам ауданы салынып жатқанына жеті жылдан асты. Қарағанды, 17 наурыз 2019 жыл.

- Елімізде шындық үшін қалай күресуге болады? Біз бұл шешімді бірнеше себеп бойынша заңсыз деп есептейміз: қаулы мәтінінде тұрғын үй инвесторлары санат бойынша бөлінетіні туралы жазылмаған. Республикалық бюджеттен бүкіл тұрғын үй кешенінің құрылысы ескеріліп, әкімдік сұраған сомадан 1,2 миллиард теңгеге артық ақша бөлінді. Барлық азамат (тұрғындар мен үлескерлер) тұрғын үйге тең дәрежеде құқылы деп ойлаймын. Біз әкімдікке кінәлі тұлғалардан өтемақы талап ету құқығын қайта бере алар едік. Кінәлі азаматтардан әкімдік есебіне өндірілетін қаржының ішінде пәтер ақысын толық өтеген азаматтардың ғана емес, біздің де ақшамыз бар. Өйткені өндірілетін ақшаның сомасында бүкіл шығын қоса есептеледі. Яғни, біздің талаптар іс жүзінде әкімдік тарапына өтіп, сот шешімімен өндірілген, - дейді үлескерлердің бастама тобының мүшесі Наталья Дранова.

ПРОКУРАТУРА СОТТАСУҒА КЕҢЕС БЕРДІ

Қарағанды қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде 2012 жылы шілденің 26-сы күні құрылған ведомствоаралық комиссияның шешіміне сай, "Бесоба" кешеніне тиесілі барлық үй апатты деп танылған. Үйлерді қалпына келтіру техникалық және экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп айтылған (бірақ кей тұрғындар өз үйлерін берік деп есептеген - ред.).

"Бесоба" тұрғын үй кешеніндегі көп қабатты үйлерді бұзу жұмыстары. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.
"Бесоба" тұрғын үй кешеніндегі көп қабатты үйлерді бұзу жұмыстары. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.

Тұрғын үй кешеніне кіретін пәтер саны – 383. Бірақ Бас прокуратураның дерегінше, Қарағанды әкімдігі жергілікті және республикалық бюджеттен ақша бөлуге өтініш толтырғанда 141 пәтерді есепке алмаған. Оның ішінде мердігермен келісімге отырған, бірақ ақшаны толық төлемеген үлескерлерге тиесілі 47 пәтер бар. Прокуратура үлескерлерге әкімдікпен соттасып, мемлекеттік органдарды өздерімен талап ету құқығын беру туралы келісім жасауға міндеттеуді ұсынған.

Қарағанды облысының прокуроры Марат Сексембаев қол қойған, "жартылай үлескерлерге" жіберілген хатта "Мәселені ақылға салып шешіп, әлеуметтік шиеленістің алдын алу үшін прокуратура Қарағанды қаласының әкіміне үлескерлерге құқықтық көмек көрсетіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұрап хат жазған" делінген.

ОБЛЫС ӘКІМДІГІ: БАР КҮШІМІЗДІ САЛЫП ЖАТЫРМЫЗ

Қаңтар айында облыс билігінен үлескерлерге "бұл мәселені қазіргі заң аясында шешу мүмкін емес, заңға өзгеріс енгізу керек" деп жауап келді. Президент әкімшілігіне шағым айта барған үлескерлер мәселенің жай-жапсары мен шешу жолдары жазылған хатқа әкімдік жауабын қоса тіркеп, Ақордаға жіберді.

"Бесоба" тұрғын үй кешенінің "жартылай үлескері" мәртебесіне ие 27 адамның мүддесін қорғайтын бастама тобының мүшелері Қарағанды әкімінің қабылдауына келіп отыр. 13 маусым 2019 жыл.
"Бесоба" тұрғын үй кешенінің "жартылай үлескері" мәртебесіне ие 27 адамның мүддесін қорғайтын бастама тобының мүшелері Қарағанды әкімінің қабылдауына келіп отыр. 13 маусым 2019 жыл.

Билік үлескерлерге келген шығынды бағалау үшін пәтерге төлеген ақша туралы құжаттар мен түбіртектерді сұраған. "Жартылай үлескерлердің" көбі пәтер ақшасының 80 пайызын төлеп қойғаны анықталған.

Қарағанды облысы әкімінің қаржы-экономика, құрылыс, көлік және коммуникация мәселелеріне жауапты бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев үлескерлерге жіберген хатында "Салымшылар тізімін қайта көтеріп, олардың қаржылық салымы расталған соң, тиісті салалық министрлік пен Қазақстан үкіметіне бұл мәселені шешу бойынша ұсыныс береміз" делінген.

Азаттық тілшісі үлескерлерге жіберілген хатта қандай ұсыныс туралы айтылғанын білу үшін облыс әкімдігіне хабарласқанымен нақты жауап ала алмады. Облыс әкімі баспасөз қызметінің басшысы Марина Шаповалова "қазір қала мен облыс әкімдігі заңгерлер және құрылыс басқармасымен бірге үлескерлерге заң аясында қалай көмектесуге болатынын қарастырып жатыр" деді.

Мұндай жауапқа үлескерлердің көңілі толмайды. Сондықтан олар әлеуметтік желі арқылы Қарағанды облысының 2019 жылы күзде тағайындалған әкімі Жеңіс Қасымбекке үндеу жариялады. Қасымбек жауап ретінде үлескерлерді әкімдікке кездесуге шақырды. Наурыздың 3-і күні үлескерлер облыс әкімімен кездесті. Бірақ "журналистерсіз өтетін ішкі жиын" деп аталған кездесуге ақпарат құралы өкілдерін кіргізген жоқ. Облыс шенеуніктері мен прокурор қатысқан кездесуден соң, облыс әкімінің баспасөз қызметі Азаттыққа "бұл мәселені түбегейлі шешіп, азаматтар көптен күткен баспанаға қол жеткізуі үшін бар күшімізді салып жатырмыз" деп хабарлады.

- Тараптар ортақ келісімге келді: ұзаққа созылған мәселе заң аясында шешілетін болды. Үлескерлерге сотқа арыз беру ұсынылды. Сот үлескердің пайдасына шешім шығарса, қала әкімдігі азаматтарға пәтер тауып берудің мүмкіндігін қарастырады, - деп мәлімдеді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Үлескерлер Азаттыққа билік өкілдерімен кездесуден соң үміті оянғанын айтты.

- Бүгін кездесу әйтеуір жүйелі өтті. Бізді кінәлаған жоқ. Сотқа арыз береміз деп келістік. Әкімдік сот шешіміне ешкім қарсы келмейтінін айтты. Бізге арыздың үлгісін көрсетті. Облыс қалаға 300 миллион теңге бөледі деп уәде берді. Қала әкімі бізге пәтер іздеуі керек. Бізге пәтердің қалған ақшасын төлеу механизмін түсіндірді. Қарыздың қалған бөлігін бір шаршы метрге 180 мың теңгеден деген есеп бойынша өтейтін болдық. Өйткені қазіргі нарық бағасы сондай. Бұл жақсы деп ойлаймын. Бәрі осылай болар деп үміттенеміз, - деді үлескер Дина Құсайынова.

"Бесоба" тұрғын үй кешеніндегі құлаған көп қабатты үйді күзетіп тұрған полиция қызметкері. Қарағанды, 7 сәуір 2012 жыл.
"Бесоба" тұрғын үй кешеніндегі құлаған көп қабатты үйді күзетіп тұрған полиция қызметкері. Қарағанды, 7 сәуір 2012 жыл.

2012 жылы "Бесоба" тұрғын үй кешенінің көп қабатты үйі құлап қалды. Оған топырақтың жұмсарып, іргетастың шайқалуы себеп болған деп көрсетілген. Билік басқа үйлер, оның арасында құрылысы салынып бітпеген ғимараттар да құлауы мүмкін деген қауіппен тұрғын үй кешенін түгелдей сүріп тастауды ұйғарды. Тұрғындардың пікірін ешкім сұраған жоқ. Үйлерді қиратуды бастағанда өз үйлері берік тұр деп санаған кей тұрғындар кеткісі келмеді. Бірақ бәрін көшіріп, кешендегі барлыұ үйді бұзды. Құрылысшылардың сапасыз жұмысы мен шенеуніктердің салғырттығы кесірінен келген жүздеген миллион теңге шығынды әкімдік сот арқылы өндіріп алмақ болды. "Бесобаны" тұрғын үй кешенін қабылдап алған бұрынғы төрт шенеунік қызмет міндетіне салғырт қарағаны үшін айыпты деп танылды, кейін оларға рақымшылық жасалды. Бұрынғы нысанның үйіндісінен тазартылған алаңға жаңа "Шапағат" тұрғын үй кешені салынып жатыр, оның құрылысы әлі біткен жоқ.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG