6 тамызда Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылының тұрғындары іргедегі шошқа фермасын көшіруді талап етіп, наразылық білдірді. Мешіт маңында басталған наразылық кейін ферма төңірегіне қарай ауды.
Тұрғындардың "Парижская коммуна" компаниясының фермасына наразылық танытып жүргеніне 9 айдан асты. Жергілікті жұрт ферма жақтан жел тұрғанда, күлімсі иіс тарап, үйден шыға алмай қалатынын айтып отыр. Бұған дейін шошқаның ішек-қарны, терісі және өлексесі ауыл маңындағы шұңқырларға көміліп жатқанын видеоға түсіріп алған тұрғындар ферма қожайындарын жерді, суды ластады деп айыптаған еді.
Жұма күні оқиға орнына аудан, облыс басшылығы, күштік құрылым өкілдері келіп, халықты сабырға шақырды. Жұрт "талабымызды айтып жүргенімізге қанша уақыт болды, шыдамымыз таусылды" деп ферма мен ауыл арасын бөліп тұрған темір жолды жабатынын айтып ескертті. Ал билік өкілдері қажетті шаралар орындалып жатқанын алға тартты.
– Міне, осы тұрғанның өзінде демала алмай тұрмыз. Маскадан өтіп кетіп жатыр. Халықты қараңыз. Қалай жүргенін. Күн сайын қалдықтарды төгіп жатыр. Кеше қарасақ, 6-7 бойлерден төкті. Бір мәшіненің өзі сондай төгеді. Қалған машинаның қанша төгетінін құдай біледі. Сол кезде біз көшіп кете жаздаймыз, – деді наразы тұрғындардың бірі Руслан Үргенішбай Азаттық тілшісіне.
Биыл мамыр айында Ақтөбе соты "биологиялық қалдықтарды жерге көміп, табиғатты ластады" деп айыпталған "Парижская коммуна" компаниясына жеті млрд теңгеден астам айыппұл салған болатын. Алға ауылының әкімі Нұрбол Ержановтың сөзіне қарағанда, қазір сот орындаушылары компаниядан айыппұлды өндіруге тырысып жатыр.
Кейбір тұрғындар "билікке талапты орындауға осы айдың соңына дейін уақыт берейік" десе, кейбірі жолды бүгін жабу қажеттігін айтты.
Бұдан соң Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов "тамыз айының соңына дейін шошқа фермасы жабылады" деп айтқаннан кейін халық "жақсы күтейік" деп тарасты.
Қарай отырыңыз: "Терезені аша алмаймыз". Ауыл тұрғындары шошқа қожалығының жабылуын талап етті (19 қараша, 2020 жыл).
ПІКІРЛЕР