Accessibility links

Тәліптер Құндызды басып алды, Пентагон оларды диалогқа шақырды


Тәліптер Ауғанстан солтүстігіндегі стратегиялық маңызы бар Құндыз провинциясының орталығын басып алды.

Жергілікті билік өкілі BBC агенттігіне берген сұхбатында әуежайдан басқа қаланың барлық ауданы "Талибан" бақылауына өтті деп хабарлады. Қаланың түрлі ауданында өрт болып жатқаны туралы да ақпарат бар.

Кейбір шетел журналистері қақтығыс кезінде бейбіт тұрғындардың мерт болғанын айтты. Арасында әйелдер мен балалар да бар. Ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

CNN арнасы 8 тамызда Құндыз қаласының содырларға өткенін хабарлап, бұл мамыр айынан бері тәліптер басып алған ең маңызды орталық деді.

Тәліптер шабуылы үдеген шақта Пентагон қозғалысты "шын ниетпен диалог жүргізуге" шақырды.

8 тамызда АҚШ қорғаныс министрлігі Ауғанстандағы ахуал мен АҚШ миссиясы жөнінде мәлімдеме таратты.

АҚШ-тың Ауғанстандағы миссиясы бұрынғыша қала береді, яғни Джо Байден тапсырмасына сәйкес, Америка әскерін қауіпсіз әрі жоспарға сай алып кету делінген хабарламада. Дегенмен АҚШ қаржыландыру және техникалық қызмет көрсету бойынша ауған күштерін бұдан әрі қарай да қолдай бермек.

Вашингтон "Талибанның" адам құқығын өрескел бұзғаны жайлы (үкіметтік емес ұйымдардың ғимаратына басып кіру, азаматтарды тірі қалқан ретінде пайдалану және тағы басқа) көптеген хабарламаға күйзеліп отыр.

Пентагон қозғалысты шабуылды тоқтатып, қақтығысты келіссөз жолдарымен шешу үшін "шын ниетпен диалог жүргізуге" шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG