Accessibility links

АҚШ Иранның жаңа президентін ядролық келіссөзді "тез арада" жалғастыруға үндеді


Иранның жаңа президенті Ибрахим Раиси қызметіне кіріскен кезде парламентте ант беріп тұр. Тегеран, 5 тамыз 2021 жыл.
Иранның жаңа президенті Ибрахим Раиси қызметіне кіріскен кезде парламентте ант беріп тұр. Тегеран, 5 тамыз 2021 жыл.

АҚШ Иранның жаңа президенті, саясатта өзінің қатқыл бағыт ұстануымен мәшһүр Ибрахим Раисиді 2015 жылғы ядролық келісімді қайта жандандыру туралы келіссөзге оралуға үндеді. Раиси 5 тамызда қызметіне ресми кіріскен кезде өз еліне салынған санкцияларды жоюдың дипломатиялық жолдарын іздестіретінін мәлімдеген. Ізінше Вашингтон оған әлгіндей ұсыныс жасады.

"Біз Иранды тез арада келіссөздерге оралуға шақырамыз. Біз үшін бұл кезек күттірмейтін басымдық" деді АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Нед Прайс баспасөз брифингінде.

Раиси президент инаугурациясы рәсімінде сөйлеген сөзінде санкциялардың күшін жойғысы келетінін айтқан.

"Егер президент Раиси санкциялардың жойылуын шынымен қаласа, Венада дәл осы мәселе ашық талқыланып жатыр емес пе" деді Прайс Австрия астанасындағы ядролық келісімді қалпына келтіру жайлы жүріп жатқан келіссөзді меңзеп.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың билігі кезінде Вашингтон Иран экономикасына ауқымды түрде теріс әсері бар санкцияларды қайтадан күшіне енгізе отырып, 2015 жылғы ядролық келісімнен шыққан болатын.

"Біріккен кешенді іс -қимыл жоспарына" (талаптарына) сәйкес, саясат жүргізу шартына бірге оралуға қол жеткізу мүмкіндігі мәңгі-бақи бола бермейді" деп мәлімдеді Прайс.

Бұған дейін Венадағы келіссөз алты раундтан кейін тоқтап қалған еді. Иранның ядролық келіссөз жүргізетін тобының жетекшісі өткен айда келесі раундтың басталуын Ибрахим Раисидің қызметіне кіріскенше күту керегін айтқан болатын.

  • Иран және тағы алты ел (Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция) арасында 2015 жылы шілдеде ядролық келісімге қол қойылған. Келісім Иранның ядролық бағдарламасы мен қарулануына уақытша шектеу қояды. Есесіне Тегеранға салынған халықаралық санкция жұмсаруы тиіс.
  • 2018 жылғы мамырда АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі бұл келісімнен шығып, Иранға біржақты санкция салған. Вашингтонның бұл қылығы құжатқа қол қойған өзге елдердің наразылығын туғызған. Тегеран жауап ретінде өз міндеттерінен біртіндеп бас тарта бастаған.
  • Кейін АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байден әкімшілігі ядролық келісімге қайта қосылу мәселесін қарастыруға әзір екенін мәлімдеген. Екі тарап келісімді қайта күшіне енгізуге ынта танытып, биыл сәуірде Венада келіссөз басталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG