Accessibility links

АҚШ президенті Дональд Трамп "Иран терроризмді қолдап отыр" деп сынады. Оның сөзінше, Иран келісімін қайта қарау керек немесе мүлде тоқтату қажет.

Мамырдың 8-і күні АҚШ президенті Дональд Трамп арнайы мәлімдеме жасап, Вашингтон Иран келісімінен шығатынын мәлімдеді.

"Келісім Иранға ядролық бағдарламасын кеңейтуге мүмкіндік жасады. Келісімнің негізі жалғандыққа құрылды. Иранның уәделері алдамшы болды. Бізде дәлел бар. Бұл жақсылық әкелмеген біржақты шешім болды. Егер бұл келісімде қалып, ары қарай жалғастыра берсек, Таяу Шығыста ядролық қару жарысы басталады" деді Трамп.

Трамп егер Тегеран ойынан қайтса, жаңа келісім туралы сөйлесуге дайын екенін айтты.

Келісім Иранның ядролық бағдарламасын дамытып қана қоймай, ядролық күшін арттырды.

"Келісім Иранның ядролық бағдарламасын дамытып қана қоймай, ядролық күшін арттырды. Келісімді қайта қарау керек немесе мүлде тоқтату қажет. Батыс елдері қазіргі келісімге көніп отыра берсе, Иранды тоқтата алмайды" деді АҚШ президенті.

Трамп "Иран терроризмді, соның ішінде "Хезболла", "Хамас", "Талибан" және "Әл Каида" ұйымдарын қолдап отыр. Авторитарлы режим басып алған Иран халқын АҚШ әрқашан қолдайды" деп мәлімдеді.

Трамп Иранға қайта санкция салынатынын айтты. Бірақ шектеулер нақты қай уақыттан басталатынын айтпады. АҚШ президенті өз сөзінде "Иранды және оның ядролық бағдарламасын қолдайтын елдерге де санкция салынатынын" жеткізді.

Ал Иран президенті Хасан Роухани "АҚШ-тың келісімнен шығуы - тарихи қателік" деп атады. Роуханидің айтуынша, Тегеран келісімде қалған басқа елдердің де реакциясын күтеді.

"Иран уәдесінде тұратын, ал АҚШ - сөзінде тұрмайтын ел" деді Роухани.

Трамп мәлімдемесінен кейін Израиль билігі ел әскері кез-келген жағдайға дайын екенін мәлімдеді. Израиль АҚШ-тың Иран келісімінен шыққанын қолдайды.

Иран президенті Хасан Роухани
Иран президенті Хасан Роухани

2015 жылы шілдеде Иран мен алты мемлекет - АҚШ, Германия, Қытай, Ұлыбритания, Ресей және Франция арасында келісімге қол қойған. Келісімді Израиль қолдамаған.

Оқи отырыңыз: Иран келісіміне қалай қол қойылып еді?

Келісім бойынша, Иран уранды байыту бағдарламасын азайтуға, ал халықаралық қауымдастық Тегеранға салынған санкцияларды жұмсартуға міндеттеме алған. ​Батыс елдері Иранды ядролық қару жасауға тырысады деп айыптап келген. Бірақ Тегеран ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатты көздейді деп, айыптауды жоққа шығарған.

2016 жылы Трамп президент сайлауы алдында Иранмен жасалған ядролық келісімді "апат" деп бағалап, "бұл келісім Иранға ядролық қаруларын сақтауға мүмкіндік береді" деген. Трамп сайлауда жеңіске жеткен соң, 2017 жылы қазанның ортасында Ақ үйде Иранмен жасалған "ядролық келісімді" бекітуден бас тартатыны туралы алғаш рет айтқан. Трамп Тегеранды "келісім талаптарын орындап отырған жоқ" деп кінәлап, "қажет болса келісімнен шығатынын" жеткізген.


АҚШ заңдарына сай ел президенті әр алты ай сайын Конгреспен ақылдасып, келісім Вашингтонның мүддесіне сай келу я келмеуін талқылайды.

Иран президенті Хасан Роухани бірнеше күн бұрын "АҚШ 2015 жылғы ядролық келісімнен шықса опық жейді" деген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG