Accessibility links

Тимановскаяны күшпен елге қайтаруға тырысқан екі белорус тренері аккредитациядан айырылды


Кристина Тимановская Варшавадағы баспасөз жиыны кезінде. 5 тамыз 2021 жыл.
Кристина Тимановская Варшавадағы баспасөз жиыны кезінде. 5 тамыз 2021 жыл.

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) спринтер Кристина Тимановскаяны Токио Олимпиадасынан еліне күшпен қайтаруға тырысты деп айыпталған екі белорус тренерін аккредитациядан айырды.

ХОК 6 тамызда Twitter-де таратқан хабарламасында "Токиода әлі өнер көрсетіп жатқан белорус спортшыларының мүддесі үшін" осындай қадамға барып отырғанын жазды.

Ақпаратқа қарағанда, ХОК белорус тренерлері Артур Шумак және Юрий Маисевичтен Олимпиада қалашығынан тез арада кетуді талап еткен және олар талапты орындаған. Тимановскаямен болған оқиғаны анықтау үшін ХОК тәртіптік комиссия құрған. Комиссия Шуман мен Маисевичтің спортшыға "қысымын" да зерттеуі тиіс.

"Оларға өз пікірін айтуға мүмкіндік беріледі" делінген мәлімдемеде.

Қазір Варшавада жүрген Тимановскаяның сөзіне қарағанда, ол тренерлердің Беларуське оралу туралы бұйрығын орындаудан бас тартқан. Тимановская әлеуметтік желіде Беларусьтің спорт шенеуніктерін сынап жазғаны үшін қудалауға ұшыраймын ба деп қорыққан.

24 жастағы спортшы поляк дипломаттарының қорғауымен Варшаваға жеткен. Жақын арада босқын мәртебесін беру жөнінде өтініш түсіреді. 5 тамыз күнгі баспасөз жиынында Тимановская Польшаға көмегі үшін алғыс айтып, "қауіпсіз болған кезде" Беларуське оралудан үмітті екенін жеткізді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG