Accessibility links

Өз келіссөзін ирандықтар қалай бағалады?


Венада Иран мен алты мемлекет арасында ядролық бағдарлама жайлы келіссөз жасалғаны туралы хабардан соң ирандықтар көшеге шығып, билеп, бір-бірін құттықтады. Шираз, 14 шілде 2015 жыл.
Венада Иран мен алты мемлекет арасында ядролық бағдарлама жайлы келіссөз жасалғаны туралы хабардан соң ирандықтар көшеге шығып, билеп, бір-бірін құттықтады. Шираз, 14 шілде 2015 жыл.

Әшейінде мінезі ауыр Иран сыртқы істер министрінің бір парақ ұстап, алақайлап шыққан суреті мен осы келісім туралы хабарлар кешелі-бүгін көптеген БАҚ-тың бас тақырыбына айналды.

Осы арқылы Иран мен «алтылық» (АҚШ, Ресей, Германия, Франция, Ұлыбритания және Қытай) арасындағы келіссөз сәтті аяқталғандай әсер қалыптасты.

Венада екі аптадан артық уақытқа созылған Иранның ядролық бағдарламасы келіссөзі кеше аяқталды. Келісім туралы жарияланғаннан кейін Тегеранда және басқа да ірі қалаларда ирандықтар көшеге шығып, билеп, бір-бірін құттықтап жатты. Иранның футбол командасы 1998 жылғы әлем чемпионатында Америка құрамасын жеңгенде де ирандықтар дәл осылай көшеге ағылған болатын. Ал бүгін жергілікті спорт газеттеріне дейін Вена келісімі жайлы жазумен болды.

ЖЕРГІЛІКТІ БАСПАСӨЗ НЕ ДЕЙДІ?

Иран баспасөзінің барлығы дерлік Вена келісімін сыртқы саясаттағы жеңіс ретінде сипаттауға тырысты. Оның көпшілігі бүгін «жалынды» мақала жариялады деуге болады.

Иранның консерваторлық бағыттағы «Кейхан» газетінің Венадағы келіссөз туралы мақаласы. 15 шілде 2015 жыл.
Иранның консерваторлық бағыттағы «Кейхан» газетінің Венадағы келіссөз туралы мақаласы. 15 шілде 2015 жыл.

«Иран» газеті «Иран – келіссөз шыңында» тақырыбында мақала жарияласа, «Кар уа каргар» басылымы бас мақаласын «Мәміле кілті санкция құлпын ашты» деп атаған. «Афтаб» газеті де «Кілт бұралды, Иран күлді» деген тақырыппен мақала шығарған. «Сәнат» газетінің бас тақырыбы «Иранның қаһармандық келісімі» деп аталады.

«Вәтан-е эмруз» басылымы келісімнің орындалуы маңыздырақ екеніне мән берген. «Шәхрвәнд» газеті «Бомбасыз атомдық жарылыс» деген атпен мақала жариялады.

Иран басылымдары арасында келіссөз бен оның шарттарын сынап жазып жатқандар да бар. Консерваторлық бағыттағы «Кейхан» газетінің мақаласы «Екі түрлі талданған бір келісімнің 180 градустық келіспеушілігі» деп аталады. Алайда осындай бағыттағы «Эттелаат» газеті «Тарихи келісім» деген мақала шығарған. «Әср-е ираниан» газеті болса, келіссөздегі АҚШ-тың «екіжүзділігін» айыптаған.

ИРАНША ТАЛДАУ

Келісімнен кейін Иранның үштік билік тармағы басшылары тағы да бас қосты. Венадан оралған Иран делегациясы президент Хасан Роуханимен бірге аятолла Хаманеидің қабылдауында болды. Мұны Иранның күштік құрылымдарының «қуанышты кездесуі» деп сипаттауға болады. Аятолла келіссөз жүргізген Иран делегациясының қажыр-қайратын діни тұрғыда тәпсірлеуге тырысқан.

Иран президенті Хасан Роухани (оң жақта) және аятолла Хаманеи. Тегеран, 14 шілде 2015 жыл.
Иран президенті Хасан Роухани (оң жақта) және аятолла Хаманеи. Тегеран, 14 шілде 2015 жыл.

Президент Роухани терроризм қаупі төнген аймақта Иранның соңғы екі жылда осы келіссөзді тоқтатпай, жалғастыруға барынша ұмтылғанын айтқан. Ол елдің әлеуметтік жағдайын оңдау үшін инвестиция мен технологияға ділгір болып отырғанына мән берген. Роухани келісім шарттарына қатысты ендігі қадамды жеделдетуге тырысатынын да білдірген.

Иран мәжілісінің төрағасы Әли Ларижани бұл келісімнің аймақ қауіпсіздігі үшін маңызына баса назар аударған.

Елдің сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф Венадан келген соң «әрбір сөзіне дейін талданған» келісім нәтижесін дін және ислам революциясы құндылықтарымен түсіндіруге тырысып жатыр.

КЕЛІССӨЗ ЖОЛЫ

Иранда соңғы президент сайлауынан кейін билікке реформаторлық бағыттағы Хасан Роуханидың келуі, оның АҚШ президенті Барак Обамамен телефон арқылы болса да тікелей сөйлесуі осы келіссөз үшін маңызды болды. Оған дейін де ашық та жабық жағдайда келіссөздер болғаны белгілі.

АҚШ президенті Барак Обама Иран мен алты ел арасында Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты келісім жасалуына орай мәлімдеме жасап тұр. Ақ үй, Вашингтон, 14 шілде 2015 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама Иран мен алты ел арасында Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты келісім жасалуына орай мәлімдеме жасап тұр. Ақ үй, Вашингтон, 14 шілде 2015 жыл.

Екі ел басшысының 34 жылдан кейін тікелей тілдесе алуы ерекше оқиға саналады. Иранның діни көсемдері «үлкен шайтан», «тағұт» атаған Америкамен тікелей мәмілеге баруы саяси ортада әртүрлі пікір тудырды. Иран басшылығына да, Америка басшылығына да осындай қадамға бару үшін саяси топтардың ішкі қысымынан өтуіне тура келді.

Иран 1970 жылдары ядролық бағдарламаны қолға ала бастады. Бірақ 1979 жылғы ислам революциясы, одан кейінгі Иран-Ирак соғысы бұған тоқтау салды. 2005 жылы президенттікке Махмұд Ахмадинежадтың келуі және оның батыс пен Израильге қарсы риторикасы Иранға революциядан кейін-ақ жарияланған санкцияларды тағы да еселендірді. Алайда Хатами (1997-2005) үкіметі кезінде Иран қауіпсіздік кеңесі төрағасы болып, ядролық бағдарлама келіссөзі делегациясын басқарған Хасан Роуханидың 2013 жылы президенттікке келуін кеше Венада аяқталған келісімнің кілті деуге болады.

Дегенмен әр кезеңдегі жағдайға қарай Иранда түпкілікті саяси шешімді аятолла қабылдайды. Сондықтан келісімге келуді оның талаптарын орындау кепілі деуге болмайды.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG