Accessibility links

«Бесоба» ісі бойынша бір адам сотталды


«Бесоба» ісі бойынша соңғы шенеунікке үкім шықты. Үш жылға сотталған Александр Воробьев - осы ісі бойынша жазаға тартылған алғашқы адам.

Сейсенбі күні Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық 1-сотында "Бесоба" ісі бойынша айыпталушы - облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бұрынғы бастығы Александр Воробьевке қатысты сот үкімі оқылды.

ҮКІМ

Судья Бақыт Ахметова 2006 жылы «Бесоба» кешенін салуға рұқсат берген мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау облыстық басқармасының бұрынғы бастығы Александр Воробьевті үш жылға соттады. Бұған қоса, айыпталушыға үш жыл бойы мемлекеттік қызметте істеуге тыйым салынды.

Үкімді бірнеше сағат бойы оқыған судья Ахметова қылмыстық кодекстің 307-бабының 4-бөлімі («Ауыр зардаптарға әкеліп соқтырған қызметтік өкілдіктерін теріс пайдалану») бойынша айып тағылған Воробьевтің кінәсі сотта толық дәлелденгенін айтты.

Ал үкімен келіспеген қорғау тарабы соттан соң ақпарат құрал өкілдеріне «әділ үкім үшін» соңына дейін күресетінін мәлімдеді.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау облыстық басқармасын бір жыл басқарған, 2012 жылдың мамыр айынан бері қамауда отырған Александр Воробьев бұған дейін сотта өз айыбын мойындамайтынын айтқан еді.

Ол 2006 жылы «Бесоба» кешенін салуға рұқсат етер алдында өзін тапсырыс берушілердің асықтырғанын, кешенге қатысты өзіне көрсеткен құжаттардың барлығы дұрыс болғанын мәлімдеген.

Александр Воробьевтің соттағы сөзі:


Бірақ сотта құрылыс алдындағы сараптаманың неліктен тек бір ғана үйге жасалып, тұтастай кешенге рұқсат берілгені белгісіз күйінде қалған.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушылар соттан Воробьевке алты жыл жаза тағайындауын сұраса, «Бесобаның» бұрынғы тұрғындары шешімді соттың қалауына қалдырған еді.

"103 ЖЫЛ БЕРСЕ ДЕ, НЕ ӨЗГЕРЕДІ?"

"Бесоба" тұрғындарының бастамашыл топ өкілі Сергей Абаев үкімге қатысты Азаттық тілшісіне:

- Барлығын босатқаннан кейін Воробьевті де босата салу керек еді. Себебі істі бұған дейін-ақ "бүлдіріп" алған болатын. Енді бар кінәні жалғыз адамға жауып отыр. Үш жыл берді. Мейлі, 103 жыл берсе де не өзгереді? Құлайтын үй құлап қалды ғой. Ол үшін құрылысшылар да, шенеуніктер де жауап берген жоқ. Тек оны соттауы дұрыс болмады, - дейді.

Ал бұрынғы «Бесоба» кешенінің тұрғыны Серік Жаманұлы үкімді әділетсіз деп есептейді.

- Пікір айтқаныммен бәрібір ештеңе де өзгермейді. Шындығында бұл әділдікке жатпайды. Үкіметке бәлен миллиард шығын әкеп, алғандары үш жыл ма? Ақша қымқырғаны үшін совет үкіметі кезінде 15-20 жылға соттайтын еді. Бірақ проблема ол тек айыпталушыда ғана емес. Проблема - жоғарыдан боп тұр. Бірақ айтқаннан не пайда, - дейді Серік Жаманұлы.
"Бесобадағы" үйлерді құлатып жатқан техника. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.
"Бесобадағы" үйлерді құлатып жатқан техника. Қарағанды, 3 қазан 2012 жыл.

Бұл - Қарағандыдағы құлап қалған «Бесоба» ісі бойынша оқылған соңғы үкім.

Ақпан айында тұрғын үй кешенін қабылдап алған комиссияның бұрынғы төрағасы, Сарань қаласының бұрынғы әкімі Виктор Иванов пен облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бұрынғы бас маманы Дәулет Алтынбеков, «Бесоба» үйін қабылдап алған ресми адамдар Сергей Грибенщиков пен Татьяна Гук рақымшылық заңы арқылы босап шыққан еді.

Қарағанды қаласындағы «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі 2009 жылы салынған көпқабатты 7-үй 2012 жылдың сәуірінде құлап қалды.

Бірнеше айдан соң жергілікті билік «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі үйлер қиратылып, орнына жаңа тұрғын үй кешендері салынатынын хабарлады.

Сапасыз салынған үйге қатысты қылмыстық іс қозғалып, 2012 жылы қарашаның 5-і күні сот басталған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG