Accessibility links

"Революция үшін істер басқа амал қалмағанда Беларуське ораламын". Светлана Тихановскаямен сұхбат


Беларусь оппозициясының лидері Светлана Тихановская Азат Еуропа/Азаттық радиосының Прагадағы кеңсесінде. 8 маусым 2021 жыл.
Беларусь оппозициясының лидері Светлана Тихановская Азат Еуропа/Азаттық радиосының Прагадағы кеңсесінде. 8 маусым 2021 жыл.

Беларусьтегі наразылықтың лидері Азат Еуропа/Азаттық радиосының студиясына келіп, қамауда отырған Роман Протасевич, Батыс санкцияларының Лукашенко режиміне әсері, Қырымның кімге тиесілі екені сұрақтарға жауап берді.

Беларусьтегі наразылық қазір қай кезеңде?

– Соңғы кезеңде деп үміттенемін. Осы сәтті жақындату үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Беларусь халқы ел ішінде де, халықаралық алаңда да күресіп жүр. Беларусьтер астыртын, құпия түрде өте көп жұмыс атқарып жатыр. Адамдардың тапқырлығы соншалық, олар режимді әлсіретудің жаңа әдістерін ойлап табудан шаршамайды.

Мүмкіндік аз, бірақ біз әлі де тамыздағыдай көп екенімізді, ешқайда жоғалып кетпегенімізді, қуғын-сүргінге қарамастан, режимге қарсы күресіп жатқанымызды көрсету үшін бұл мүмкіндіктердің әрбір миллиметрін пайдаланып отырмыз. Мен де өз жағымнан Беларусьтегі жағдайдың халықаралық аренада күн тәртібінен түспеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмын. Біз туралы айтсын, ойласын, жанашырлық танытсын деп. Режимнің кей қате қадамдарына қарағанда, мұны агония деп атауға болады.

Халықаралық күн тәртібі туралы айтып отырсыз. Қазір ең маңызды факторлардың бірі Батыс санкциялары ұқсайды. Ұшақты қондырып, Роман Протасевичті ұстау оқиғасына қатысты қандай санкциялар күтесіз? Күткеніңіздің орындалатынына қандай да бір негіз бар ма?

– Қазір санкциялар дайындалып жатыр. Қателеспесем, 17 маусымға дейін жариялануы керек. Оған қандай шаралар кіретінін білмеймін. Бұл жерде жеке тұлғаларға қарсы санкциялар туралы айтып отырмын. Бірақ біз ол жақта экономикалық санкциялар да болады деп үміттенеміз.

Беларусь оппозициясының лидері Светлана Тихановская 8 маусым күні сондай-ақ Чехия премьер-министрі Андрей Бабишпен де кездесті. Прага, 8 маусым 2021 жыл.
Беларусь оппозициясының лидері Светлана Тихановская 8 маусым күні сондай-ақ Чехия премьер-министрі Андрей Бабишпен де кездесті. Прага, 8 маусым 2021 жыл.

Режимнің әскери қызметкерлер мен милиция өкілдеріне ақша төлеуге мүмкіндігі болмауы үшін оны экономикалық тұрғыдан шектеу керегін бәріміз түсінеміз. Бұл адамдар режимді іштен қолдап отыр деуге болмайды, бірақ олар берілген бұйрықты орындауға мәжбүр. Жоғарыда айтқанымыз жүзеге асса, билік өкілдерінің азаматтық қоғаммен диалог бастаудан басқа амалы қалмайды. Жаңа, әділ сайлау өткізу үшін осыған қол жеткізуге тырысып жатырмыз.

Соңғы кездері Ресейдің күн тәртібінен түспей жүрген ресейлік кәсіпкер Дмитрий Мазепиннің тегіне байланысты сұраққа келсек. Ресейлік миллиардердің Беларусьтегі наразылыққа қандай да бір қатысы бар ма?

– Ондай жағдай туралы естіген емеспін.

Ресей билігінің Беларусьтегі жағдайды реттеудегі рөлі қандай? Мысалы, Еуропа кеңесінде "Ресей Беларусь дағдарысын шешуде маңызды рөл атқаруы мүмкін" деген мәлімдеме жасалды.

– Режимді қолдаушылар аз екенін бәріміз түсініп отырмыз. Оны қолдаушы тараптардың бірі Кремль екені белгілі. Ресейдің Беларусь дағдарысын шешуде конструктивті рөл атқаруға мүмкіндігі болса, олар бұл мәселені реттеуге медиатор ретінде қатысар еді. Мысалы, Беларусь дағдарысын шешу бойынша жоғары деңгейде конференция ұйымдастырып, азаматтық қоғам мен режим арасында медиатор болар еді. Бірақ Беларусьте болып жатқан жағдай – мемлекеттің ішкі мәселесі. Бұл – режимге қарсы күрес. Оның геосаясатқа еш қатысы жоқ. Бірақ [Беларусьтегі] режим Кремль үшін де мәселеге айналып бара жатыр.

Беларусь президенті сайлауына түскен Светлана Тихановская сайлауалды науқаны кезінде. Борисов, Минск облысы, Беларусь. 23 шілде 2020 жыл.
Беларусь президенті сайлауына түскен Светлана Тихановская сайлауалды науқаны кезінде. Борисов, Минск облысы, Беларусь. 23 шілде 2020 жыл.

Ресейде біреумен келіссөз жүргізесіз бе?

– Бізде ресми байланыс болған жоқ. Бейресми байланыстар туралы айта алмаймыз.

Қазір күш құрылымдарының арасында Беларусь халқын қолдаушылар көп пе? Сіз үнемі мұның өте маңызды фактор екенін айтып келдіңіз. Бірақ ашық дереккөздерде мұндай ақпарат жоқ. Соңғы айда не өзгерді?

– Көп нәрсе өзгерді. Өзгермегені – бұл ақпараттың әлі де жабық күйінде қалып отырғаны. Бірақ инсайдерлік ақпарат көп. Бізде күш құрылымдары өкілдерімен тұрақты әріптестік орнатып жүрген BYPOL бар. Оларға азаптау туралы видео, ішкі ақпараттар және құжаттар жібереді. Әрине, адамдар осының бәрін құпия түрде жасайды. Бұл адамдарды ұстап алуы мүмкін дегеннен бәрі қорқады. Бірақ соған қарамастан, адамдар BYPOL-мен сөйлесіп, ақпарат беруді жалғастырып жатыр.

Номенклатурамен де солай. Сондықтан бұл – позитивті нәтижеге жетудегі маңызды факторлардың бірі.

Беларусьте наразылық акциялары өршіген тамыз айымен салыстырғанда қазір режимге қарсылықты құпия қолдаушылар артып келе ме?

– Ол кезде жағдай басқа болды. Біз адамдарды наразылық білдіру үшін күш құрылымдары мен мемлекеттік органдардағы жұмысынан кетуге шақырдық. Көбі сөзімізге құлақ асып, жұмыстан шығып, елден кетіп қалды. Қазір жағдай басқа. Бәрі өте құпия жасалып жатыр. Бірақ біз күш құрылымдарындағы көңіл-күйді білеміз: бәрі өте, өте нашар. Адамдар күш құрылымдарында жұмыс істеуден қорқады. Олар бір-біріне сенбейді, кімнің дос, кімнің жау екенін білмейді. Психологиялық тұрғыдан бұл олардың жұмыс сапасына қатты әсер етеді.

Кейінгі апталарда Еуропаның бірқатар елінде Беларусь оппозициясын қолдайтын митингтер өтіп келеді. Малага, 29 мамыр 2021 жыл.
Кейінгі апталарда Еуропаның бірқатар елінде Беларусь оппозициясын қолдайтын митингтер өтіп келеді. Малага, 29 мамыр 2021 жыл.

Болашақта күш құрылымдары өкілдерін билікке араластырмау туралы позицияңыз өзгерді ме?

— Бұл мәселе беларусьтер арасында талқылануы керек. Өйткені "осының бәрі бітсе екен" деп, өткенді кешіруге дайын отырған адамдар да бар. Бірақ мен сияқты халықтың басым бөлігі ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар әділ сотқа тартылуы керегін түсінеді.

Халықаралық саясат туралы сұрақ. Қазір бәрі Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Джо Байденнің келіссөзін күтіп отыр. Жеке өзіңіз келіссөз нәтижесінде Беларусьтегі жағдайды өзгертетін немесе оған ықпал ететін жаңалықтар болады деп күтесіз бе?

– Әрине, жаңалықтар күтеміз. Кездесуде не талқыланатынын нақты білмейміз, бірақ келіссөз барысында Беларусь мәселесі көтерілетіні анық.

Әлеуметтік желіде оқырмандарымыздан сізге "блиц" түрінде сұрақтар жіберуді сұрадық. Жүздеген сұрақ түсті, солардың ішінен он сауал қоямын. Беларусьте бейбіт революция өткізу мүмкін бе?

– Иә.

Беларусь жастарының елден кеткені дұрыс па?

– Жоқ.

Беларуське қашан және қандай шартпен ораласыз?

– Қазіргі революция үшін істейтін басқа ешнәрсе қалмаған кезде ораламын. Мейлі ол оң, мейлі теріс болсын.

Сол кезде, Орталық сайлау комиссиясында, сізді немен қорқытты?

– "Қалай қысым жасады?" деген дұрыс шығар. Балаларым.

Сіз Батыс елдерінің жобасысыз ба?

– Жоқ!

Шаршаған жоқсыз ба? Қиындықтарға мойымауға не көмектеседі?

– Шаршадым. Мына қатыгездікті, әділетсіздікті көруден, суицид, азаптау туралы қорқынышты жаңалықтар естуден шаршадым. Бірақ күресуден шаршаған жоқпын. Өйткені олардың зұлымдығы, қорлығы мен адамдарды азаптауы мені алға жылжуға мәжбүрлейді.

Бірінші президенттік жарлығыңыз не туралы болады?

– Беларусь Республикасы жаңа президентінің бірінші президенттік жарлығы қандай болатынын бәріміз бірге көреміз.

"Владимир Путин — бұл..." деген сөйлемді аяқтаңызшы.

– …Ресей Федерациясының президенті".

Қырым кімге тиесілі?

– Қырым Украинаға тиесілі.

Ата-анамызды мемлекеттік арналарды қарамауға қалай көндірсек болады?

– Компьютер сатып алып, теледидарды лақтырып жіберіңіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG