АҚШ елшісі Джули Фишер Беларусьте дау-дамайға толы президент сайлауы өткеннен кейінгі бір жыл ішінде қанат жайған демократиялық қозғалыстың ел азаматтарының "болашағын айқындауда өз үлесін қоссам деген ұмтылысынан" туындаған "аса маңызды оқиға" болғанын атап айтты.
7 тамызда Азаттықтың Беларусь қызметіне берген арнайы сұхбатында елші Фишер АҚШ-тың – (Беларусьтегі) "барлық саяси тұтқындар еш шартсыз дереу босатылғаннан кейін" – Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымының (ЕҚЫҰ) мұрындық болуымен "жаңа сайлау өткізуге жетелейтін" Беларусь аумағындағы "инклюзивті диалог жүргізуге" (мүдделі тараптарды) шақыруын ары қарай жалғастырып жатқанын баса айтты.
"Міне, бізді Беларусьтің жаңа заңды басшысының сайлануына апаратын нақ осы нәрсе және біз осыны асыға күтеміз" деді Фишер. Ол 2008 жылдың желтоқсанынан бергі кезең ішіндегі АҚШ-тың Беларусь мемлекетіне қызметке тағайындаған бірінші елшісі саналады. Фишер 2020 жылдың желтоқсанында елші ретінде ант берді, бірақ Беларусь мемлекетіндегі басшылық дауына байланысты Фишер Минскідегі өз қызметіне әлі кіріскен жоқ.
Беларусь билігі мемлекетті 1994 жылдан бері басқарып келген Александр Лукашенко 2020 жылғы 9 тамызда өткен президент сайлауында алтыншы мәрте жеңіске жетті деп мәлімдегеннен кейін елде жаппай наразылық басталған еді. Билік бұған жауап ретінде оппозиция лидерлерін күштеп елден қуды немесе түрмеге қамады, мыңдаған адамды тұтқындады, ондаған үкіметтік емес ұйымға қысым көрсетті, журналистерді аккредитациялаудан бас тартты не оларды мәжбүрлі түрде елден кетірудің амалын жасады.
Ресми Минскінің Александр Лукашенконың қайтадан ел президенті болып сайланғаны туралы мәлімдемесін билік қысымға алған оппозиция мен Батыс мемлекеттері қабылдамады. Толқулар басталғалы бері Батыс елдері Лукашенко режимін Беларусь оппозициясына көрсетіп отырған қысымын азайтып, онымен келіссөз бастауға және жаңа, тәуелсіз сайлау өткізуді қолға алуға көндіру үшін санкциялар салған.
ПІКІРЛЕР