Accessibility links

"Бізге бөлген үйді басқаға берді". Шымкенттік салымшылар билікке наразы


"Билік бізге бөлінген үйді өзге адамдарға үлестірді" деп шағымданған салымшылар Шымкент әкімдігіне келіп тұр. 20 қаңтар 2020 жыл.

Шымкентте бір топ тұрғын "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында алмақшы болған көппәтерлі жаңа үйді басқа адамдарға берген жергілікті билікке наразы. Президент тапсырмасын орындап, үйді көп балалы отбасылар мен жастарға бергенін айтқан әкімдік әлі салынып бітпеген басқа үйді ұсынады. Наразылардың көбі оған келіспейді.

"ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫН ОРЫНДАЙМЫЗ ДЕП, ҮЙДІ ТАРТЫП АЛДЫ"

Шымкент тұрғыны Айман Комашованың Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне салымшы болып тіркеліп, ақша сала бастағанына жеті жыл болған. Айман осы уақытқа дейін бар тапқан-таянғанын банктегі шотына тірнектеп жинағанын, соңғы үш жылда "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша бірнеше рет банк жариялаған конкурсқа қатысқанын айтады.

- 2013 жылдан бері балаларымның аузынан жырып бар ақшамызды банкке салып, жинадық. Конкурстан өтіп, банк қай үйден қандай пәтер алатынымызды хабарлағанда үй-ішімізбен қуандық. Бала-шағамызбен бірге барып, пәтерді көрдік. Шашу шаштық. Кілтін аламыз деп отырғанда әкім "Жастар жылы" деп, пәтерді жастарға беріп жіберді, - дейді наразы тұрғын.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына бөлінген көпқабатты тұрғын үй. Шымкент, 20 қаңтар 2020 жыл.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына бөлінген көпқабатты тұрғын үй. Шымкент, 20 қаңтар 2020 жыл.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының тағы бірі Бағлан Әбденқұловтың сөзінше, өткен жылы "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша арнайы конкурстан өткен 176 салымшыға банк алатын пәтерін белгілеп берген. Банктен шот ашып, 4 жылдан 11 жылға дейін үй алуға ақша жиған салымшылар арасында жастар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, мүгедектер бар.

Салымшылардың ешқайсысы мемлекеттен үй сұрамай, өз күшіне сенді. Үй аламыз деп үміттенді.

- Біз жапа шегіп отырмыз. Салымшылардың ешқайсысы мемлекеттен үй сұрамай, өз күшіне сенді. Үй аламыз деп үміттенді. Өзімізге тиесілі баспанаға қол жеткізетін болдық-ау деген қуанышымызды су сепкендей басып тастады, - дейді Бағлан Әбденқұлов.

"Нұрлы жер" бағдарламасына қатысып, баспаналы болуды армандаған тағы бір салымшы Гүлнәр Дүйсенбаева да "пәтер алдық деп туған-туыс, дос-жаранға жар салып, сүйінші сұрап қойғанын", бірақ жергілікті билік ол үйді басқа біреулерге беріп жібергенін айтады. Гүлнәр Шымкенттің әкімшілік-іскерлік орталығында жаңадан салынған тоғыз қабатты үйдің үшінші қабатын нұсқап, "анау тұрған үш бөлмелі пәтер біздікі болатын" дейді.

- "Нұрлы жер" бағдарламасына біз сияқты баспанасы жоқ адамдар қатыса алады. Қанша жылдан бері жалдамалы пәтерде жүрміз. Әкімдік президенттің тапсырмасын орындаймыз деп, үйімізді тартып алды. Тағы далада қалдық, - дейді Гүлнәр Дүйсенбаева жыламсырап.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына бөлінген көпқабатты жаңа үй. Шымкент, 20 қаңтар 2020 жыл.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына бөлінген көпқабатты жаңа үй. Шымкент, 20 қаңтар 2020 жыл.

Жаңа көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында адам аз. Бірді-екілі отбасы жүктерін түсіріп, ішке тасып жатыр. Терезеден сыртқа қараған кейбірі Азаттық тілшісіне бұл үйге жастар бағдарламасы бойынша пәтер алып, жақында көшіп келгенін айтты.

Көпқабатты бұл үйлер жаңа жылдың алдында ғана берілген. Иелеріне пәтер кілтін өз қолымен тапсырған Шымкент қаласының сол кездегі әкімі Ерлан Айтаханов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бұл үйлер баспана кезегінде тұрған көп балалы аналар мен жұмыс істейтін жастарға беріліп отырғанын айтқан болатын.

НАРАЗЫЛАР КЕЗДЕСПЕК БОЛҒАН ӘКІМ АУЫСТЫ

Алайда қала әкімі кілтін табыс еткен тоғыз қабатты төрт үйдегі пәтерлер оған дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына беріледі деп хабарланып қойған еді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Шымкенттегі филиалының басшысы Құдайберген Сейітмамбетовтің сөзінше, "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынған үйді жастар мен көп балалы отбасыларға беру туралы шешімді қала әкімдігі банктің келісімінсіз қабылдаған.

- "Нұрлы жер" бағдарламасына қатысқан 176 салымшының 40-қа жуығы басқа үйден пәтер алуға келісті. Қалғаны қарсылық білдіріп жатыр, - деді Құдайберген Сейітмамбетов.

Олардың бұлай істеуге құқығы бар ма? Әкім бізге түсіндірсін!

Өздері күткен баспананы биліктің басқа санаттағы адамдарға үлестіргеніне наразы оннан аса адам қаңтардың 20-сы күні Шымкент қаласы әкімдігіне барды.

- Осылай жасауға бола ма екен? Олардың бұлай істеуге құқығы бар ма? Әкім бізге түсіндірсін! - деген талап айтты Айман Комашова.

Наразыларды бірнеше сағаттан соң Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр қабылдады. Шенеунік жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үйлер президент Тоқаевтың тапсырмасы бойынша көп балалы отбасылар мен жұмыс істейтін жастарға берілгенін растап, салымшыларға қазір құрылысы салынып жатқан өзге көпқабатты үйден пәтер алуды ұсынды.

- Ол үйлерді қайтару мүмкін емес. Қазір бізде 112 пәтер дайын тұр. Оның сапасы беріліп қойған үйден кем емес, - деп сендіруге тырысты шенеунік.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына қала әкімдігі ұсынған көпқабатты тұрғын үй әлі салынып бітпеген. Шымкент, 20 қаңтар 2020 жыл.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына қала әкімдігі ұсынған көпқабатты тұрғын үй әлі салынып бітпеген. Шымкент, 20 қаңтар 2020 жыл.

Алайда наразы салымшылар бұл ұсынысқа келіспейді. Олардың айтуынша, әкімдік ұсынып отырған үйдің құрылысы әлі толық бітпеген, оның үстіне көлемі де аз. Мысалы, банк белгілеген үйдегі үш бөлмелі пәтердің көлемі 97 шаршы метрден асса, әкімдік ұсынып отырған үйдегі үш бөлмелі пәтердің көлемі 78 шаршы метрге жетпейді дейді олар.

Жылдар бойы жиған-тергенімізге сапасы нашар, көлемі кіші пәтер алғымыз келмейді.

- Президенттің көп балалы аналар мен жастарды үймен қамтамасыз ету туралы тапсырмасында "үй берілетін уақытта үшінші жақ жапа шекпесін" деген сөз бар. Үшінші жақ дегені біз сияқты адамдар, салымшылар. Әкімдік үйді өзгелерге үлестіретін уақытта президенттің осы тапсырмасын назарға алмаған. Осы уақытқа дейін жылдар бойы жиған-тергенімізге сапасы нашар, көлемі кіші пәтер алғымыз келмейді. "Нұрлы жер" бағдарламасына қатысушылардың таңдау құқығы бар, - дейді Бағлан Әбденқұлов.

Баспана дауына байланысты билікке наразылығын жеткізбек болған тұрғындар қала әкімдігінен шығып келе жатыр. Шымкент, 20 қаңтар 2020 жыл.
Баспана дауына байланысты билікке наразылығын жеткізбек болған тұрғындар қала әкімдігінен шығып келе жатыр. Шымкент, 20 қаңтар 2020 жыл.

Басшымен кездесуді талап еткен тұрғындар Шымкент әкімі оларды қаңтардың 21-і күні түстен қабылдайды деген әкімінің орынбасары Ербол Садырдың сөзінен кейін тараған еді. Бірақ ертеңінде Қазақстан президентінің жарлығымен Шымкенттің әкімі Ерлан Айтаханов қызметінен босатылып, орнына өткен айдан бастапа әкімінің бірінші орынбасары болып істеп келген Мұрат Әйтенов тағайындалды. Тұрғын үйді даулап жүрген салымшылар жаңа басшы оларды апта соңына дейін қабылдайтыны жайлы өздеріне қала әкімдігінен хабарлағанын айтады.


  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG