Accessibility links

Тәжік оппозициясы 33 белсендісі ұсталғаны туралы ІІМ мәліметін жоққа шығарды


Қуғында жүрген тәжік оппозициясының өкілдері Францияда саяси қудалауға қарсы наразылық акциясын өткізіп тұр. 2019 жыл.
Қуғында жүрген тәжік оппозициясының өкілдері Францияда саяси қудалауға қарсы наразылық акциясын өткізіп тұр. 2019 жыл.

Тәжік оппозициясы жақтастарының ұсталғаны туралы мәліметті жоққа шығарды. Мұның алдында Тәжікстанның ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода экстремизм күдігімен 33 адамның ұсталғанын хабарлаған.

4 тамызда өткен баспасөз конференциясында Рахимзода биыл 143 адам тыйым салынған қозғалыстар мен ұйымдарға, террористік және экстремистік топтарға қатысты деген айыппен ұсталғанын айтқан. Министрдің мәлімдеуінше, Тәжікстан ислам жаңғыру партиясының (ТИЖП), Тәжікстан ұлттық альянсының және "Группы 24" қозғалысының 33 өкілі ұсталған.

Тәжікстанда тыйым салынған ТИЖП жетекшісі, ТҰА төрағасы Мұхиддин Кабири тәжік министрінің сөзін жоққа шығарды. Саясаткердің айтуынша, министрдің мәлімдемесінде насихат басым. ТИЖП мен ТҰА біраздан бері Тәжікстанда жұмыс істемейді дейді Кабири.

"Группы 24" қозғалысының басшылары да 13 жақтасы ұсталды дегенді терістеді.

"Өтірік. Биыл қозғалыстың бір ғана белсендісі ұсталды. Рахматжони Махмаджонды Ресейде ұрлап әкетіп, Тәжікстанға депортациялады. Тәжікстан билігі қазір оның қайда отырғанын, оған қандай айып тағылғанын айтпай отыр" деді қозғалыстың баспасөз хатшысы Саидали Ашуров.

Тәжікстанның Жоғарғы соты 2015 жылғы 29 қыркүйекте Тәжікстан ислам жаңғыру партиясын террористік ұйым деп танып, оның республикада қызмет етуіне тыйым салды.

Тәжікстанның ұлттық альянсы 2019 жылғы 15 тамызда террористік-экстремистік бірлестік деп танылған. Жоғарғы сот оның ел аумағында қызмет етуіне тыйым салды.

"Группа 24" қозғалысы 2012 жылы Мәскеуде құрылған. 2014 жылғы 9 қазанда Тәжікстанның Жоғарғы соты қозғалысты экстремистік ұйым деп танып, оған тыйым салды.

Тәжікстан билігі жиырма шақты ұйым мен қозғалысқа тыйым салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG