Accessibility links

"Беларуське оралмаймын". Сыни пост жазған атлетті Токиодан Минскіге әкетпек болды


Жеңіл атлет Кристина Тимановская Токиодағы әуежайда полицейлермен кетіп барады. 1 тамыз 2021 жыл.
Жеңіл атлет Кристина Тимановская Токиодағы әуежайда полицейлермен кетіп барады. 1 тамыз 2021 жыл.

Олимпиадаға қатысуға келген Беларусьтің 24 жастағы жеңіл атлеті Кристина Тимановскаяны күштеп Токиодан Минскіге әкетпек болды. Бірақ Жапония полицейлері оны елден шығармай қойды. Енді жеңіл атлет Еуропадан саяси баспана сұрамақ.

ЖАҒДАЙДЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ

100 және 200 метрге жүгіретін Кристина Тимановская бүгін, 2 тамыз күні Токио олимпиадасына қатысуы тиіс еді. Бұл оның алғашқы олимпиадасы болатын. Бірақ 1 тамызда Беларусьтің Токиодағы делегациясы Тимановскаяны еш ескертпестен жүктерімен әуежайға апарып, Минскіге салып жібермек болған.

Спортшы Беларусь делегациясының бұлай істеуіне желідегі сыни посты себеп болды деп санайды. Ал Беларусь ұлттық олимпиада комитетінің мәлімдеуінше, дәрігерлер спортшы "эмоциялық-психологиялық жағдайына байланысты олимпиадаға қатыса алмайды" деген шешім қабылдаған.

Жеңіл атлеттің сөзінше, кейін ол әуежайдағы жапониялық полицияға олимпиадалық қалашықтан алып шыққанын айтып, жағдайды түсіндірген. Осыдан соң полиция оны бөлімшеге жеткізген.

Кристина Тимановская Токиодағы әуежайда тұр.
Кристина Тимановская Токиодағы әуежайда тұр.

Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Тимановская Минскіге оралуы тиіс Turkish Airlines компаниясының ұшағына мінбеген.

"Қазір қауіпсіз жердемін, менің қайда түнейтінім шешіліп жатыр" деді жеңіл атлет Беларусь спортшыларының ынтымақтастық қорына.

Тимановская Reuters агенттігіне "Беларуське оралмаймын" деп айтқан. Бұл агенттік дереккөздеріне сілтеме жасап, жеңіл атлет 2 тамызда Австрия мен Германиядан баспана сұрайтынын хабарлады.

Чехия үкіметі спортшыға Еуропаға келуге виза ұсынатынын айтып, Чехияның Токиодағы елшілігі көмекке дайын екенін мәлімдеді.

Атлет видеомәлімдеме жасап, Халықаралық олимпиада комитетінен (ХОК) көмек сұрады.

"Маған қысым жасалды. Менің келісімімсіз елден шығармақ болды. Сондықтан Халықаралық олимпиада комитетінен бұл жағдайға араласуын сұраймын" деді ол видеосында.

Кристина Тимановская Токиода полицейлермен бірге тұр. 1 тамыз 2021 жыл.
Кристина Тимановская Токиода полицейлермен бірге тұр. 1 тамыз 2021 жыл.

Кейін ХОК пен Токио олимпиадасының ұйымдастыру комитеті халықаралық агенттіктерге Тимановскаямен байланысқандарын жеткізді.

"Ол Ханеда әуежайында, ресми мекемеде отыр. Жанында Токио-2020 ойындарының ұйымдастыру комитетінің өкілдері бар. Ол бізге қауіпсіз жерде екенін айтты" деп мәлімдеді ойын ұйымдастырушылар AFP агенттігіне.

ТИМАНОВСКАЯ НЕ ЖАЗЫП ЕДІ?

Бірнеше күн бұрын спортшы Instagram желісінде Беларусьтің спорт шенеуніктерін сынап пост жариялаған. Тимановскаяның сөзінше, шенеуніктер оған еш ескертпестен өзі жүгіріп көрмеген 4x400 метр эстафеталық жарысқа шығармақ болған. Спортшы кейін бұл постын алып тастады.

Атлет постында "біздің "өте мықты басшылық" әдеттегідей біз үшін шешім қабылдай салды. Бірақ олар бәрін бүлдірген. Қыздар өмірлеріндегі бірінші олимпиадасына келуі керек еді, алайда олардың жарысқа қатысуы үшін допинг тестінің саны жеткіліксіз болған. Осыдан соң олар (спорт шенеуніктерінің айтады – Ред.) айналып өтіп, мені эстафетаға шығармақ болыпты" деп жазды.

4x400 метрлік эстафетаға қатыусы тиіс үш атлет допинг тестін аз тапсырды деп олимпиадаға жіберілмеген еді.

"Маған келіп, жағдайды түсіндірсе, 400 метрге жүгіре аламын ба, соны сұраса бұлай қатты реакция білдірмес едім. Бірақ бәрін менің сыртымнан шеше салған. 400 метрге жүгіріп көрмесем де, жарысқа қатысып, команданы, қыздарды қолдауға дайын едім. Бірақ, меніңше, жоғарыдағылар бізді құрметтеп, біздің ойымызбен де санасуы керек деп ойлаймын" деп жазды ол.

БЕЛАРУСЬ ҰОК НЕ ДЕДІ?

Беларусь ұлттық олимпиада комитеті (ҰОК) Тимановская "эмоциялық-психологиялық жағдайына байланысты олимпиадаға қатыса алмайды" деп мәлімдеді.

"Дәрігерлердің шешімінен соң жеңіл атлетика құрамасының бапкерлер штабы жеңіл атлет Кристина Тимановскаяны олимпиадаға қатыспайды деп шешті" деп мәлімдеді Беларусь ҰОК жергілікті басылымдарға.

Ал жеңіл атлет беларусьтің Tribuna.com спорт сайтына "бұл өтірік, мені дәрігерлер қараған жоқ" деді.

Тимановскаямен шу болып жатқан тұста Беларусьтің тағы бір атлеті Максим Недосеков Токио олимпиадасында биіктікке секіруде қола медаль алған еді.

Ол кейін беларусьтік "Прессбол" сайтына "Маған [Тимановская] ұнамайды. Командаға және басшылық алдында өзін жоғары ұстады. Онымен дұрыс жасады деп ойлаймын. Ол көп сөйлейді, демек сөзің үшін де жауап беру керек" деді.

Недосеков бұған дейін Беларусь режимін басқарып отырған, билігі елде қатты қарсылыққа ұшыраған авторитар Александр Лукашенконы қолдаған спортшылардың ашық хатына қол қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG